Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Барсакелместегі братандар»

23.01.2023, 9:30 207

HALYQLINE.KZ

Мөлтек  сыр

Есік шалқасынан ашылып, Аңсаған досым екпіндеп үйге кіріп келді. Қашанғы дағдысымен үн-түнсіз бетімізге қадала қараған. Бұл – оның сәлемдескен түрі. Бала кезімнен бірге өсіп, мінезіне әбден сыралғы болған мен де оның арсы-гүрсі әрекетіне мән бергенім жоқ. «Аттың сыры иесіне мәлім». Аңсағанның шыдамы ұзаққа жетпейтіні маған жақсы белгілі ғой. Шынымен де солай болып шықты. Үнсіздікті бұзған Аңсаған: «Ауылға барып келдім. Барсакелместегі братандар саған сәлем айтып жатыр», – деп аз-кем кідірді. Жасы алпысты алқымдап, сақал-шашына ақ кіріп, келін түсіріп, немере сүйген құрдасымның сөзіне еріксіз мырс еттім. Қиһар мінезді Аңсаған көзі шатынап, бетіме тесіле қарады. Енді бір ауыз сөз айтсам, жағама жармасудан тайынатын түрі көрінбейді. Соны сезіп, дауысымды жұмсарттым. Қайтымы тез Аңсаған да жөнге көшті. Оның ауыл деп отырғаны ел ішінде «Арғы бет», көше терминінде «Барсакелмес» аталып кеткен кенттегі 5-ші квартал аумағы болатын. Кім-кімге де балалықтың бал шағы өткен жер бағалы екенін несіне жасырамыз. Жүрегім шым ете түсті. Көз алдымнан осы аумақта өткен балалық, жастық шағым кино лентасындай жылжып жатты.

5-ші квартал туралы осы аумақтың төл перзенті, Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі Болат Жолтаев досымның «Адамдарының пейілі көшесіндей кең, ниеті таза. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, бір-бірімен туыс-жекжат болып келетін жер» дегені бар-ды.

Аңсаған кетісімен жазуға отырдым. Мақсатым өзіме бауырымдай жақын болып кеткен ауылыдас, яғни Аңсағанның тілімен жеткізгенде «Барсакелместегі братандар» туралы жазу болатын. Сонымен…

Сол «братандардың» алғашқы легіндегі Мейрімхан Шорабаев тұр. Менің кластасым Сейілханның туған ағасы. Жеке көліктердің саусақпен санарлықтай кезінің өзінде Мәкеңнің ГАЗ-69 жеңіл автокөлігі болды. О-о-о, мұндай машинаға қол жеткізу – ол кезде екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Сейілханның да, менің де бойдақ шағымыз. Мәкең өте керемет, жомарт пейілді адам. Күн ұзағына жұмыстан қолы босамайды. ГАЗ-69-дың игілігін Сейілхан екеуміз көреміз. Күндіз-түні қыдырудан жалықпаймыз. Мәкең мен жұбайы Назира жеңгеміз бір қабақ шытуды білмейді. Осы қызық, той-думан бертінге дейін толастаған емес. Табиғатынан ақжарқын Мейрімхан ағамның өзіне жететін қайсар мінезі, бір жігітке толық әлі келетін қайраты да бар. Бірде мынадай тосын жайтқа куәгер болдық.

Мейрімханмен бірге малшы ауылға әлдеқандай шаруамен бардық. Сол ауылда той болып жатыр екен. Әр ортаның өзіне тән тентегі болатыны көпке мәлім. Той үстінде Мәкеңмен сол ауылдың кеудесіне нан піскен тентегі себепсіз ілінсе кетсін. Соңы жанжалға ұласты. Кенет… әлгі сабаз қолындағы өткір пышағымен Мейрімханды осып жіберсін… Өткір кездік Мәкеңнің алақанын оңдырмай кесіп өтті. Қолынан қаны саулаған Мейрімхан әлгіні баспен ұрып, мұрттай ұшырды. Батырға да жан керек екен. Есін жиып алған әлгі пәтшағар ағамыздан жалынып-жалпайып кешірім сұрап, аяғына жығылғандай болды. Бұзақының қолынан тартып алған пышағын өзіне жұмсауға оқталған Мәкеңді біз жабылып жүріп зорға тоқтаттық. «Ер шекіспей, бекіспейді» деген рас екен. Көп ұзамай екеуі татуласып кетті.

Мына қызыққа қараңыз. Мейрімхан да, Назира жеңгей де өздері жұмыс істеген мекемеде, бір орында табан аудармай қырық жылдан астам еңбек еткен. Назира зейнет демалысына шығуға құжат дайындағанда құжаттарын қабылдаған орталық қызметкері «Бұл қалай? Еңбек кітапшаңызда жұмысқа кіру туралы өтінішіңіз бен 43 жылдан соң сол мекемеден зейнеткерлікке шыққаныңыз туралы жазба ғана бар екен» деп қайран қалыпты. Міне, өз жұмысына деген адалдық, ұқыптылық. Мейрімхан болса бір мекемеде жүргізуші болып 44 жыл жұмыс істеп, абыроймен зейнеткерлікке шықты. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақытты шаңырақтың иелері.

Ал, Боранбаев Көмектес аға болса өте салмақты мінезді жан. Марқұм әкем мен анам Көмектес аға мен Лиза жеңгейді аса жақын тартушы еді. Көмектес жас кезінде спортпен шұғылданған, мығым денелі, адамгершілігі жоғары жігіт. Ұжымдастарына да сыйлы, абыройлы атанды. Қазір Кәкең мен жеңгей екеуі де бейнеттерінің зейнетін көруде. Көмектес аға мен Лиза жеңгей маған өнеге мен ұлағаттылықтың символындай көрінеді.

Шәймерден (Шәмен) аға мен Райкүл жеңгей екеуінің қасиетті Меккеге қажылыққа барып келгенін таныстарымнан естідім. Көп жыл бойы білім саласында жемісті еңбек етіп, шәкірттерін спортқа баулыған Шәкеңнің бұл игілікті ісіне қалайша сүйсінбессің? Орайы түскенде мен де тілектестігімді жеткізуді жөн санадым.

Өмір бар жерде, өлім бар. Абзал азамат Мергенбай ағаның өмірден озғанын естігенде қатты қиналдым. Алла алдынан жарылқасын! Айсұлу жеңгеймен отбасына көңіл қосымды білдіремін. Алдағы уақытта жанұясында тек қуаныш болсын демекпін.

Міне, жазбамды аяқтап та қалдым. Ойымда әлде де жазылатын жайттар баршылық. Алайда, созбақтауды жөн санамадым. Осымен ойымды түйіндеймін. Аман болыңыздар, «Барсакелместегі братандар»!

Суретте: 5-ші кварталдағы ағаларымның бір тобы.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: