Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.Нәлібаев: «Бюджеттің әр тиыны сұраулы»

09.01.2023, 18:15 422

HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы кезге дейін қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бюджет қаражатын уақытылы игеру және инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыру негізгі басымдық екенін алға тартып, нақты тапсырмалар берді.

Бүгін аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиында облыс бюджетінің игерілуі және 2023 жылы республикалық бюджет есебінен жобалардың қаржыландырылу барысы мен мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай бюджет игеру бағыты бойынша талдау қорытындысын баяндады.

Жиында Нұрлыбек Нәлібаев өткен жыл қорытындысымен облыс бюджеті қаражатының игерілуі 99,5%-ды құрап, Қызылорда өңірі республика көлемінде қаржы игеру бойынша 3-орында екенін атап өтті. Бұл жақсы нәтиже болғанымен, өткен жылы кейбір бағытта қаржының игерілмей қалуы салалар жұмысына кері әсерін тигізетінін ескертті. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысымен Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласында бюджет қаржысы толыққанды игерілмеген.

«Бюджет қаражатын алу үлкен еңбекпен келеді. Мен үнемі барлық басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаржыларының тиімді әрі мақсатты жоспарлануына және уақытылы игерілуіне қатаң талап болатынын ескертіп келемін. Бюджеттің әр тиыны сұраулы. Әрбір жобаның мерзіміне қарай, мердігерлермен уақытылы жұмыс жасалуы керек. Мәселен, жаңа мектептердің құрылысын аяқтау жыл соңында деп белгіленеді, бірақ оқу жылы қыркүйекте басталады. Жоспарлау дұрыс емес. Бюджет қаржысын бағыттау барысында да жобалардың мерзімі ескерілмейді, салдарынан қаржы игерілмейді. Сондықтан қала, аудан әкімдері қаражатты халыққа ең қажетті деген мәселелерге бағыттау керек, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов пен Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовке ескерту жасап, қала, аудан әкімдеріне барлық қаражат толық, сапалы және уақытылы игерілу мақсатында заңға сәйкес тауар жеткізушілер және мердігерлермен тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Жиында жыл ішінде бюджетті нақтылау барысында облыстың бюджет көлемін республикалық трансфеттер және өз кірістері есебінен ұлғайту барысы талқыланды. Биыл облыс бюджеті 520,7 млрд.теңгеге бекітілді, оның ішінде субвенция көлемі 2022 жылғы 184,2 млрд теңгеден 2023 жылы 400,5 млрд теңгеге яғни 2 есеге көбейді.

Қазіргі таңда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыруды талап ететін құны 35,6 млрд теңгені құрайтын 81 жоба, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бойынша 14,8 млрд теңгені құрайтын 27 жоба және облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бойынша 17 млрд теңгені құрайтын 55 жоба қаржыландыруға ұсынылмақ.

Басқарма басшылары әрбір жоба бойынша жүргізілген жұмыс барысын баяндады. Аймақ басшысы 2023 жылғы республикалық бюджеттің нақтылануы барысында аталған жобаларды толық енгізіп, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыруда бюджеттік өтінімдерді мерзімінде ұсынуды тапсырды. Облыс әкімі ең алдымен бюджет қаражаты жол, жарық, ауыз су желілерін тарту мәселелеріне, білім, медицина, спорт кешендерін салу ісіне арналатынын жеткізді.

– Өткен аптада жауын-шашын әсерінен қаланың және елді мекендердің кейбір аумағында жарық өшіп, халық әбігерге түсті. Менің тапсырмамен жедел комиссия құрылып, мамандар ақау мәселелерін анықтап, қосалқы станциялардың жағдайын зерделеп келді. Ең бірінші жөндеуді қажет ететін қосалқы станцияларға шамамен 1,6 млрд теңге қаржы қажет екен. Әрі қарай екінші кезеңде жасалуы тиіс жұмыстарға 1,5 млрд теңге қаржы керек. Бұл мәселелерді шешу үшін республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржы бағыттауға жұмыс жасаймыз. Себебі халыққа аса қажетті жарық мәселесі жылдам шешілуі тиіс. Орын алған оқиғалардан кейін қала, аудан әкімдері өз аумақтарындағы қосалқы жарық станцияларының жағдайына талдау жасап, жөндеу жұмыстарын жүргізуге әрекет етуі керек, – деді Н.Нәлібаев.

Жиын барысында облыс әкімі күннің суыта бастауына байланысты қоймаларда көмір қорының жеткілікті болуын, жылудың үздіксіз берілуін және азық-түлік бағаларының тұрақты болуын және тазалық жұмыстарына күнделікті қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, егін егу мәселелерін ертерек жоспарлап, бақша өнімін егуге ынталы ауыл азаматтарына жер бөлу жұмыстарына жеткілікті деңгейде мән беру қажет екенін алға тартты. Мұнан бөлек, Сырдария өзенімен облыс аумағына келіп жатқан су көлемінің артуына байланысты жауапты сала басшыларына Шардара су қоймасынан босатылатын су көлеміне тұрақты түрде бақылау жасап, мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында Аралға, облыс аумағындағы магистралды каналдар мен көлдер жүйесіне су толтыру шараларын жалғастыруды міндеттеді.

Жиында мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің өткізілу барысы туралы хабарлама жасаған облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов негізгі ерекшеліктерге тоқталды.

Бұдан былай аудан және қала әкімдіктері мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұйымдастырмайды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері толықтай орталықтандырылып, басқарма арқылы жүргізіледі.

Облыс әкімі басқарма басшысына мемлекеттік сатып алу заңнамасына енгізілген өзгерістер мен саладағы өзге де мәселелер бойынша тоқсанына бір реттен кем емес негізде тапсырыс берушілер үшін семинарларды ұйымдастыру және бірінші кезекте өткізілуі тиіс мемлекеттік сатып алулар бойынша жеңімпаздарды анықтауды заң шеңберінде уақытылы әрі сапалы үйлестіруді тапсырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: