Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бесік төбе

24.04.2023, 8:40 877

HALYQLINE.KZ

1966 жылдың күз айы болатын. «Қазалы» қой совхозындағы мектеп-интернаттағы бір бөлмеде жатып оқитын Оразхан есімді досым бар-ды. Бір күні Оразхан: «Біздің үй «Қарақұла» деген жерге жақын күздеуде отыр. Алдымыз демалыс, қой ауылға барып келейік» деді. Мен қуана қоштадым. «Байқожа» бекетінен пойызға мініп, «Майлыбастан» түстік те «Қарақұлаға» қарай түс қайта жаяу тарттық. «Қойшы ауылмен Майлыбастың екі ортасы 25 шақырымдай болады ғой» деп қояды Оразхан досым. Бір-бірінен айнымайтын қоян сүйекті, дүзгінді, жусанды , жүріп келеміз, жүріп келеміз. Майлыбастан 10-11 шақырымдай шамасына келгенде жусан аралас өскен дүзгін төбенің басына үйілген қу дүзгін, оның үстінде ағаш бесік жатыр. Кәдімгі жас баланы бөлейтін ағаш бесік.

Екеуміз де жетінші сыныпта оқитынбызәрі ауылдың баласымыз. Өзімізше әжік-гүжік әңгіменің басын шаламыз. Біріміздің айтқанымызды мұқият тыңдаймыз. Менің таңырқап тұрғанымды сезген серген зерек досым Оразхан сөз бастады.

«Осыдан бес-алты жыл бұрын осы жерде жаз айында Сералы деген шопан жайлады. Түскі уақыт болса керек Сералының төрт жастағы, екіншісі аяғын енді апыл-тапыл басып жүрген  екі жасар балалары болатын. Жаздың аптапты күндерінің бірінде өрістегі отарын арнайы келетін «водовоз» машинасымен суғарып, Сералы жуынып шайға отырады. Екі баласы күнделікті әдеттерінше ойнап жүреді. Кенеттен кіші баласының қатты жылаған дауысы шығады, үйге жүгіріп келген төрт жастағы ұлы:

– Көке Беріктің тасағын бірдеңе жеп жатыр, – дейді.

Сералы шопан баласына еріп барса, дүзгіннің түбінде баласы қалшылдап, дірілдеп әрі талтайып тұр. Қара шұбар жыланның басы баланың шабына қадалып және санын орап алған. Бауыр еті баласы үшін әке байғұс неден тайсалсын, жыланды қолымен үстап алып жерге атып ұрып, аяғымен тепкілей береді. Қанша тепкілегені белгісіз, жылан болса, аузынан қаны атқылап бұлқынып жатады. Баласын көтеріп үйіне кіргізеді. Су таситын жүргізуші Ақтілеу де жылдамдатып машинасына от алдыртады. Бірақ 2-3 шақырым жүрген соң, бала күп болып ісініп, жан тапсырады. Жылап-еңіреген ата-ана жаз жайлайтын жайлауымыз ғой деп, осы төбеге жерлейді. Бұл жерді «Бесік төбе» деп оны жақсы білетіндер, әсіресе қой баққан шаруалар ғана атайды». 

Кім біледі? Бейкүнә сәби жатқан жыланды қолымен ұстады ма немесе аяғымен басып кетті ме? Әлде жылан деп аталатын аты да, түсі де суық пәтшағарлар жыландығына барып ештеңеден де бейхабар сәбидің қанын тояттамақшы болды ма? Ол жағы бір Аллаға мәлім.

2006 жылдың күзінде, яғни арада 40 жыл өткен соң, сол маңайдағы мал бағып отырған бауырымның жайлауына бардым. Атқа мініп мал жайып жүрген соң «Бесік төбені» іздедім, 3-4 күннен соң таптым. Басына үйілген дүзгін де, бесік те әбден қураған, жер бетіне желмен шашылып жатыр. Оларды жинастырып, бір жерге бейкүнә сәбидің қабірі үстіне үйіп болғасын дұғамды оқыдым. Екі жыл ғана ғұмыр кешкен бейкүнә сәбидің аянышты тағдырымен аты да, түсі де суық жыланның жауыздығы санамда сандаған жылдар өтсе де, Оразхан дасымның айтқаны есімде сақталып келеді.

«Бесік төбенің» қысқаша тарихы осындай.

Беганыш Жақсыбаев,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Жанқожа батыр атындағы бас мешіттің баспасөз хатшысы.

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: