Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Барлық ауданның жедел жәрдем бөлімшесі жалдамалы ғимаратта орналасқан…»

23.02.2023, 16:30 1022

Бибізада ДҮЙСЕНБАЕВА:

«Барлық ауданның жедел жәрдем бөлімшесі жалдамалы ғимаратта орналасқан…»

Маңғыстау облысының және Мұнайлы ауданының медицина мәселелері бойынша денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дүйсенбаева Бибізада Әшімқызы журналистік сауалымызға жауап берді.

– Сапалы медициналық қызмет облыстың барлық тұрғындарына қолжетімді деп айта аласыз ба? Бұл бағыттағы қызметтеріңізді қалай бағалайсыз?

– Медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау саласы бойынша жеке инвестициялар есебінен Жаңаөзен қаласында 175 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Одан өзге, заманауи құрылғылармен жабдықталған 100 төсектік онкология ғимараты құрылысы толықтай аяқталып, іске қосылғаннан кейін науқастардың басқа өңірлерге кетуі азаюда.

Тағы бір жағымды жаңалық – облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» ерте араласу және оңалту орталығының ашылуы. Осынау ірі орталықтың ашылуы оңалту және қалпына келтіру, емдеу ем-шараларына мұқтаж балалардың Астана және Алматы қалаларындағы республикалық орталықтарға бармай, облыс деңгейінде емін алуға мүмкіндік туғызды.

Сонымен қатар медициналық қызметтің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсететін 6 жекеменшік ұйым ашылды. Олар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша халыққа медициналық қызметтер көрсетуде. «Tolimed» ЖШС, «Сағынмед» ЖШС, «АдемМед» ЖШС, «Медина» ЖШС, «Ча Кур» ЖШС, «Ясин» ЖШС Мұнайлы филиалы ашылды.

Мұнайлы ауданында 150 төсектік аудандық орталық аурухананың құрылысы басталды. Былтыр Жаңаөзен қаласы Рахат ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталды. Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету объектілерін салу жоспарлануда.

– Халық көптен күтіп жүрген Мұнайлы ауданындағы орталық аурухананың құрылысын, ғимараттың сапасын жеке бақылап жүрсіз бе? Соңғы рет қашан барып тексердіңіз?

– Маңғыстау ауылында 150 орындық орталық аудандық аурухана салу жобасы бойынша республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 2022 жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстары басталды. Тапсырыс беруші – Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Көшпелі комиссияның нәтижелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігі жобаны оңтайландыру туралы ұсыныс енгізді. Жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кестесі өзгерді. Осыған орай, салынатын ғимарттың сапасын және құрылыс жобасын оңтайландыру бойынша басқарма басшылығынан жұмыс тобы құрылып, құрылыс нысаны тексеріліп, Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына ұсыныстар берілді.

– Жедел жәрдем қызметтері мен санитарлық автокөліктер қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді ме? Ауыз толтырып айтарлықтай не сұрадыңыздар, не алдыңыздар?

– Бүгінде Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының балансында 111 санитарлық автокөлік бар, оның 74-і қалада және 37-сі ауылда. Жедел жәрдем балансында бар көліктердің 83-і жүріп тұр, бұл 74,7% құрайды. Санитарлық автокөлікпен жабдықтау 1- 00%.

Санитарлық автокөліктің тозуы 15%. Биылғы қаңтар айында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-дан 5 санитариялық автокөлік сатып алынды: екеуі – «Hyundai H350» жедел медициналық жәрдем автокөлігі, үшеуі «Jac Sunray» жедел медициналық жәрдем көлігі.

Облыстық жедел жәрдем станциясы бойынша санитарлық автокөлікті GPS навигациясымен жарақтандыру – 100%. Медициналық жабдықтармен жарақтандыру да 100% құрайды.

Басқармамыз Денсаулық сақтау министрлігіне «Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» 2023-2024 жылдарға арналған облыстық жедел жәрдем бригадаларын қажетті жабдықтармен жарақтандыруды енгізу туралы ұсыныс жолдады. Бұл ұсынысымыз келісімде тұр. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 305,6 млн теңге жабдық сатып алу мәселесі қарастырылуда (2023 жылы – 105,3 млн теңге сомасына және 2024 жылы – 200,3 млн теңге сомасына).

– Мемлекет басшысы облысымыздағы барлық аудандардың жедел жәрдем бөлімшелері ғимаратқа жарымай отыр деген орынды сын айтты. Бұл мәселелер бойынша не істелінді?

– Иә, қазіргі таңда барлық аудандардың жедел жәрдем бөлімшелері жалдамалы ғимараттарда орналастырылған. Сондықтан модульдік қосалқы станцияларды аудандық жедел жәрдем бөлімшелеріне салу мәселесі бойынша алыс және жақын шетелдік өндірушілердің ақпаратына мониторинг пен талдау жүргізілуде.

– Ақтауда көпбейінді аурухана мен жаңа жедел жәрдем станциясын салу мәселесін қарастырдыңыз ба?

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде қалалық көпсалалы аурухана салу жоспарланды. Басқарма жобаның медициналық-технологиялық тапсырмасын әзірледі. Алайда бүгінгі күні ҚР Премьер-Министрінің «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде көп бейінді ауруханалар салу мәселелері жөніндегі» кеңесінің хаттамасы негізінде министрлік бастамасымен жобаны іске асыру 2026-2027 жылдарға қалдырылды. Дегенмен, «Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес қалалық көпбейінді аурухана құрылысына жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге конкурс жарияланды.

– Қаржы бөлінді ме?

– Ақтау қаласында облыстық жедел жәрдем станциясының ғимаратын салуға облыс әкімдігі жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша конкурс өткізу үшін қаражат бөлді.

– Оның ЖСҚ-сы (ПСД) дайындалды ма?

– Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы облыстық жедел жәрдем станциясы ғимаратының құрылысына жобалық сметалық құжаттар әзірлеу бойынша конкурс өткізді. Жеңімпаз анықталып, «RedLine Pro» ЖШС жобалаушысымен шарт жасалды. Келісім-шарт бойынша жобалық сметалық құжаттаманы дайындауға 5 ай берілді. Оған жобаның мемлекеттік сараптамасын жүргізу мерзімі кірмейді.

– Қай шағын ауданнан салынады? Жер бөлінді ме?

– Ақтау қаласындағы 34 А-шағын ауданынан жер телімі бөлінді.

Айбек МҰХАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: