Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария суды өткізу, қабылдау қабілетін жоғалтты

13.04.2023, 12:20 311

Жақында Сырдария бойына, Арал жаққа жол түсті. Бұндай жолда туған өлкенің көріні­сіне  мұқият көзбен қарау деген болады. Себебі, Аралдың экологиялық жағдайы, соған байланысты Сырдария өзенінің жағдайы – біздің көңілімізді көптен алаңдатып келе жатқан жайттар. Мұндайда ел жақты көруге сағынып та, ол туралы уайымдап ой кешіп те келесің.

Өткен жылдың соңғы жағынан бастап осы жылдың үш айы бойы Сырдария өзенінде су мол болғанына біздің құлағымыз түрулі болды. Алыста жүрсек те, соған қуанышымызды жасырмай, риза болдық. Сырдарияда судың көп болғаны сондай, Арыс өзенінің алабында, ке­йін Жалағаш, Қармақшы ауданының жерінде біраз аумақты су басқанын есіттік. Осылардың жамандығынан гөрі, жақсылығы көп болады деп сендік. Неше жылдан бері шөліркеп қалған Сыр бойына бұл келген судың молшылық белгісі екенін ешкім жоққа шығара алмайтын шығар!?

Бірақ біздің жол бойында көргеніміз көңілімізге кірбің түсірді. Сырдария алабының суы ысырап болып, айдаланы сорландырып, көрінген ойпаңда шашылып жатыр. Кезінде «далаға тепкен су жерлерді көгалдандырады, шөп көптеп өседі» деген әңгімелер естіп едік. Соның бәрі жай алдарқату сөз болған сияқты. Өйткені, төмендегі Аралына жетпей, жан-жаққа асып кетіп жатқан ысырап суды бір нәрсе айтып, ақтап алу керек болған. Бірақ ол су жерді батпақтандыру мен сорландырудан артық пайда бермеген сияқты. Ең жаманы, көп су рәсуә болған! Бұл нені көрсетеді? Біз қанша жерден су керек, су жетімсіз деп дабыл қаққанмен, Сырдария өзен ретінде, бір дұрысырақ келген суды қабылдау, өткізу қабілетін жоғалтқан. Сонда біз көлемі қысқармай тұрған күрішті, бақшамызды, Аралды қалай суландырамыз?

Өрескел су ысырабы Түркістан облысы жерінен басталып, Аралдағы Қамыстыбастан өткенше көз алдымызда болды. Ал біздің көзіміз жетпеген, жолдан алыстау жатқан жерлерде не болып жатқанын Құдай біледі. Сырдария бүйтіп ысырап бола беретін болса, біздің дариядағы суды көбейтеміз дегенімізде не мән бар? Әсіресе, өзіміздің Бекбауыл, Қамбаш көлінен өтерде, далаға шығындап кеткен көп суды көрдік. Ондайды қазақ «арам су» деп бағалайды. Дарияның өз бойында не болып жатқаны мәлімсіз. Кейінгі кезде Аралдың балығына қан жүгірткен Кіші  Арал 7-8 миллион  су  жоғалтты деп  естіп  едік. Биыл  сонша көп  су  келе  тұра, соның 1,5 -і ғана Кіші Аралға қайта толыпты. Бұл пәтімен ол жуырмаңда тола қоймас. Бұл не сонда, халық болып үміттенген Кіші Аралды қолдан қайта «өлтіру» ме? Сол теңізді болашақта көтереміз деп жатқан жұрттың жұмысы не болады?

Арал жұрты «су-су» деп көп шу көтереді, өзбектің Арнасай деген жеріне кеткен суды айтады, бірақ Сырдарияның жағдайы жаңағы айтқандай екен. Теңізіне баратын судың жолын ашуға олар неге күш салмайды? Арал, Қазалы өз аудандарында ғана неге дария бойын оңалту жұмыстарын дұрыстап қолға алмайды? Көп шулай бергенше, шын жанашыр әрекеттер қайда? Біреу аспаннан су әкеліп беріп, дария-көлдердегі бар кемшіліктерді жөндеп бере ме? Көп шулы сөз бен нақты жұмыстар арсында осындай алшақтық бары бізге көрініп тұрды.

Обалы не керек, дарияда алдағы жылдарда да су мол болуы мүмкін. Сонда біз ысыраптан басқа ол суға не жол табамыз?

Сейілжан  ЕСМАҒАМБЕТ,

Алматы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: