Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керек – депутат

05.05.2023, 11:44 433

HALYQLINE.KZ Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Үкімет банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керек дейді. Депутаттық сауалында Үкімет пен Бас прокуратураға  нақты ұсынысын айтты.

Депутат банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керек деп есептейді. Атап өткеніндей, банктерге кепілге қойылған ауылшаруашылық жерлерді қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауылшаруашылық жерлерді кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білуі қажет.

– Халыққа жайылымды жерлерді қайтарсақ, банктерді ауыздықтау керек. 30 жылда неше рет банктерді кұтқардық? Халықтың қазынасыдағы ақша арқылы Тимур Құлыбаевтың, Әділбек Жақсыбековтың және басқа да олигархтар мен жоғары шенділердің банктерін құтқаруды қашан доғарамыз?

Бас прокуратураның ақпараты бойынша екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде көлемі 2 млн гектар 3,9 мың ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер жатыр. Оны банктер және каржы ұйымдары өздері пайдаланбайды және сол жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға асықпайды. Осы банктерде кепілге қойылған, камауда жатқан 2 млн гектар жердің ішінде үлестік ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер бар екендігін халық біле ме? – деп айтты Бақытжан Базарбек депутаттық сауалында.

Оның айтуына қарағанда, заңсыз, жемқор әкімдердің кесірінен пайлары, яғни, шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып, ақиқат іздеу жолында пайларын қайтару үшін соттасып әлек болып жүр. Соттар талап-арыздың көпшілігін қараусыз қалдырады не болмаса талаптың ескіру мерзімін қолданып, үлескерлердің жерлерін банкке кепілге кою туралы келісім-шарттарын бұзу туралы талап-арыздарын қанағаттандырусыз қалдырады.

– Нақты қадам жасаудың уақыты келді. Нақты жер реформасын бастап, екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігіндегі жерлерге қамқор болуымыз қажет. Бұл да халықтың жері екендігін ұмытпауымыз қажет, – дейді  депутат.

Депутат Үкімет пен Бас прокуратура бірлесіп шешуге мына мәселелерді ұсынды:

  •   2025 жылға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жариялап, шартты жер үлесінен тұратын және банктерде кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдау керек. Үлескерлерге еркін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өзге шаруашылық ұйымдардан шығудың заңды мүмкіндігін қарастыру керек.
  •   коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 млн гектар көлеміндегі жерлерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94 бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды қамтамасыз етуіміз қажет.
  •  азаматтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші денгейлі банктерде және қаржы ұйымдарында кепілге қоюға мораторий енгізу.

Бақытжан Базарбек көптеген арызданушы адамдардың жерлерін қайтаруға көмек берген білікті заңгер. Ол сайлауалды бағдарламасында парламантте осы жер мәселелерін көтеріп, тиімді ұсыныстарын жүзеге асыруға кұш салатынын айтқан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: