Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарлығаш ӘБДІРАХМАНОВА, Қызылорда қаласындағы №261 орта мектептің директоры: Мен үшін оқушы – қай кезде де оқушы

25.05.2023, 10:20 1026

Ұстаз мамандығы – бүгінгі күннің тренді һәм бренді. Кез келген адамның қолынан келе бермейтін салаға үкімет көңіл бөлуде. Соның арқасында жастар арасында мамандықтың абыройы үстем болуда. Десе де, балаға деген махаббат, ең бастысы, біреуге үйретуге деген құштарлық  болмаса, бәрі  бекер. Қысқасы, қазақ тарихында үлгі боларлықтай дүр тұлғалар Ахмет Байтұрсынұлы мен Ыбырай Алтынсариннің бойындағы қасиет қажет. Міне, соларға өмірлік кеңес беру мақсатында 2019 жылдан бастап С.Лапин атындағы №261 орта мектеп директоры қызметіндегі Қарлығаш Әбдірахмановамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Ол 2014 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тамамдаған. Облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, Ақпарат және әлеумет бөлімінің меңгерушісі, «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Білім саласында «Иіркөл» бастауыш мектебінің директоры, Қызылорда қаласы Қ.Қаракөзов атындағы №235 орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары  лауазымдарында  болды. Журналистік  пен  ұстаздықты қатар алып жүрген  Қарлығаш  Әбдірахманова «ұстаз жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың төресі десем қателеспеймін. Осы бір ұлағатты мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып, абырой мен бақыт тауып жатқан жандар шын бақытты  жандар деуге болады. Сондай  бақытты  жанның  бірімін» деп  ағынан  жарылды. Ендеше, айтары  бар  ұстаздың  өз  саласындағы  тыныс-тіршілігін қаузайық.

– Қайырлы күн, Қарлығаш Қуанқызы! Соңғы жылдары білім жүйесіндегі қандай өзге­рістерді байқадыңыз? Және қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

– Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетіс­тіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа техно­логияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп  атап  көрсетілген.

Біз Қазақстанды білім көкжиегінде өз орны бар, экономикасы дамыған және жоғары білікті мамандары бар мемлекет ретінде көргіміз келсе, онда еліміздің білім беру жүйе­сіне өзгеріс енгізу ең бірінші мәселе деп ойлаймын. Білім беру деңгейі экономикалық және ғылыми техникалық прогрестің бастау көзі ретінде мемлекет пен қоғамның табысты дамуына кепілдік береді. Сол себепті соңғы жылдардағы білім саласындағы реформаларға оң көз­қарастамын.

– Сіз өз мектебіңізде оқытудың қандай әдістерін  қолданасыз?

– Қазіргі үдемелі даму кезеңін­де «Адам – адам» жүйесі тікелей қоғам дамуы­на ықпал етеді, ал оған жауап беретін – білім беру жүйесі. Нақтылап айтатын болсам, қоғамды дамыту білім, ғылымның құзырында. Сонымен қатар, әр кезеңнің күн тәртібінен орын алған өзекті мәселелері, тіпті қай кезеңде болса да өзектілігін жоймайтын мәселелер бар. Қазіргі таңда өзекті мәселелер қатарында рухани жаңғыру, қоғамдық сананы өзгерту, цифрландыру, т.б. мәселелер тұр. Сондықтан осы бағыттарға басымдық таныта отырып, барынша инновациялық әдістерді дер кезінде енгізіп отыруды  басты талап етіп қоя­мын. Ең бастысы – сапалы  нәтиже!

– Мектептегі әлімжеттік, жасөспірімдер арасында жаппай төбелес жиілеп кетті. Оқу­шылардың ата-аналарымен  қалай  байланыс  жасайсыз?

– Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында буллингтің көптеп болып жат­қаны, әрине қоғамның өзекті мәселесінің біріне айналып отыр. Буллингтің  қазіргі күні бірнеше түрін жиі естіп жүрміз. Сөзбен, күшпен қорқыту. Көп жағдайда сөз арқылы әлімжеттік көрсетіп алып, соңы күшке ұласуы мүмкін. Бұл – жалпылама айтқанда, бір адамның екінші адамға үстемдік көрсетуі. Салдарынан топтық төбелеске ұласып жатқан жағдайлар да бар.

Осы орайда мен өзім бас­қарып отырған мекемеде оқушылардың ата-аналары­мен тығыз байланыста жұмыс істейміз. «Жанұядан – Жаңа ұяға» жобасы аясында ашық есік күндері ұйымдас­тырылып отырады. «Five minutes» жобасы аясында ата-аналар кез келген уақытта балаларының мектептегі жағдайымен толық таныса алады. Құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша танымдық түсіндірме жұмыстары тек мектеп оқушыларына ғана емес, ата-аналарына да жүйелі түрде түсіндіріліп отыр. «Ынтымақ» ата-аналар комитеті өз жұмысын барлық мектеп ата-аналарына таратып, бала тәрбиесі үшін жұмыла жұмыс істеудеміз.

– Өткендегі қазалылық мектеп оқушыларының төбелесін білетін боларсыз. Сол төбелес­тен кейін мектеп директоры қатаң сөгіс алды. Сондай-ақ тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан бостылды. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? «Мектеп тек білім береді» деп келіспегендер көп болды. «Мектеп тәрбие бермей ме?» деген тағы сұрақ  қойған бір тарап та бар. Осы жайында ойыңы­зды  бөліссеңіз.

– Жалпы, бала тәрбиесінде мектептің де, ата-ананың да өзіндік рөлі бар. Маңызды­лығы да бірдей. «Алтын ұя мектебім» деп әрбір оқушы қай уақытта болмасын білім алған ошағын құрметтеп, оған ерекше ықыласпен қарайды. Білім мен тәрбиені ұштастырып, әр балаға өз баласындай қараған ұстаздардан оқушылар ұқыптылықты, ұстамдылықты, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Яғни, мектеп – баланың екінші отбасы, ал ұстаз – екінші анасы екені даусыз. Осы орайда, ата-ана мен мұғалімнің бала тәрбие­сіндегі рөлі де екіге бөлін­беуі керек.  Ата-ана да, ұстаз да берер тәрбиесі мен өнегелі іс-әрекетін көрсете білуі тиіс. Әрбір ұстаз баланың білім алғанын, оның ең үлгілі бала болғанын қалайды. Ата-ана да, ұстаздар да күнделікті ең бірінші, балаға сырттан келген кісілерге дұрыс сәлемдесуді, мектептегі әрбір заттың құндылығын айтып, оның бүлінуіне жол бермеу керек­тігін  түсіндіруі керек. Қайткен күнде де ата-аналар бала тәрбиелеудегі жауапкершілікті мектепке ғана жүктеп қоймай, өз міндеттерінің бірі деп қарау керек  деген ұсыныс айт­қым  келеді.

– Оқушылар  мен  мұғалімдер арасындағы келіспеушіліктер болса, оны  қалай  шешесіз?

– Оқушылар мен ұстаздар арасындағы өзара қарым-қатынас жасау мәселесі тәлім-тәрбие барысында маңызды әрі күрделі мәселе­лердің бірі болып табылады. Кіші мектеп жасындағы бала­лар үшін мұғалім барлық бейнесімен ерекше із қалдырып, оларға күшті әсер ететін тұлға болып саналады. Ал жоғары сынып оқушылары мұғалімнің әрбір қимыл-қозғалысына, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзіне, оның ақыл-кеңесіне, басқа адамдармен қарым-қатынасына, шәкірттерге қоятын түрлі талаптарына өздерінше іштей сын көзімен қарайды. Қазіргі таңда оқушылар арасында үлкендердің айтқан сөздеріне құлақ аспау, айт­қанынан қайтпайтын мінез көріністерінде әрқилы кедергіні кездестіреміз. Мұның салдарынан түрлі келіспеушіліктер  туындайды.

Жалпы, оқушы мен мұға­лімнің  арасындағы түсініс­пеу­шілік, соның салдарынан болатын келіспеушіліктер неден туындайды? Бұл мәселе – оқу процесіндегі қарым-қатынаста негізгілердің бірі. Оқушылармен өзара түсіністікті анықтап алма­йынша, мұғалімнің  белгілі бір нәтижеге  қол жеткізуі екі­талай. Ең алдымен, оқушылар мен мұғалімдер арасында өзара келісімді қарым-қатынас орнатылуы қажет. Соны­мен қатар эмоциялық қарым-қатынас қалыптастыру керек. Оқушы мен мұғалім қарым-қатынасында эмоция­лық жағынан түсінісу жетпей жатады. Егер мұғалімнің көзінен оқушыға деген жаңашыр­лық пен мейірімділік сезіліп тұрса, қатал талапты да қабыл­дай алады. Сонымен қатар оқушыға тұрақты жылы сезім қалыптастыру оған достық және сүйіспеншілік сезімдеріне негізделген қарым-қатынас орнатуға ықпал жасау қажет. Өзіне жиі сенбейтін, қателіктерді жиі қайталайтын оқушы үшін ең тиімді әдіс – мадақтау және сенім білдіру. Мұндай оқушылар өзіндік бағасы төмен болғандықтан қатал талап етсе, мүлдем тұйықталып немесе дау-дамайға бейім болады. Дау-дамай баланың өзінің қабілетінен жоғары талап еткеннен болады. Мұндай оқушыларға өз қабілетіне қарай аз тапсырмадан бастау керек және оны аз болса да өз уәдесін орындағаны үшін мадақтаған жөн. Сенім білдіру оқушыларды жігерлендіре түседі, осы тәсілдер арқылы талап деңгейін де көтеруге болады. Қиын кезде оған сенім білдіру, қолдау көрсету тығырықтан шығуға көмектеседі. Мұғалім мұндай балалар үшін сыныптастарының, ата-анасының сенім білдіруін талап еткені  дұрыс  нәтиже  береді.

– Сіздің әлемжеліңізде шә­кірттеріңіздің жетістіктері­мен құттықтап, пост салып жат­қаныңызды жиі көреміз. Осы тұста, мектептің оқушыларының жетістіктерімен бөлі­се  кетсеңіз.

– «Халық пен халықты теңестіретін – білім» деп айт­қандай, білім бәсекесіне бе­йім шәкірт тәрбиелеу – біздің мақсатымыз. Сондықтан да тың жаңалықтардан қалмай, жаңалық жаршысы болуымыз керек. Бұл мақсаттарға жету үшін мұғалімнің ізденісі, жаңа тәжірибе, жаңа технологиялар қолдану қажеттілігі туын­дайды. Осы орайда, биылғы оқу жылында 1 республика­лық, 5 облыстық, 8 қала­лық ғылыми жобалар байқауының, 27 облыстық және қалалық пәндік олимпиада жеңімпаздары қоржынымыз­ды толықтырды. Онымен қоса қазіргі министрлік басым бағыт танытып отырған 4 жоба «Мектеп театры», «Мектеп Парламенті», «Оқуға құштар мектеп», «Ұшқыр ой алаңы» дебат жұмыстар бо­йынша да шәкірттеріміз облыс көлеміндегі сайыстарда ең үздіктер қатарынан  танылып  келеді.

Мен үшін оқушы – қай кезде де оқушы. Заман өзгер­генмен, оқушы деген ұғым ешқашан да өзгермейді. Оқу­шының дәрежесі үйдегі тәрбиеге, ата-анаға байланысты. Қаншалықты дәрежеде бала тәрбие алса, соншалықты дәрежеде ол ұстазды сыйлап, мектепті де, сабақты да ұғады, білім мен өнерге машық болады. Қай салада да «Үштік одақтың» байланысын басты назарға  қоямын.

– Биылғы түлектердің ҰБТ-ға  дайындығы  қалай?

– 2022-2023 оқу жылы бо­йынша мектебімізден 53 түлек түлеп ұшқалы тұр. Соның ішінде «Алтын белгіге» – 1,  «Үздік аттестатқа» 2 үміткер бар. Мектепте бітіруші түлектер үшін қосымша сабақтар ұйымдастырылған. Түлектер­дің күнделікті сабаққа, мектептен тыс қосымша дайын­дық орталықтарына және мектеп тарапынан ұйымдас­тырылып отырған қосымша сабақтарға қатысуы қарас­тырылған. Оқу жылының басынан мектебімізде тестке қатысатын оқушылармен жауап парақтарын толтыру жөнінде нұсқау­лықтар, пән мұғалімдері, ата-аналар және 11-сынып оқушыларымен ҰБТ жайында жиындар, семи­нар-кеңестер өткізілді. Жоспарға сәйкес ай сайын мектепішілік байқау сынақтары  алынып  отыр.

– Енді мектебіңіздегі жылыжайдың жайына келсек. Қандай  жемістер өсіп  жатыр?

– Мектеп жылыжайы 2021 жылы 20 ақпаннан бастап қолданысқа берілді. Жалпы көлемі – 200 шаршы метр, жылыжай сырты екіқабат кленкамен қапталған. Яғни ол ішіндегі ауа темпуратура­сын қалыпты ұстап тұру үшін керек. Кленка сырттан түскен күн сәулесін реттеп, өсімдіктерге керегін ғана жіберіп отыра­ды. Жарамдылық мерзімі – 4-5 жыл. Суару жүйе­сіне келетін болсақ, там­шылатып суару арқылы жүргі­зіледі. Арнайы жасалынған шлангалар арқылы су ішке жібе­ріліп, барлық жерге бірдей тамшылау арқылы суарылады.

Бүгінгі таңда оқушыларды еңбекке баулу, оларға көкөніс өсіру технологияларын үйрету мақсатында мектептің биология пәні кафедрасының оқытушылары өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өткен жылы бұл жылыжайда шалғам ерекшеленсе, биылғы оқу жылының жаңалығы – құлпынай мен қауын-қарбыз. Оқушылар көкөністің түрлерін күту дағдыларына, суару тәсілдеріне, түрлі минералдарға қатысты біліктілігін арттыруда. Одан бөлек, жылыжайда қияр, салат жапырағы, аскөк, көк жуа, ақжелкен, шалғам секілді көкөніс өсіп тұр. Мектеп оқушылары мен ұстаздары бұларды тамыз айының соңында еккен. Бүгінде істелген жұмыстары нәтиже беріп, алғашқы өз нәтижелерін көрсетуде.

Жалпы, жылыжайға жы­лына  екі рет көкөністер егіліп, өнімі жиналуда. Бірақ мұндағы мақсат – өнімнен пайда табу емес, оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру, еңбекке баулу, экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ету. Бұл оқушылардың мамандық таңдауына да әсер етеді. Экожүйе арқылы оқушылар табиғи, сапалы өнім алу үшін топырақтың құнарлылығын, су құрамын, табиғат бедерін зерттейді. Оны ғылыми жобаға айналдырып, проблемалық мәселелерді шешу жолдарын ұсынады.  Мектеп республикада жасыл мектеп жобасы бойынша  үздік  атанды.

ОБСЕ бағдарламасына сәйкес, ҚР Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «G-Global» жасыл экономика коалициясы өткізген «Жасыл кеңсе – 2022» республикалық конкурсында  топ  жарды.

Өткен оқу жылы мектеп жылыжайы брокколи егіп, жемісін жеп мақтанса, биылғы оқу жылының басты жаңалығы – лимон егуінде. Мектеп жылыжайына жаңа жеміс ағашы қосылды. Жылда ерекшеленетін жылы­жай жемістері биыл руталар тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағаш –  лимон ағашымен толықтырылды. Ерекше атап өтсек, Мейер сорты лимонының көшеті арнайы әкелініп, жылыжайға егу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда лимонның жаңа өркендері бастама көрсетті. Бұдан бөлек, жылыжай жаңа маусымда алоэ, құлпынай, қияр, қызанақпен және ерекше гүлдермен толықтырылды.

– Жақын арада қандай тың жаңа бағдарламалар мен жобаларды енгізуді жоспарлап отырсыз? Мектептің  тыныс-тіршілігін  айта  кетсеңіз.

– Оқу-ағарту министрлігі­нің тапсырмасы бойынша қазіргі таңда мектепте 4 жоба жұмыс істеуде. Атап айтатын болсақ, «Өркен» өзін-өзі басқару ұйымы, «Ғасыр алыптары» ұлттық пікірсайыс клубы, «Лапин шоу» оқушылар театры және «Оқуға құштар мектеп»  жобасы.

Негізгі бекітілген жобалар­дан бөлек, биылғы оқу жы­лында мектеп парламенті және мектеп белсенділерінің алқа отырысы шешіміне сәйкес  «Оқушылар менеджменті» және «Peer  learning» құрдастар оқуы жобасы енгізілді. Барлығының өзіндік жылдық жұмыстары бекітіліп, бөлініп, қазіргі кезде ауқымды жұмыс­тар атқаруда. Оқу жылының соңына орай мектебіміз сүйін­ші жаңалықпен толықтырыл­ды. Ол – жаңа жобамыз «EQUAL School», яғни тең мектеп жобасы. Қазіргі таңда «Дара» қоры және «Марс Қазақстан» демеу­шілігімен бірлесе арнайы білімді қажет ететін балаларға арналған жоба өз жұмысын бастады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан 

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: