Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдың ардақ тұтқан бір ағасы

03.05.2023, 10:00 614

«Жақсы ел ағасыз болмайды, жақсы тон жағасыз болмайды» дейтін данагөй халқымыздың керемет сөзі бар. Елдің төрт құбыласын түгендеп, байырқалы ел қылатын, елді айрандай ұйытып, байыпты халық қылатын, оның дара да дана көшбасшысы болатын – зиялы аға, текті абыздары. Зиялылық қанында бар жайсаң жанды ағалардың қашанда шуағы жұртына мол болады. Сондай ағаларды құрмет тұтып өстік, үлгі көрдік, олардан өнеге үйрендік. Жақсылар жүрген дара жол өзгелерге айдау соқпақ болады, ұлы даңғылдың өзгелер қадам басып жүретін бастауы болады.

«Айдынды Арал өңірінде бүгінгі таңда ел-халық арқа сүйер, ардақты ағаларыңнан кімдер бар?» дегенде, әрине, біздің аузымызға ең әуелі оралатындардың бірегейі – тұрпаты бөлек, тұлғалы азамат Қуанышбай Ердіхалықов. Сірә, бұл кісіні Арал, Сыр өңіріне әспеттеп, таныстырып жатудың өзі артық болар. Халықтың бел ортасынан шығып, ондаған жылдан бері озық ойлы қатарлас, замандастарымен иықтаса жүріп, игілікті оң істерімен айрықша көзге көрініп келеді. Жұрт қазір тұрлаулы тұлға деп танып, қарымды қайраткер деп біліп, барынша қадірлейді.

Сондықтан да Қуанышбай ағаны біреулер өзінің төл саласы энергетиканың аймағымыздағы қыран қанатты саңлағы деп біледі. Енді біреулер ұзақ жылдар ел-жұрттың аманатын абыроймен арқалаған ақиқатшыл депутат деп біледі, енді біреулер қысылғанға қамқор болған, жаны жаралыны жұбатқан, қайыр-қомы мол азамат деп біледі, ал ұлы теңіздің бір қойнауы Көкаралдың тумалары оны туған жердің шын жанашыры, атажұрттың бүкіл өткенін шегелеп жазған, жоғалмастай қылып хаттаған атамекеннің біртуар перзенті деп біледі, ал жастар жағы оны айтары мол ақылман ақылшы, өнер додалары мен спортта байрақ көтеріп, аудан намысын қорғауға талап қылып талпынғандарды демеуші меценат деп біледі.

Жай-күйі жақсы, дөңгеленген дәулеті бар, бақуатты адамдар баршылық қой. Ал солардың бәрі көңілі жарым жандарға, әсіресе көзі жәудіреген балаларға қолындағы барынан беріп жатыр дей алмаспыз. Ал біздің Қуанышбай аға өмірдің сынақ-талқысына ерте түскен сондай бүлдіршіндерге қай-қай уақыттан бері қамқор қолын дер уақытында, дер кезінде созып, жүрегінен шыққан шуақты да жылы сөзін айтып келеді.

Осыдан он шақты жыл бұрын қаламыздағы №262 мектеп-гимназияда тұрмысы төмен отбасынан шыққан және мүгедек балаларға қайырымдылық акциясын жасады. Сол акцияда өзінің атымтай жомарттығымен көрінген бұл кісі олардың және ата-аналарының қаяулы жүзінде қуанышты күлкі табы білінгеніне өзін бақытты сезініп тұрған. Сірә, жақсылық жасау, өзгеге шарапатын тигізу сонау ататектен келе жатқан жанының жарық шамын жарқыратып жаққан бір жаратылыс-болмысы болар.

Сол іс-шараны ұйымдастырушы ұстаздар мен оқушылар акция соңында Қуанышбай ағаға дән ризашылығын өлеңмен жеткізгені есімізде. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, әлгі іс-шарада барша қатысушыны риза қылған осы бір өлең жолдары біздің есімізде әлі күнге дейін сақталып, жатталып қалып қойыпты.

Халқы үшін ашық оның жүрегі,

Мейірім шашып ұрпағына жүреді.

Ел тұтқасы Қуанышбай ағамыз –

Көкаралдың қыран қанат түлегі.

Адалдықтың арлы жолын таңдаған,

Ана-жұртқа ақ ниетін арнаған.

Арқасында Қуанышбай ағаның

Жас өрендер арманына самғаған.

Аға салған парасатты жолдамыз,

Кеңейеді білімменен арнамыз.

Жүзге жетіп, ақсақал боп, нар аға,

Мұзбалақтай ешқашан да талмаңыз.

Жомарт жүрек Қуанышбай ағамыз,

Біздер үшін қымбат сіздің бағаңыз.

Атымтайдай атағыңыз жер жарып,

Айта берсін сіз туралы ел аңыз, – деп бәрі қосыла өлеңдетіп, соңынан «Рақмет, Аға! Рақмет, Аға!» деп асқақтата, рухтата аяқтаған.

Жас ұрпаққа жүрегі де, қолы да ашық екендігін толассыз көрсеткен Қуанышбай аға осындай қайырымдылықтарын одан әрі де, одан бері де ұдайы жалғастыра көрсетіп, үлкен-кішінің, ұстаздар мен оқушылардың риясыз алғысын алып келе жатыр.

Қуанышбай ағаның өмір жолы тап болған, ұшырасқан қиындықтар мен кедергілерді жойып, алға ұмытылудан тұрады екен. Әйтпесе ол жүрген жол тақтайдай тегіс болған жоқ. Бүгінде қарап отырсақ, оның ғибратқа толы өмірінің жасампаздықпен сәулеттенген негізгі бағдаршысы да, жаңа істерге леп беретін бастаушысы да өзі болды.

Ол 1943 жылдың мамыражай мамырында айдын шалқар ұлы теңіздің батыс қойнауындағы ғажайып өңір Көкарал елді мекенінде өмірге келген. Бұл ауыл ол кезде «Ленин» колхозы деп аталатын. Асау толқынмен арпалысып, су маржанын сүзген нар кеуделі балықшылар ауылы еді. Жарықтық әкесі Ердіхалық қайратты әрі көзі ашық, көкірегі ояу кісі-тін. Қияндағы түкпірден қалаға келіп, балық тресінің оқу бөлімінен білім алған. Ауылда алғаш боп мектеп ашылғанда, сонда бала оқытқан. Одан кейінгі жылдары осы балықты өңірді түлету, заман талабына сай өндірісін жолға қою, жан-жақты дамыту үшін бір кісідей-ақ маңдай терін төккен. Сөйтіп колхоз құрылысының бір ардагері атанды. Бірнеше мемлекеттік марапат да алды. Ердіхалықтай айбарлы әке мен асыл ана Зейнегүл тәрбиелеп өсірген алты баланың бірі Қуанышбай аға «Әке көрген оқ жонар» деп өмір бойы елдің жүгін ер болып арқалап келе жатса, ол халқы сүйген ардақты әкенің жолын жалғастырғаны еді. Әрине, Қуанышбай ағаның бірге туған бауырлары Шыман, Сайын, Биболаттар да  аяғын  үзеңгіге салғалы әртүрлі салада жарқырап көрінген өз мамандықтарының  елге  танылған  үздігі  болды. Ең бастысы, қай-қайсысы да «Болсаң Ерекеңнің  балаларындай бол!» деген ел аузындағы мақтау сөздің тууына себеп болды. Жақсы әулеттегі жақсы дәстүр жалғасын табады ғой, қазір келесі буын ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде еселі  еңбек  етіп, бақ жұлдыздарын  жағып  жүр.

Иә, Қуанышбай аға әуелі ауылдағы мектептің бар сыныптарын тауысып, одан соң №22 Ауан орта мектебінде оқып, 1960 жылы тамамдаған. Мұнан соң туған жерден ұзап Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Арал қаласындағы ауылшаруашылық кәсіптік училищесін, кейін Алматы энергоқұрылыс техникумын бітірген. Алғашқы еңбек жолын ең қарапайым мамандықта тракторшы, электрик болып бастаған. Өмір ағысы, жүрек қалауы Қуанышбай Ердіхалықұлын тұлға ретінде қалыптастырған сала – энергетикаға әкелді. 1970 жылдан бастап Арал аудандық электржүйесі мекемесінде диспетчер, мастер, инженер, бастықтың орынбасары секілді басқыштармен жоғары өрлете бастады. Жауапкершілігі өте мол салада бірте-бірте сатылай өсуі оның іскерлігін, техникалық білімінің тереңдігін, дұрыс шешім қабылдау қабілетін даралады. Сөйтіп Қызылорда облысы энергетиктері арасында бай тәжірибеге ие белді маманға айналдырды.

Еліміз тәуелсіздік алып, қай-қай салада да өзгерістер бола бастағаны секілді, жұртшылықты жарықпен қамтамасыз етуге, энергетикада да жаңа жүйелер, нарықтық заманға бейімделу, уақыт сұранысына сай болу кезек күттірмеді. Осы тұста Қуанышбай Ердіхалықов басшылық  қызметке жоғарылатылды, сенім  танытылды. 1995 жылдан бастап аудандық электр энергиясымен жабдықтау мекемесінің бастығы, 1998 жылдан Арал, Қазалы аудандарын жабдықтайтын «Дәулетэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметтерін атқарып, тек таяу айларда ғана басшылық қызметін өзі тәрбиелеген, өндірістік шыңдаудан өткізген кейінгі буындарға табыстап, марқайған көңілмен еңбек демалысына кетті. Өйткені, осы мекеменің әп дегеннен іргетасын қалап, керегесін кеңейткен,  шаңырағын  биіктеткен  өзі  еді.

«Бейнеттің де зейнеті бар» дегендей, жарты ғасырдан астам еңбек жолын жүріп өткен азамат ендігі кезекті ақылман абыздыққа, ел-жұрттың алдындағы аталыққа орын ауыстырғандай. Талай-талай белгілі азаматтар, ел таныған ерен тұлғалармен істес, дәмдес, сыйлас болып жүріп, қаншама өмір ғибратын жинап, енді соны кейінгі буынға жеткізетіндей шаққа жетті.

Біздің  алдыңғы  буынның  белгілі азаматтарының айтарлықтай бір  ерекшелігі – жан-жақты білімділігі, екі тілге бірдей жүйріктігі, тарихты да, басқаны да көп оқитындықтары, сондай-ақ өнер мен мәдениетке дендеп, көркем әдебиетті бойларына терең сіңірген рухани бай, рухты жандар болды. Солардың бір үлкен өкілі осы Қуанышбай аға деп айтар едік. Ұзақ жылдар бойы көз жанары ауырып, қиналып жүрсе де, бұл кісінің небір кітапты ақтара талдап, ой түйіп отыратындығы білінетін.

Кейінгі  жылдар  бедерінде  ағаның  қызметтік кабинетіне бас сұғып тұрдым. Бір  аңдағаным – жұмыс  үстелінің  бір бұрышында  үнемі  ондаған  кітаптың  жиналып тұратындығы. Және газет тігінділерінің жататындығы. Сөйлегенде де әр кітап туралы пікірін айтып, данагөйлердің ұлағатты сөздерін мысалға келтіріп, тамсанып отыратын. Ара-арасында: «Сен мынандай кітапты оқыдың ба? Оқымасаң, оқы, керемет» дейтін. Сол көп оқығандығынан, көп ізденгендігінен болар қолына қалам алып, «Құтты шаңырақ», «Дүйсем аталығының шежіресі» кітаптарын жазып, баспадан шығарды. Ал, жазу қабілетінің бір үлкен айғағы 2020 жылы жарық көрген «Тарихы кенен Көкарал» кітабы болды. Бұл тарихи-ғұмырнамалық жинақ – ата-бабаларына жайлы қоныс болған атамекенге деген мәңгілік әрі сарқылмас сағынышынан туған кітап. Жүрек пен санадағы сартап сағыныш ешқашан тарқамас, өйткені Қуанышбай аға жағасында өскен баяғы ұлы Арал теңізі көз алдында тартылып, туған ауылы Көкарал айналдырған 20-30 жылда жер бетінен біржолата жойылып кетті. Кешегі балықшылар амалсыз жан-жаққа жамырай көшті. Туған жерде ауылдың көне жұрты мен ата-баба бейіттері қалқиып қалды. Осының бәрін көзбен көрген, көңілден өткерген арда азамат географиялық картадан жойылған ауылын санасында қайта жаңғыртып, аталмыш кітапты жазуға итермелеген. Бір жағы ол перзенттік мұраты да болған шығар. Сөйтіп кешегі қауым елдің жан-жаққа тараған ұрпақтарына ескірмес естеліктер қалдырды. Біздің бақытымызға қарай, Қуанышбай аға осы кітапты «Арал әлемі» газетінің редакциясында бір жобаға келтірді. Содан да кітаптың ақырғы жазылып шығуы көз алдымызда болды. Кей жерлеріне  журналист  ретінде  азды-көпті септігімізді  тигіздік. Осы  жерде  Қуанышбай ағаның қаламгерлік жұмысымен етене таныстық.

Нешеме жылдардан бері жинаған материалдары қомақты-ақ екен. Және де аудандық архивті ақтарып, өткен күндердің айғақтарын түгендеген. Ұлы Отан соғысына аттанғандардың, майдан даласында ерлікпен қаза тапқандардың бірін қалдырмай анықтап шыққан. Көкарал маңының жер-су аттарының өзі неге тұрады? Өткен тарихтың куәсіндей болған құтты қойнаудың әр сайы, әр төбесі, әр қорымы аталып, бәріне де сипаттама беріп отырады. Балықшылық кәсіптің, оған қатысты құрал-жабдықтардың, балық аулаудың барша қыр-сырын мұқият ашып көрсетеді. Кітаптың бұл жағынан танымдық мәні өте зор боп шықты. Жалпы, соңғы жылдары өңірімізде шығып жатқан айдынды өлкеміз туралы кітаптардың ішіндегі ең мазмұндысы, ең үздігі екендігін оқыған адам мойындайды. Қазір теңіз жағалауындағы басқа да жойылған ауылдардың бұрынғы тұрғындары өз атақоныстары туралы осындай кітап жазуды армандап жүр.

Таңнан кешке дейін өзінің қарбаласы көп жұмысында жүрсе де, жұмыстан соң әрбір айғақты мұқият зерделеп, зерттеп дәлдеу үшін сағаттап тапжылмай отырып қағаз жазатын. Ерінбейді де жалықпайды. Сөйтіп кештің батып кеткенін де байқамай, жазуы түгелденгенше отыра беретін. Мұндай еңбекқорлығы бізді де тәнті етті. Сірә, аға қызметтегі биіктеріне осындай қажымас күш-қайратының, дамылдау дегенді білмес жұмыскерлігінің арқасында жеткен болар. Ақыры 240 беттік энциклопедиялық сипаттағы кітапты оқырмандардың қолына өте сапалы етіп тигізді.

Туған жерінің алдындағы тағы бір атқарған ісі – киелі қонысы Көкаралдағы жұртына биіктігі 2 метр, ені 70 сантиметрлік қызыл граниттен ескерткіш қоюы. Ескерткішке ауылдың қысқаша тарихын ойып жаздырды. Айналасын бетондап, темір қоршаумен қоршатты. Гранит тақтаның астыңғы жағына көрнекті етіп «Туған жердің қайта түлейтініне сенеміз» деп жаздырды. Бұл асыл ағаның жүрегіндегі ұлы арманы екендігін білеміз. Сол арманы орындалғай, көк теңіз қайта шалқып, Көкаралдың қойнауына су келсе екен.

Еңбек елеусіз қалу мүмкін емес қой. Ел құрметіне бөленген Қуанышбай ағаның марапаттарының өзі бір төбе. Ол – Қазақстан Республикасының  Еңбек  сіңірген  энергетигі. Ол – Арал  ауданының  құрметті  азаматы. Бірнеше  мемлекеттік  медальдің  иесі.  Халық сеніміне  қалтықсыз  ие  болып,  Арал  аудандық мәслихатының  екі  шақырылымының  депутаты  болып  сайланған.

Асыл жары Патшайым екеуі алтын асықтай алты бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олар бір-бір шаңырақ болып, Ердіхалықовтар әулетінің ауқымын көбейтіп отыр.

Міне, енді биыл мамыр айында Қуанышбай Ердіхалықұлы 80 жастың сеңгіріне көтерілмек. Оның әр жылы өмірдегі өз орнын нықтай, адамдар арасында өзінің адами алып қасиеттерін жарқырата көрсету болып келе жатқаны шындық. Ол уақытын бір сәт те бостан-босқа, жайдан-жай өткізіп көрмеген. Біз соны білдік, соны таныдық.

Біздің жақында жарық көрген «Аралдың адамдары» деген кітабымыз бар. Айдынды өңірдің белгілі-белгілі айтулы, арда азаматтары туралы қарапайым өлеңдерден тұрады. Сол поэзиялық кітапта Қуанышбай Ердіхалықовтың біз таныған болмыс-бітімін өзімізше өрнектеуге арналған өлең шумақтары бар.

Жігіт екен баталы,

Өзгемен жоқ шатағы,

Жарқыратып жарықты,

Шықты елге атағы.

Халық қамын ойлапты,

Талант көрсе жайнатты.

Қай кезде де Қуекең,

Тура жолдан таймапты.

Әрбір ісін сай қыпты,

Мекемесін «бай» қыпты.

Қуекеңе бұл күнде

Жетер екен қай мықты?!

Иә, бұл өлеңнің де ел мақтанышына айналған абыройлы азамат, Аралдың бір ардақтысы Қуанышбай Ердіхалықовқа арналғанына он шақты жылдың жүзі болған екен. Сол біз айтқан ерен мықтылық оның өмір бойғы жолдан тайдырмас серігі, жаңылдырмас жолдасы болды. Сол мықтылық оны мұрат еткен биіктеріне шығартты, еркін самғатты. Сондықтан да біз де, басқалар да мықтының аты мықты ғой деп әрдайым тамсаныс білдіреміз…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: