Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Суицид – қазаққа тән емес»

29.03.2023, 15:47 460

Қазіргі таңда қоғам арасында зорлық-зомбылық, өзін-өзі өлтіру, ажырасу  фактілері дендеп барады. Әлемді толғандырған оқиғалардың себеп салдары өзекті мәселелерге айналып үлгерді. Қазақы қаймағы бұзылмай, дін мен дәстүрді біріншіге қоятын елдің ішкі проблемаларының қатарына айтуға ауыз бармайтын суицид те бар.

Қазақстан суицид жасаушылар саны бойынша ТМД елдері арасында 1-орында, әлем елдері бойынша 9-орында екені белгілі. Қазақылыққа салынып мұндай өлім-жітімді жасыру көп екенін ескергенде, Қазақстан үшін ауыз толтырып айтарлықтай мәселе.

Ислам діні суицид жайлы қандай көзқараста?  Қандай да бір тыйым бар ма?

Исламда өз-өзіне қол салу – үлкен күнә. Пайғамбар Мұхаммед салалаһу алейхи уа ассалам: «Кім өзін темірмен жарып өлтірсе, темір ішіне қадалған күйі тозаққа кіреді. Ал кім у ішіп өлсе, жаһәм-намда мәңгі сол уды ішеді, кім жардан өзін тастап жан тапсырса, тозақтың түбіне мәңгіліке тасталады», – дейді. Алла қасиетті Құран Кәрімде: «Өздеріңді өздерің өлімге қимаңдар» («Ниса» сүресі, 29-аят),– деген, яғни, өздеріңе қол салмаңдар»,– дейді. Бұл өмірден тойып, адамның өлімге разы болуы – харам. Мұсылман болудың негізгі шарттарының бірі –жақсылықтың да, жамандықтың да Алладан екеніне сену. Сондықтан ауыр азап пен дертке шалдыққан кісі мұны Жаратқанның нығметі деп түсіну қажет. Өйткені дерт – күнәға кәффарат болады. Адам ауырып қиналуы арқылы күнәдан тазарады деген сенім бар.

Ел арасында өз-өзіне қол салу жағдайында қайтыс болған жанға жаназа оқылуы турасында түрлі пәтуалар естіп жүрміз. Нақты пәтуасы бар ма? Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы пәтуа бөліміне сауал жолдаған болатынбыз. Бөлім маманы Елбек Тасболатұлының айтуы бойынша, Қазақстан егемендігін алғалы бері суицид жасаушылардың жаназасы оқылатындығын айта келе, ел ішіндегі жаназа оқылмауы жөнінде дұрыс емес пәтуа және кейбір елді мекендегі мамандардың білім деңгейінің төмендігімен байланыстырды.

Суицидтен құтылатын жол бар ма!?

Дін толықтай қайтару қуатына ие болмағанымен суицидке қарсы күресуші бірден бір құрал. Діни және психология бірігуі аясында елімізде «Логотерапия – өмірге құштарлық» атты еңбек жарық көрді. Жоба авторы – Санжар Керімбай. Бұл еңбек Франклдың бай тәжірибесін исламның құндылықтарымен астастырып көрсетеді. Абай, Шәкәрімнің өлеңдерінен біз көрмеген көркемдікті ұштастырады. Аз уақыт ішінде бұл еңбек оқырманның көзайымына айнала білді. Қиссалар мен өмірлік тәжірибеге толы еңбек баспаханадан бірнеше қайтара шығарылды.

Қорытындылай келе, асыл дініміз бен даналыққа бай дәстүр ғұрпымыз ешқашан тірі жанға зұлымдық келтірмеуге дәріптейтінін айтқымыз келеді. Ұл  мен  қызды жетім етіп, туыс пен бауырын қайғы қасіретке салу ата-бабамыз құптаған іс емесін білгеніміз жөн. Атеистік пен матералистік қоғамның шырмауына түсіп, өзімізді рухани азғындалудан сақтайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болуы үшін отбасымызға көңіл бөліп, тентегімізді тезге салайық. Мәңгілік елдің іргетасын өзімізден басталатынын ұмытпайық!

Наурыз МӘЛІКОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті www.kaznu.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: