Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Трансценденция һәм ораза

24.04.2020, 11:04 1964

Ғылымда трансценденция деген сөз бар. Бұл сөз соңғы кезде қазақ аудиториясында жиі қолданыла бастады. Логотерапия бұл терминді ең маңызды әрі негізгі тәсіл ретінде қолданып, психологиялық тығырыққа тірелген адамның мәселесін шешеді. Әдетте, психоаналитиктер немесе басқа да кейбір психология бағыттары адамның проблемасын шешерде пациенттің өткен шағына үңіледі. Сөйтеді де осы проблеманың кімнің себебінен болғанын анықтап, сол адамды кінәлі қылады. Мысалы, әке-шешең кішкентайыңда дұрыс көңіл бөлмеген, жағдайыңды жасап беремеген деген секілді себептерге балайды. Ал, логотерапия өткен шаққа да, қазіргі шаққа да көңіл бөлмейді. Оған өткен шақ пен қазіргі шақта қандай екенің маңызды емес, оған болашақта қандай бола алатының маңызды. Сөйтеді де адамның бойындағы екі спецификалық нығметке сүйенеді. Ол #self#distans (өзін сырттан, дистанциядан бақылау) және #self-#transcendation (өзінен шығып кету).

Бұл трансценденция сөзінің ғылыми түсініктемесі мынадай мағына береді: «өз қалпынан шығу». Ғылыми түсініктемесіне қарасаң, бірден түсіну өте қиын. Сол себепті де бұл терминді әркім әрқалай түсініп жүр. Бірі оны ғайып әлемге самғап ұшып, бұлттардың арасында қалықтап, рақат күй кешу деп жүрсе, ал кейбір ақындар бір ақынның өлеңіне пікір айтып отырып «бұл өлең транцендентті өлең, оны ақынның өзі ғана түсінеді» деген секілді ойлар айтады. Енді осы трансценденция сөзін түрлі мысалдармен түсіндіріп, мағынасын ашып көрейік.

Алдымен жоғарыда келтірген екі түрлі ойды талқылап алсақ. Иә, транценденция деген бір жағынан ғайып әлем деген мағына береді, яғни Құдай тарапы. Ал, бұл әлем «иманент» деп аталады. Бірақ, ғайып әлемде рақат күй кешу, ләззатқа батуды трансцентендентті дей алмаймыз. Рақат күй мен ләззатқа бату – ол осы әлемнің ісі. Ана дүниеге қатысы жоқ. Екі нәрсені шатастырмаған жөн.

Екінші, ақындардың «тарнсцендентті өлең, ақынның өзінен басқа ешкім түсінбейді» деуі де терминді дұрыс қолданған деп айту қиын. Иммануил Канттың сөзіне қарасақ, «әлем мен ақыл ақылға қонымды әрі түсінікті болуы керек» дейді. Яғни, егер ақындар бір-бірінің өлеңдерін түсіне алмай жатса, оны «трансцендентті» деп емес, «түсініксіз» деп баға берген жөн. Әлбетте, трансцендентті өлеңдер бар, оны жоққа шығармаймыз. Қазақ топырағынан ондай өлең шығарған ақындар өте көп болған. Соның бірі – Шәкәрім Құдайберді. Рас, Шәкәрімнің де өлеңдерін көбі түсінбей жатады. Оны түсінбейтін себебі – Шәкәрімнің өлеңі сыр сөздер деп аталады. Терең ойын теңеп, жасырып айтады. Шынды іздеген адам шын талпынса түсінбейтін ештеңесі жоқ, қарапайым тілмен жазылған. Ал трансцендентті өлеңдер қалай шығатыны туралы төменде айта жатармыз.

Сонымен трансцендент деген сөзді «қалай түсінеміз», «қалай қолданамыз» және «ол кезде адам қандай күйде болады»? Мысалға алсақ, менің жасым отызда. Мен туғаннан ашықсам тамақ жеймін, шөлдесем су ішемін, ұйқыға қаттымын, ұрысса ренжимін, ызаландырса ашуланамын, сұлу көргенде шыдамсызбын т.с.с ішкі және сыртқы түрткілерге жауап қайтарып, сол істерім әдетке айналып, отыз жасыма дейін Амангелді деген бір қалып жасаймын. Енді, бұндай қалып менің ары қарай өмір сүруіме кедергі болуы әбден мүмкін. Сол үшін мен өзіме self-distans тәсілін қолданып, өзімді сырттан, қашықтан бақылаймын. Содан соң өміріме кедергі болады-ау деген іс-әрекеттерімді жөнге келтіру мақсатында self-transcendation тәсілін қолданып, отыз жыл бойы қалыптасып келген Амангелді деген қалыптан шығып кетемін. Әлбетте, өзімнен шығып кетемін дегенде жаным аспанға ұшып, денем осында қалады деген мағынада емес. Жай ғана санам өзгеріп, отыз жыл бойы қалыптасып қалған әдеттеріме қарсы тұрамын. Ол кезде адам қандай болады? Кезінде тамаққа шыдамсыз адам, қазір ол ораза ұстайды. Ұйқыға қатты еді, қазір таңсәріге тұрады. Шыдамсыз болса, қазір сабырлы. Тек алуды ғана білетін адам, қамқор болады. Кекшіл адам, кешірімді. Тәкаппар адам, кешірім сұрауды үйренді. Өзімшіл адам, қасындағының жағдайын уайымдайтын боп өзгереді. Ойсыз адам, терең ойлы сөздер айта бастайды.

Міне, мен де өміршең болуым үшін осылай трансценденция жасап, жаңа бір қалып жасауым керек. Яғни, өз терісінен шыққан жылан секілді түлеу. Санадағы бұндай төңкеріс адамның өміріне реформа жасатпай қоймайды. Ол кезде адам түбегейлі өзгеріп, өмірі жаңа бір арнаға бұрылады.

Бұл терминге классикалық мысал ретінде Мұхаммед пайғамбарымызды келтірсек жөн болар. Пайғамбарымызға пайғамбарлық келмей тұрғанда айналасындағы адамдар надандықтан азып-тозып, азғындықтың шегіне жеткен еді. Жаңа туған қызды тірідей өлтіру, зина, ұрлық, өсек-аяң қалыпты жағдайға айналғаны сонша, ел бұдан еш қысылмастан жасай беретін. Пайғамбарымыз осының бәріне қарсы тұрып, бұлай дұрыс емес деп Хира үңгіріне кетіп қалады. Уақыт өте санасын барлық пасық ойдан тазартып, дұрыс жол туралы көп ойлап, шешімін тапқысы келгені сол еді ғайып (трансцендентті) әлемнен Жәбірейіл періште келеді де алғашқы аятты оқытады. Сөйтіп, пайғамбарымыздың өмірі түбегейлі өзгеріп, жаңаша бір қалыпқа енеді.

Міне, трансценденция жасаған адам мінез-құлқы, тұрмыс салты, өмір жолы, адамдармен қарым-қатынасы, шығармашылығы түбегейлі өзгереді. Нәтижесінде айналасындағылар ол адамды көргенде танымастай өзгеріп кеткеніне таңғала да тамсана қарап тұруы керек. Тіпті ондай адамдарды есі ауысқанға санап жатады. Л.Толстойдың «Записки сумасшедшего», Гогольдің де «Записки сумасшедшего», Ф.Достоевскийдің «Идиот» деген шығармаларының жарық көрінуінің түпкі себебі осы. Және мұндай шығармалар қоғамды өзгертпей қоймайды. Мұндай нығмет адамның барлығында болатынын білген логотерапия ғылымы алдына келген пациентке осы «трансценденция» тәсілін ұсынады. Бұл кезде, өмірінің бақытсыздығына біреуді кінәлап отырған пациентке транценденцияны қолданып, кінәлі адамды кешір деп кеңес береді. Яғни, миға сыймайтын, «анау дүниенің ісіне сай іс жаса», «кекшіл қалпыңнан шығып кет» деп кешіртеді де өмірін жаңа бір арнаға бұрып жібереді. Бұл кезде адам иығынан таудай тас түскендей жеңілдеп, жүрегі мейірлене түседі. Бойындағы арам пиғылдармен күресіп, сұрақ қойып, соның жауабын іздеген тақуа адамға ғайыптан таза ой келмей қоймайтыны анық. Оны Шәкәрім Құдайберді де былай айтқан: «Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді – әулие деген сол болса керек». Трансцендентті өлеңдер осылай шығады.

Бір қарағанда «трансценденция» тәсілі мұсылмандардың оразасына да келетін сияқты. Екеуі де ұқсас шарттарды талап етеді. Ораза кезінде тек тамақтан тыйылу емес, арам ойдан, кешіре білу, жаман пиғылдардан, төсек қатынасынан тыйылу деген секілді шарттарға нұсқайды. Және мұндай тәсіл жылда болады. Әдетте, адамның бірден өзгеруі қиын болады. Ол үшін адамға тәжірибе қажет. Демек, оразаның жылда болатын себебі – адам бірден болмаса да оразаның шарттарына біртіндеп үйреніп, жылдар бойы қатып қалған қалыбынан шығуға көмектесіп, түбінде жоғарыдағыдай өміріне реформа жасатпай қоймайтын шығар?! Ал, мұның психологияда «поведенческая терапия» деген өз атауы бар. Яғни, адамға кедергі боп түрған әдеттермен күреседі.

Айта берсе көп, ендеше көп созбай осы жерден тоқтайық.

Амангелді  Мейрамбекұлы,

психолог,

Алматы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: