Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бас жүлде – абайлық ақында

23.12.2022, 8:55 331

HALYQLINE.KZ

Алашқа ана атанған Сыр елінде әлемге әйгілі жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, Абайтану ғылымының негізін салушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай өткізіліп жатқан «Сөздің кені, ойдың кемелі» атты айшықты аламан өз мәресіне жетті. Бұл туралы облыстық мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Ғасырлар тоғысында төл өнерімізді төрге сүйреп келе жатқан айтыс ақындарына арқау болған аталмыш додада аузымен құс тістеген 12 ақын өнер көрсетті. Екі кезеңнен тұрған аламан доданың бірінші кезеңінде ақындар өзара жұптасып 6 жұп болып өнер көрсетсе, екінші кезеңде сайдың тасындай іріктеліп шыққан 6 ақын 3 жұп болып финалда бақ сынады.

Айтыстың абаданы атанған Аманжол Әлтаев байрақты өнеріміздің басы болған айтыс аламанын жүргізсе, Елена Әбдіхалықова, Ақберен Елгезек, Бауыржан Халиолла, Ұларбек Нұрғалымұлы, Мұхтар Ниязов сынды өнер майталмандары мен ақындары қазылық етіп, ақын Нұрмат Мансұр айтыстың бас сарапшысы болды.

Ұлттық құндылықтар ұлықталған жыр додасында бір-біріне дес бермеген қызылордалық Мөлдір Айтбай мен астаналық Шұғайып Сезімхан ІІІ орынды иеленсе, ІІ орынды айтыстың ақтаңгері, Арқалықтан келген ақын Айбек Қалиев пен аралдық ақын Бексұлтан Орынбасаров еншіледі. Ал бірінші орынды сұлу сөздің сұлтаны, шиелілік ақын Мейірбек Сұлтанхан алса, бас жүлдені айтыс аламанының жүйрігі, абайлық ақын Рүстем Қайыртай қанжығасына байлады. Елдің қасиетін, ердің өсиетін жырлаған ақындардың тағылымға толы жыр шумақтары көпшіліктің көңілінен шықты.

Сұлу сөзге сусап келген тыңдарманды сүмбіле жырдың суатына сүйреген айтыс ақындардың мәртебесін үстем етіп, жыр аламанына қатысқан барлық 12 ақынға демеушілер тағайындаған қаржылай сыйақы табысталды.

Жөргекте жатқаннан жыр қасиетін еміп, сөз құдіретін өз құдіретім деп ұғынған исі қазаққа ұлтымыздың ұлы мұрасына баланатын айтыс өнерінің орны бөлек.

Еліміздің аспанында шуақты күн тұрсын, әрқайсымыздың жүрегімізде жыр тұнсын!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: