Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елдің дамуы су ресурсының қолжетімділігімен өлшенеді

20.04.2023, 11:40 382

Бірде ырқ-жырқ етіп, өзі айтып, өзі күлетін бір жайдарманшының сұхбатын ойда-жоқта қара­дым. Ол өз сөзінде еліміздегі су тапшылығы тура­сында пікірін ашық айтып, суды үнемдеу үшін барынша тырысып жүргенін жеткізді. «Азанда тұрып бетіміз бен қолымызды жуу үшін қаншама су кетеді, сіз соны білесіз бе?» деген мағынада көпшілікке сұрақ ғана қоймай, ой да тастайды. Иә, видеода естір құлаққа есті сөз айтылады. Шынында,  әлемде су үшін  соғыс  басталғалы қашан?!

Негізі, тұтынушылар санасына суды үнемдеп қолдану  мәдениетін  сіңіру – өте маңызды. Мысалы, Африкадағы Мали елінің тұрғындары тәулігіне тек 2-3 литр су  қолданады. Бұл жуынып-шайынып, ауызсу ретінде пайдаланатын мөлшері  екен. Осы орайда, ондағы судың сапасына бөлек  бір  тақырып арнауға тұрарлық. Ал біздің елдің тұрғындары тәулігіне 150-200 литрге дейін су шығындайтын  көрінеді. Қарапайым монша­ның  өзіне  небәрі  600-1000  теңге төлеп, 1-2 сағат суға олай да бұлай түсуге болады. Су тари­фінің  бағасы арзан екен деп, оңды-солды ысырап ету – үлкен қателік. Жалпы, су тапшылығы бізде бар, ол жыл өткен сайын қиындай түсетіні анық. Ауызсудың да, аяқ судың да жағдайы – осы. Су тапшылығын тудырмаудың жолын іздеу маңызды. Суды үнемдеудің мәдениетін қалыптастыру да – күн  тәртібіндегі  мәселе.

– Уақыт өтіп, су тапшылығы сезіліп келеді. Суды әзірге сатып алып отырмыз. Қырғыздан, тәжіктен, өзбектен. Тапшылық бар, бірақ қатты емес. Алдағы 5-10 жылда  ол тапшылық артады. Сонда  біздің  қазіргі  айтып жүрген «доспыз,  түркіміз, көршіміз» сөздері екінші «планға» сырғып, су мәселесін өткір шешіп алу қажеттілігі туын­дайтын сияқты. Өйткені су – өмір, су – экономика, су – ауыл  шаруашылығы,  су – мал, су – егін, су – өсу. Еріксіз сол сәтте майда дипломатия жүрмесе, шекара жабу, қысым көрсету әрекеттері алға шығып кете ме деп сескенемін. Мәжбүрліктен, – деген еді осыдан 2 жыл бұрын саясаттанушы  Асхат  Қасенғали.

Алдағы уақытта суды үнемді пайдалану басты орынға шығады. Негізі осы кезде-ақ солай болуы тиіс. Бірақ, біз істің байыбына, судың бағасына жете алмай отыр­мыз. Еліміздегі су тапшылығы көпті ойландырады дей алмаймыз. Дей тұрғанымен, дабыл қағып жатқандар  да  жоқ  емес.

Жақында ғана әлеуметтік желіде сенатор Руслан Рүстемұлы сала мамандарымен, ғалымдармен бірге арнайы бағдарламаға қатысып, Сырдағы су тапшылығы, оның шешілу жолдары және келешекте қабылданатын Су Кодексінде қамтылуы тиісті мәселелер төңі­регінде өз пікірін білдіргенін айтты. Әрине, мұнда тек Қызыл­ордадағы су тапшылығы көтерілді деуге келмейді. Себебі, сенатор Сырдарияны мысалға ала отырып, өзге аймақтарды да нысанаға алып  өтті.

«…Сырдария өзенінің жағ­дайын қысқаша шолайық. Ішкі нарықты Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары мақта, жеміс-жидек пен бақша дақылының жартысына жуығымен қамтып, Қызылорда облысы күріштің 90%-ын өндіріп отыр десек, мұның бәрі Сырдың ырысы  екендігі  анық.

Бастауын Қырғызстаннан алатын Сырдария өзені Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтіп, шы­ғыс­тан батысқа қарай екпіндей ағып, Аралдан ентігін басады. Бұрындары осындай еді. Иә, сырбаз Сырдың суы Аралдың толқындарымен қауышып, теңіз жағалаған жұрттың қуанышы болатын. Өкінішке қарай, қазір Арал теңізі мен Арал қаласының арасы құмды төбелерге айналып, «Үлкен Аралдан» біржолата айырылып қалдық. Ендігі міндет – «Кіші Аралды» сақ­тап қалу» деп жазады сенатор әлеуметтік  желідегі  парақша­сында.

Ал, саясаттанушы Асхат Қасенғали суға қатысты көрші мемлекеттермен ұзақмерзімді келіссөздер жасау керектігін сөз етеді.

«…Қай елмен алып қарасақ та жағдай біздің пайдамызда емес. Біз су тапшылығын тартатын бола­мыз. Оның соңы – қуаңшылық, тапшылық, жоқшылық. Сондықтан қазірден бастап ірі жобаларды іске асырған дұрыс болар. Ыңғайы келсе көршілес елдермен ұзақмерзімді келісімдер жасап алуымыз керек. Жалпы, әлемде су үшін соғыстар жақындап қалды, алды басталып та кетті. Ол дипломатиялық, экономикалық, саяси, әскери соғыс сипатында өтеді. Қазақ соған дайын ба?!», – деді ол.

Сыр бойында жергілікті атқарушы органдар су тапшылығын азайту бағытында ауқымды шара­лар жүргізуде. Су нысандарын құжаттандыру жұмыстары атқарылған. Сондай-ақ, облыста суар­малы жерлерді қалпына келтіру мақсатында 3 жоба әзірленген. Әзірге оның біреуі (ПУИД-2) іске асырылып  жатыр.

– Сыр өңірі аграрлық өңір болғандықтан, басты дақыл күрішті өсіруге және экспортқа шығаруға жете мән береміз. Облыстың ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке бейімделген.

Президентіміз дер кезінде Сыр­дария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті көлемде су бөлінуіне жағдай жасады. Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлініп, каналдар тазаланып, гидротехникалық нысандар жөндеуден өткізілді және 156 дана насос қондырғысы алынып, 52 ұңғыма бұрғыланды. Ирригация жүйелерінің техникалық жағдайын  жақсарту, жерді тегістеу арқылы су пайдалану мөлшерін азайту жұмыс­тары жүргізілді, – деген бола­тын өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев  өткен  жылдың соңында.

Иә, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауы­мен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабылданды. Президентіміз аталған күрделі мәселені саясиландыруға жол бермей, Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті көлемдегі судың бөлінуіне жағдай жасады. Ал трансшекаралық өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пайдалануды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауап­кершілігі.

Сенатор Руслан Рүстемов «Сыр­дағы су тапшылығының шешімі қандай?» атты жазбасын былай  қорытындылайды.

«…Қысқасы,  келешекте ке­мел­ді елге айналудың бір ғана жолы бар. Ол су ресурстарымен өлше­неді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі  тұрақты  дамуы бағдарламасын қабылдап, онда сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты көрсеткіш деп таразылады. Еліміздің жалпы ішкі өніміне жұмсалатын су шығыны мөлшерін төмендету де – кезек күттірмес мәселе. Яғни, таяу болашақта елдің дамуында су ресурс­тарының қолжетімділігі бірінші орынға  шығады».

Дәл осы түйінге алып-қосарымыз жоқ. Су – тіршілік көзі. Ал, тіршілік көзі сарқылса, қат болса, басқасын ойлаудың өзі қорқынышты. Ауызсудың сапасы нашарлап, аяқ су қолжетімді болмай барады. Қайтпек керек? Суды үнемдеу де маңызды, су тапшылығын болдырмау үшін нақты әрі жедел шешімдер  қабылдануы да тиіс.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Сіз  не  дейсіз?

Жорабек  ЕРНАЗАРОВ,

«Қазсушар»  РМК  Қызылорда  облыстық  филиалы

директорының  орынбасары:

СУДЫҢ  МӘСЕЛЕСІ  АЙМАҚ  ҮШІН  ӨТЕ  ӨЗЕКТІ

– Су тапшылығында табиғатымызды сақтап қалу үшін облысымызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Судың мәселесі аймақ үшін өте өзекті. Судың келуі, оны сақтап қалу мен тиімді пайдалану – негізгі жұмыстар. Сондықтан, облыс бойынша жыл сайын 1,200  млрд  м3 су бөлініп, елді мекендердегі көлдер мен шабындық-жайылымдық  жерлерге  су  жеткізу  жұмыстары  тұрақты  бақылауға  алынған.

– Сырдариядағы көктемгі су тасқынының зардабы мен пайдасы қандай болды?

– Сырдариядағы су тасқыны кезінде судың жағдайы, оның қауіпсіз өту процесі,  су бетіндегі мұздың толықтай тазаруы сынды жайттар тұрақты бақылауға алынған  болатын. Облыс аумағында Сырдария өзені тасып, төтенше  жағдайлар болған жоқ, мол су келгенде өзен толып, судың жайылуы табиғи  құбылыс деп ойлаймын. Көп жыл бойы су шықпаған жерлерге су шығып, экологиялық  жағдайды  жақсартуда  деуге  болады.

– «Сырдария суды қабылдау, өткізу қабілеттін жоғалтты» деген пікір бар. Бұл туралы қандай пікір айтуға болады?

– Сырдария өзенінің орналасқан жері құмшауыт болғандықтан, өзен сулылығы­на байланысты  қайыр  басу,  ол  қайыр  көшіп  отыруы – табиғи  құбылыс.  «Сырдария  суды  қабылдау,  өткізу  қабілетін  жоғалтты» деген пікір  шындыққа  жанаспайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: