Қаншама жыл еңсемізді тіктеп, жоғымызды түгендеп келе жатсақ та, «жоқшылықтан» арылмадық. Тіпті, «жайлы тұрмыс» дегеннен гөрі, «күнкөрістің қамы» дейтіндер көп. «Неліктен?» дейсіз бе, ол – сол баяғы тірлігі мызғымайтын ауылдың мәселелері ғой. Ұлы өркениеттің ауылдан бастау алғанын бәрі де біледі. Қала – қала болмай тұрып, ауыл болғанын да естен шығармауымыз керек. Бірақ, қазір көбінің көксегені – қала. Жастарға «Ауылда тұрғың келе ме?» десең, дереу басын шайқайды. Себеп көп. Бірақ, ең бастысы – елімізде ауылға аз қаржы қаралған. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, елімізде 17 облыс, 89 қала, 186 аудан, 29 кент, 6293 ауыл бар екен. Орта есеппен алсақ, ауылдың саны 20 есеге артық. Демек, тұрғындардың да біразы осында тұрады деген сөз. Ауылдың тұрмысын тұрақтандырып, кедейліктен құтқаратын жобалар некен-саяқ. Болған күннің өзінде мәселесі шаш етектен. Мәселесін қойшы, нәтижесі де жетісіп тұрған жоқ. Ол сөзімізге бірден-бір дәлел – шалғай ауылдарда әлі асфальт көрмеген көше көп, жарық бағаналарын оймен ғана елестетіп жүрген тұрғындар жетерлік. Одан басқа әлеуметтік жағдайы төмен халық та үкіметтің уәдесіне «тойып біткен». Бір сөзбен айтқанда ауыл – ауыл деңгейінен көтіріле алмай жатыр. Көтеріле алмай жатыр емес, көтере алмай жатырмыз. Ендігі уақытта осы кемшіліктер азаймақшы. Осыған байланысты қуанышты жаңалықты айтайық.
Еліміздегідей біздің өңірде де маусым айынан бастап «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы жүзеге асады. Мұның өзге жұмыстардан ерекшелігі – тұрғындар жылыжай салу, сүт, ет өндірісі және құс пен балық шаруашылығын қолға алу арқылы үкіметтен 2,5 пайызбен несие алып, өз шаруасын бастай алатындығында. Бұл дегеніміз – егер сіз өңдеу саласына, өсімдік шаруашылығына, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтауға, мал шаруашылығын дамытуға, басқа да бағыттағы бизнес жобаларды іске асырғыңыз келсе, осы жоба бойынша үкіметтен қаржылай қолдау таба аласыз деген сөз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайлы қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков қала әкімдігінің баспасөз орталығында брифинг беріп, жоба туралы біраз сауалға жауап берді. Және пилоттық жоба аясындағы қаржыландырудың негізгі талаптарына тоқталып өтті.
- Бағдарламаны іске асыру үшін 2023 жылы Қызылорда облысына 3 млрд теңге бөлінді. Ал, несиелерді беру маусым айынан бастау алады деп жоспарланған. Айта кету керек, бағдарлама аясында ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, техниканы лизингке ресімдей алады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Мәселен, несие немесе микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге 2,5% жеңілдетілген мөлшерлемемен шағын несие алуға мүмкіндік береді, – деді қала әкімнің орынбасары.
Сонымен, аз пайызбен қаржыландырудың негізгі талаптары мыналар:
- Несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі;
- Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы;
- Мемлекеттік кірістер органы алдында берешектің болмауы;
- Несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс;
- Несиені кепілмен қамтамасыз ету (кепіл мүлкі қалада орналасқан жағдайда 70%, ауылдық елді мекенде орналасқан жағдайда 50% беріледі);
- Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы (жер телімі, қора және т.б.);
- Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру;
- Қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу.
Егер осы талаптарға сай келіп, іс бастаймын десеңіз, ауылда да жағдай жасалғалы тұр. Биылғы жылдың маусым айына дейін тіркеліп, өз жобаңызды ұсынып көріңіз. Ұсынбас бұрын өзіңізбен бірге мынадай құжаттарды жинақтауға тура келеді:
1. Микрокредит беру ұйымының /МҚҰ/КС/ сенім білдірілген өкілдің (агенттің) ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес микрокредит алуға сауалнама-өтініш (түпнұсқа).
2. Жеке басты куәландыратын құжат (көшірмесі).
3. Кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге, сондай-ақ кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімі (түпнұсқа).
4. Субъектінің мемлекеттік (оның ішінде құқық қорғау)/мемлекеттік емес органдарга бұқаралық ақпарат құралдарына берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердін орындалуы /орындалмауы туралы барлық мәліметтерді беруге және алуға келісімі (түпнұсқа).
5. Бизнес-жоспар (түпнұсқа).
6. Қарыз алушының уәкілетті органының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі (түпнұсқа).
7. Қазақстан Республикасының заңнамасына және микрокредит беру ұйымының /МҚҰ/КС/ сенім білдірілген өкілдің (агенттің) ішкі құжаттарына сәйкес ресімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі (түпнұсқа).
8. Қызмет көрсететін банктен шоттың бар екендігі туралы анықтама (түпнұсқа).
9. Несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде) (түпнұсқа).
10. Қарыз алушының жалақысын және/немесе өзге де кірістерін растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорының үзінді көшірмесі) (түпнұсқа).
11. Бағалау туралы есеп (түпнұсқа).
12. Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар (көшірмесі).
«Ауыл аманатының» ауыл адамдарына беретін «аманаты» – аз пайыздық несие. Яғни мал шаруашылығы бойынша іс бастайтындар 7 жылға дейін несие алса, оның 27 айында жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ал жеке кәсіпкерлер 2500 АЕК мөлшерінде қаражат ала алады. Ол – 8,6 млн теңге. Ал зәкірлік кооперацияны дамытқысы келетіндер үшін 8000 АЕК, ол дегеніміз 27,6 млн теңгеге дейін қаржы қарастырылады.
Бәрі айт та, бірін айт. Ауыл азаматтарына арналған бағдарлама еш қиындықсыз жүзеге асып, барлық шаруасы заң аясында жүргізілсе, кедейлік қамытын шешетін күн де алыс болмайды. Әзірге, үмітіміз зор. Қалғанын уақыт таразысына қалдырайық.
Коллаж ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!