Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғамдық көліктің қордаланған мәселесі көп

13.04.2023, 11:20 401

Қызылорда қаласында өткір мәселе – қоғамдық көліктің жайы. Оның шешімін таппай-ақ біраз әкім басқа қызметке ауысты. Келгеніне бір жыл толған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сәл де болсын өзгеріс әкелуде. Жаңадан келген 150 автобус өңірдің ахуалын тұрақтандырды деп айта аламыз. Алайда қордаланған мәселені толықтай шешімін тапты деп айтуға болмайды. Әлі күнге дейін әлеужеліде «Қызылорда автобус паркінің» атына көп сын айтылып жүр. Халық айтса, қалып айтпайды. Демек, облыс әкімінің «Қызылорда автобус паркіне» жасаған көмегін халық игілігіне пайдаланбай жатқаны ма? «Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» деуші еді.

Қызылордалықтардың жалақысы басқа өңірлермен салыстырғанда едәуір аз. Сол себепті күнделікті сабақ, жұмыс, өзге де бағыттарға бару үшін автобусқа мінетіні белгілі. Халықтың жай-күйін саралаған басшылар яки қаладағы жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында   2013 жылы «Қызылорда автобус паркі» ЖШС құрылды. Автобус парк теңгеріміне облыстық бюджет есебінен «Zhangtong LCK 6105HGC» маркалы 20 дана автобус алынды. Араға біраз уақытты салып,  2017 жылы облыс әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және Еуропалық  қайта құру және даму банкі арасында үш  жақты меморандум негізінде парк теңгеріміне «Zhоngtong LCK 6105 HGC» маркалы 92 автобус несиеге  алынды.

Осы келісімге сәйкес Еуропалық қайта құру және даму банкі несиеге 92 автобус алуды өз міндетіне санаса, жергілікті атқарушы орган, заман талабына сай автобус паркі құрылысын салуды өз міндетіне алды. Нәтижесінде 5 гектар жерге жаңа үлгідегі автобус паркі салынып, 2017 жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. Серіктестік ауласында автобустарды жөндеу цехтары барлық керекті жабдықтармен қамтылған. Қазіргі таңда, 3 ауысыммен 24/7 режимінде жұмыс істейді. Бұны көбі білетін де шығар. Десек те, тарихына шолу жасаған жөн. Қарызға белшеден батқан жұмыс орны әлі күнге дейін пайда көре алмай келеді.

– 380  миллион  қарызбен  қабылдадым. Қазір 200 миллионы қалды. 380 миллионның 150  миллионы  «Қызылорда  Тазалығы»  ЖШС-нен  кезінде көмек  ретінде алынған. Оның 50 миллионын жаптық. Қазір 100 миллионы ғана  қалды. Сондай-ақ  автобөлшектерге     280  миллион  қарыз  болған. 180 миллионын төледік. Қазір 100 миллионы бар. Мамыр-маусым айларында осы қарыздан түгелдей құтыламыз деген жоспар бар, – деді «Қызылорда автобус паркі»  ЖШС-нің  директоры  Мақсат  Жүсіп.

Қарыз алып, халық алдында парызын өтемек болған мекеменің 2016 жылы әкелінген автобустардың 75-і жарамсыз қалған. Бұл уақыт өте келе адами факторлардың әсерінен болған екен. Бүгінгі күні тек 35-і ғана жарамды. Жұмыс істеп тұр. Ал, бағанағы 75 автобус мекеменің бір бұрышында «көрмеге» қойылған. Себебі біреуін жөндеу үшін кемі 30 миллион қаражат керек. Мақсат Жүсіп бұл ақшаға ескіні жөндегенше жаңадан екі автобус алуға болады деп пікір білдірді. Ал, істен шыққан қоғамдық көлікті түсті металлға өткізуге ғана болады. Алайда Мақсат Жүсіптің қолын байлап тұрған Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ)  бар. Өйткені кепілдік бойынша қаңқасы тұру керек екен. ЕҚҚДБ-ның қарызын 2024 жылы толықтай өтемек. Демек, сол жылы ғана жарамсыздардың жайын қарастыруға болады. Жалпы, «Қызылорда автобус паркі» қай жылдары қанша автобуспен толықты?

Бұған қоса, тағы да 150 дана автобус әкелінбек. Сол арқылы халық та, автобус паркі  де  қуанышқа  кенеледі. Дегенмен, мәселенің бір шеті шешілсе, екінші мәселе шығып тұр. Ол – көлік жүргізушілерінің жеткіліксіздігі. Бүгінгі күні хабарландырулар берілуде. Алайда заңға сәйкес, D санаты бар және 5 жыл жұмыс өтіліуі болуы міндетті. Мұндай шектеулер жұмысқа маманды қабылдау барысында кедергі туғызуда.  D санатындағы жүргізушіні дайындаған күннің өзінде оны бес жыл қайда жұмыс істетеміз деп жауаптылар дабыл қақты. Бұл мәселе облыста ғана емес, бүкіл аймақты алаңдатып отыр екен. Ал, жүргізушілердің жалақысы  көбейген. Сағатына 1000 теңгеге өсіпті. Бұдан да көбейтіп 300 мыңға жеткізу жоспарда бар екен. Көлікті тізгендеу оңай тірлік емес. Шымкенттегі оқыс оқиғаны бағамдасақ, ауысымды жүргізуді қолға алу керек сыңайлы. Мақсат Жүсіп те алдағы уақытта жұмысшылардың санына қарай қолға алуды жоспарлап отыр.

Бәрін айт та, бірін айт. Ең негізгі жаңалық – жолақының  қымбаттауы. Электронды  төлем  байырғы  85  теңгемен қалады. Ал, қолма-қол төлем 130 теңгеге көбейеді. Өзгерістің екі себебі бар. Біріншісі, халықты  цифрландыруға  көшіру. Себебі әлі  күнге  дейін  халық 50/50 төлем  жасайды екен. Екіншісі, «қолма-қол төленген ақша жүргізуші мен кондуктордың қалтасына кетіп жатыр» дейді мамандар. Қазіргі күні автобустарда кондуктор қызмет көрсетпейді. Егер жүргізушінің туысы немесе баласы қолғабыс етуге шықса айыппұл салуға қауқарлы екен «Қызылорда автобус паркі». Бұл 130 теңге жеке автобустарға қатысты емес.

– Электронды төлем қай автобустарда бар соларға ғана көтеріледі. Жекелер электронды құрылғыдан бас тартып отыр. Өйткені көлеңкелі кәсіп екені анық. Нақты табыстарын көрсеткісі келмейді. Сондықтан оларда 90 теңге болып қала береді. Бұл өзгеріс 15 сәуір күні сессиядан кейін қаралмақ. Толықтай қалаішілік бағыттар бізге тиесілі болады. Ал, жекелер ауылдық округтерге қызмет көрсетпек. Сондай-ақ, Жалағаш, Шиелі, Тереңөзекке қарай таксилер көп. Осыны жекелерге беріп, халықты автобуспен қамтамасыз етсек жақсы болар еді, – деді Мақсат Жүсіп.

Міне, жаңалық десейші. Мұнымен қоймай, 2000 адамға тегін төлем картасы халыққа таратылмақ. Ал, сатып аламын деушілерге құны – 200 теңге. Мұның каспи төлемінен айырмашылығы санатқа бөлінеді. Мәселен, каспи арқылы кішкентай балаға 40 теңге төлей алмайсыз ғой. Alem pay-дің картасы арқылы мұндай мүмкіндік бар.

– Бұрын зейнеткелерге тегін болғанда жалған құжат әзірлеу жиілеп кетті. Бұл жолы мұндай келеңсіз жайт болмайды. Төленетін картада сіздің түр-әлпетіңіз бен жеңілдігіңіз көрсетіліп тұрады. Сол картаңызды жүргізушінің жанындағы құрылғыға тигізгеніңізде бәрі нақты көрінеді. Сіздер тегін жүресіздер, ал үкімет бізге субсидия бөледі, – деді «Қызылорда автобус паркінің» директоры.

Үкімет әр адамға 140 теңге субсидия бөліп отыр. Шыны керек, 85 теңгемен халыққа қызмет көрсету кәсіпкерді шығынға батырмаса, еңсесін көтертпейді. Мақсат Жүсіптің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 70 жастан жоғары азаматтарға 50 пайыз жеңілдік, 1 топтағы мүгедектер мен зағип жандарға тегін және 1-11-сынып оқушыларына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. «1 наурыздан бастап көп облыс осы  тарифті  қосты. Біз қоса алмай  жатырмыз. Студенттерге  еңілдік  жоқ. Осыны  ретке келтіруді  көздеп  отырмыз»  деп  қоса  кетті.

«Қызылорда автобус паркі» күніне  32 мың адамды діттеген жеріне тасиды екен. Бүгінгі күні 160 автобус қызмет етіп тұр. Цифрландыруға  көшірілсе  жыл  соңында  50 миллионнан астам табыспен қорытындылау  көзделуде. Халықты  көп толғандыратын  һәм  ашындыратын  мәселе – интервал ұзақтығы. Әлеужеліден жүктеп алуға болатын SMS BUS бағдарламасы дұрыс көрсетпейтінін Мақсат Жүсіп те мойындады. Автобус қай жерде келе жатқанын нақты көрсететін бағдарламаны жөндейміз деп жеткізді. Ал, аялдамадағы көзге сүйел болып тұрған автобустың қанша уақытта жететіні де – өтірік. Бұған «Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі не дейді?

ТҮЙІН. Аймақ басшысы халықтың жанайқайына құлақ асып, бұл іске араласқаны дұрыс болды. Әйтпесе, қарыздан көзін ашпай келе жатқан автобус  паркінің  халықтың  жайын ойлауға күші жоқ. Біреудің былығын өз мойнына алған Мақсат Жүсіптің бастамасы жаман емес. Десе де, өңірдің менталитеті қандай нәтижені көрсетпек? Хош. Уақыт еншісінде…

Азамат  САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: