Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Синтетикалық есірткі несімен қауіпті?

23.02.2023, 12:40 463

Екі жыл бұрынғы індет есірткінің қоғамға кең таралуына жол ашып берді. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақша  қаптаған интернет-дүкендер үлкендермен қатар жастарды, 13-14  жастағы  балаларды да өз ошағына магнитше «тартты». Есірткі сатушылар жаһантордың «жайлауын» жалпағынан басып, саудасының көркін қыздырды. Бірақ олар «интернеттегі кәсібімізді ешкім байқамайды» дегенімен қателесіпті. Мысалы, бір жыл ішінде Астанада синтетикалық есірткіні дайындау, сақтау, тарату, сатуға қатысты 769 (!) қылмыстық іс қозғалған. Иә, қазір әлемдік нарықта дәстүрлі есірткіні синтетикалық есірткі ауыстырып, бірінші орынға шықты. Бұл – бізді ғана емес, жаһан жұртын алаңдатқан ең өзекті, ең бірінші мәселе.

«СИНТЕТИКА»  ЖАСТАРДЫ  ҚАЛАЙ  ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ?

Нарколог-дәрігерлер мен полицейлер синтетикалық есірткінің бағасы арзан, кез келген уақытта қолжетімді, тұтынуға өте қолайлы болғандықтан қоғамда кең таралып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Шынында да бұрын бұл есірткі елімізге дайын өнім ретінде тасымалданатын. Ал қазір есірткі жасаушылар оны өздері шығарады. «Самодельные лаборатории» деген атау күнделікті сөз қолданысымызға еніп кетті. Өзге есірткі емес, осы «синтетика» қазір жасөспірімдердің арасында «танымал» болып отырғаны рас.

Бұл есірткі жастарды қалай қызықтырып отыр? Себебі, бұрын біз есірткіқұмар дегенде қолында инесі бар, өзіне дәрі егетін адамды көз алдымызға елестететінбіз. Одан кейін суретте, бейнежазбада құлап жатқан адамды, жанында шашылып жатқан дәрілерді көруші едік. Ал қазіргі есірткіқұмардың бейнесі мүлдем өзгерді. Мәселен, көшеде сағыз шайнап келе жатқан адамды наркоман деп ешкім ойламайды. Яғни, «синтетиканы» сағыз сияқты шайнауға, темекі секілді тартуға, иіскеуге болады. Бәрі оңай. Сол себептен, есірткі сатушылардың торына көбінесе кәмелет жасына толмағандар түсіп қалады.

«Көп ақша төлеймін» деген уәдеге сеніп қалған жасөспірімдер есірткі жасаушылар мен таратушы делдалдардың құрығына ілінеді. Алайда, көп ақшаға, өтірік сөзге сенген жандар елімізде 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білмейді. Себебі, есірткімен байланысты құқықбұзушылық іс-қимылдар ауыр және аса ауыр қылмыстармен теңестірілген. Тіпті, мұндай қылмысы үшін өмір бойы абақтыға қамалу жазасы да бар.

«Қылмыстың бұл түрі ауыр және аса ауыр қылмысқа жатады. Себебі, есірткі – адамды қинап өлтірумен бірдей. Егер қайбір бала немесе жасөспірім есірткі таратқаны, тұтынғаны үшін жазаланбаймын десе қатты қателеседі. Тіпті, бір көргенде қылмыс болып саналмайтын қабырғаға белгілі бір сайттың суретін салу, баннерді жапсыру да ауыр қылмысқа жатады, ол үшін 3-тен 6 жылға дейін түрмеге қамалады. «Мен есірткіні қолыммен ұстаған жоқпын», «мен ешқандай заңды бұзған жоқпын» деген ақталу сөзге құлақ аспаймыз» деп түсіндіреді мәселенің мәнісін Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Сергей Ильиных. Ол 2020 жылдың қаңтарынан бастап ҚК-тің 299-бабының 1-тармағы («Есірткі заттарын насихаттау және заңсыз жарнамалау») заңнамамызға енгізілгенін айтады. Осы бап бойынша қылмысы дәлелденген адам дүние-мүлкі тәркіленіп, 3 жылға бас бостандығынан айырылады.

ПСИХОБЕЛСЕНДІ  ДӘРІЛЕР  САМСАП  ТҰР!

Қазір кім не шегемін десе, бәрін табады. Заманауи технология қатты жетілді. Интернет-дүкен де көп. Нарықта сұраныс болғандықтан, тауар да жетерлік. Нашақорлыққа қарсы мемлекеттік деңгейде ауқымды күрес жүргізілуде. Мұндайда есірткіге тәуелді адам басқа жол іздейді. Соған әсері ұқсайтын дәріні сатып алады. Қазір есірткімен қатар, әсіресе жастар арасында психикаға белсенді әсер ететін затты, стимулятор, ұйықтататын және седативтік затты, холинолиттік әсері бар кейбір дәрі-дәрмекті, галлюциногендік әсері бар затты қолдану кеңінен орын алуда. Дәріханаларда заң жүзінде дәрігердің рецептімен сатылатын кейбір психобелсенді заттар рецептісіз сатылуда. Ақшаға құныққан ашкөз сатушы сол дәріні рецептісіз, бағаны өсіріп, өз бетімен сатып, бизнес көзіне айналдырған. Сатып алушы арасында жасөспірім бала да кездеседі. Меніңше, осы дәріні сатқан адамды қылмыскер ретінде жауапқа тарту керек.

Мәселен, 2022 жылы Астанадағы дәріханаларда есірткіге пайдаланатын дәрілерді рецептісіз сатуға қатысты 14 факті тіркелген. Бұл белгілі болғаны ғана, ал белгісізі қаншама. Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланғанымен, полицейлерге есірткінің заңсыз айналымына қатысты ақпарат түскен жағдайда кез келген мейрамхана, дәмхана, бар немесе дәріхананы тексеруге мүмкіндігі бар. «Мұндай жағдайда біз қатаң шара қолданамыз. Соттың шешімімен айыппұл саламыз, тіпті заңды бұзған ұйымның қызметін жарты жылға дейін тоқтатамыз. Егер бұдан қорытынды шықпаса, кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беретін лицензиясынан айырамыз» дейді С.Ильиных.

«СИНТЕТИКА»  НЕСІМЕН  ҚАУІПТІ?

Дәрігерлер синтетикалық есірткі табиғи есірткіге қарағанда адам ағзасына 100 есе зиян екенін айтады. Себебі, табиғи өсімдіктерден емес, химиялық заттардан жасалатын, ұзақ уақыт бұзылмай сақталатын есірткінің адам ағзасына бірнеше зор қаупі бар. «Бірінші, жүрек-қан тамырларының жұмысы бұзылып, 70-80 пайыз жағдайда адам өміріне қауіп төндіреді. Екінші, денені тырыстырып, эпилепсиялық талма дертін тудырады. Үшінші, тыныс алу жолдарына кері әсер етіп, өкпе қабынып, адам ауа жетіспеушіліктен жүріп кетуі мүмкін. Төртінші, психикалық қызметтің ауытқушылығын, яғни психоз тудырады. Мұндай дертке шалдыққан адамның құлағына әртүрлі дыбыстар естіліп, көзіне елес көрініп, бойын қорқыныш билейді немесе аяқ-қолы қарысып, неврологиялық жағдайлар туындайды. Бізге көбінесе осы төртінші жағдайға тап болған нашақорлар көмекке жүгінеді. Синтетикалық есірткіні 3-4 рет қана қолданудың өзі жасырын түрдегі шизофренияның, эпилепсияның аффект бұзылыстар белгілері пайда болуына ықпал етеді. Оның қаншалықты зиян екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Ең жаманы, нашақорлықтан емделіп болған адам күйзеліске ұшыраған кезде психикалық ауытқуы қайталануы мүмкін» дейді Астана медициналық университетінің психиатрия және наркология кафедрасынің ассистенті Тоқтар Қойшыбеков.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: