Берік НИЕТАЛИЕВ:
Жыл өтсе де бір таяқтың ұшын басып, маңдайымызға сарт еткізіп соғудан жаңылмай келеміз. Бұлай деуіміздің себебі, мемлекет басшысы мен мұндалап алдымыздан шығып тұрған мәселелерді шешудің тетігін табу үшін жұмыс істеуде. Келер жылы салық мәселесіне қатысты жұмыстарды да реттемекші. Өз Жолдауларында салыққа қатысты «сән-салтанат салығы», автокөліктерді әкелудің барлық заңсыз арналарына тосқауыл қою үшін шешуші шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Жалпы, ел Президенті айтуын айтып жатыр, ал сала басшылары не істеп жатыр? Міне, олардың елдің болашағы үшін қандай жұмыстар атқарып жатқанын ел білсін деген ниетпен Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Ниеталиевпен жүзбе-жүз жолығып, әңгімелестік. Салыққа жүрдім-бардым қараған бұқара қауымға жаңа кодекстің жай-жапсарын түсіндіруге тырыстық.
САЛЫҚ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРАТЫНДАР КӨП
– Ассалаумағалайкүм, әңгімемізді бірден тақырыптан бастасақ. Салық саласы күрделі екені анық. Бірден түсініп кету мүмкін емес. Десе де, «салықтың» тілімен емес, халықтың тілімен әңгіме өрбітейік. Бұл сала бойынша бұқараның білгісі келетіні ұшан-теңіз. Ең алдымен, Салық кодексіне тоқталсақ. Салық кодексі жыл өткен сайын жаңарып, түрлі өзгерістер енгізіліп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2023 жылы жаңа Салық кодексі дайындалады деген еді. Бұл жаңа Салық кодексінің алдындағыдан айырмашылығы қандай болады?
– Салық – мемлекеттің тірегі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабында «Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады» деп жазылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді деп айтылды. Бұған қатысты жұмыстар жүргізілуде. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс деді. Жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек екендігін атап өтті.
Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру іс-шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек.
Бүгінгі күні салық төлеуден жалтаратындар көп. Сол себепті салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режимдерін жеңілдету керек деп тапсырма берілді. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет. Сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту керек. Мұның барлығы жаңа Салық кодексінде қаралып, алдағы уақытта нақтыланатын болады.
Жаңа Салық кодексі ағымдағы ахуалдың сын-қатерлеріне дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік беретін, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асырудың негізгі құралына айналуы тиіс. Фискалдық саясатты одан әрі жетілдіру салықтық әкімшіліктендірудің түсінікті, нақты және ашық рәсімдерін белгілей отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, салық базасын кеңейтуге және бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға бағытталуы тиіс екендігі айтылды.
– Бұқара «Мемлекет «жұмыртқадан жүн қырыққандай» көп салық алғысы келеді. Соның кесірінен тіркелмей жұмыс істегенді жөн санаймыз» дейді. Сондай-ақ, салықты төлегіміз келмегендіктен емес, сандалысы көптіктен деген пікір айтуда. Бұл жайында не дейсіз?
– Бұл пікірмен келісе қоймаймын. Жеке кәсіпкерлікке тіркелу тегін, ешқандай қаражат талап етілмейді. Бүгінгі таңда Азаматтарға арналған Үкімет үйі арқылы, egov.kz арқылы, болмаса екінші деңгейлі банктердің ұялы телефондағы қосымшалары арқылы тіркелу мүмкіндігі қарастырылған. Одан бөлек, салық салудың режимдері бойынша тәртібі бекітілген, соған қатысты тиісті салықтарды төлейді. Атап айтқанда, патент негізінде, арнайы мобильді қосымшаны қолдану арқылы, оңайлатылған декларация негізінде, тіркелген шегерімді пайдалана отырып, шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР, ауыл шаруашылығы өнімдерін, акваөсіру өнімдерін өндірушілерге және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған АСР.
Сонымен қатар, Салық кодексінің талаптарына сәйкес, салық органы салық төлеушінің мекенжайына бармай, салық төлеушінің тапсырған салық есептілігіне, уәкілетті органдардан алынған мәліметтерді салыстыру, талдау арқылы камералдық бақылау жүргізеді. Кемшілік анықталған жағдайда хат, хабарлау, хабарлама арқылы жолдай отырып, салық төлеушінің өз бетінше орындауға, түзетуге мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ, басқа елдермен салыстырсақ, Қазақстандағы салық жүктемесі, салық мөлшерлемесі төмен.
– Осы орайда, сұрай кетейін. ТМД елдерінің арасында нешінші орындамыз?
– Мысалы, патентте 1 пайыз ғана төлейді. Бұл өте көп емес. Білесіз, патентте бір ғана адам жұмыс істегеннен кейін 1 пайызды төлеу қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Екіншіден, оңайлатылған режим деген бар. Ал, рейтингке келетін болсақ, PwC Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүргізген «Төлейтін салықтар 2019» зерттеуінде Қазақстан 56-орынға ие болды.
САЛЫҚ ТӨЛЕУШІ САЛЫҚ РЕЖИМІН ӨЗІ ТАҢДАЙДЫ
– Салық кодексі қаншалықты қарапайым немесе күрделі? Жалпы, бизнеске қолайлы ма?
– Жоғарыда атап өткендей, жеке кәсіпкерлікті ашқаннан кейін салық төлеуші салық режимдерді өзі таңдайды. Патент негізінде жұмыскердің еңбегін пайдаланбайды, патентті кемінде бір ай пайдалану мүмкіндігі қарастырылған, салық салу 1 ғана пайыз. Патент бойынша салық кезеңдегі кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылына 1 қаңтарына қолданыста болатын АЕК-тің 3528 теңге еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Сонда 3528 теңге дегеніміз – жеке кәсіпкер 10 миллион 806 мың теңгеге дейін айналым жасай алады деген сөз. Оңайлатылған декларация негізінде салықтық кезеңде жұмыскерлерінің саны 30 адамнан аспауы тиіс. Салық кезеңдегі кірісі АЕК-тің 24038 теңге еселенген мөлшерінен аспауы қажет. Ал, 24038 теңге бүгінгі күні 73 628 394 теңге айналым жасай алатын мүмкіндігі бар. Тіркелген шегерімді пайдаланумен 50 адамнан, салық кезеңдегі кірісі 144 184 еселенген мөлшерден аспауы тиіс. Салық төлеуші өзінің кәсібінің ауқымдылығына, ерекшелігіне қарай салық режимін өзі таңдайды.
– Салық кодексінің нормалары біржақты ма? Көп мағыналы болса, жемқорлықтың негізі ретінде саналмай ма?
– Салық кодексі жылдан-жылға әрбір бабы, әрбір тармағы заман талабына, салық төлеушілердің, бизнес қауымдастығының ұсыныстары, пікірлері ескеріліп, өзгеріп отырады. Алдағы жылы түбегейлі өзгерту жоспарланып отыр. Салықтық әкімшіліктендіруді оңтайландыру, салық төлеушілерге қарапайым әрі түсінікті болу, барынша салық төлеушілермен тікелей кездеспеу, жолығу деген мәселені азайту тетіктері қарастырылып жатыр. Яғни, салықтық әкімшілендіруді автоматтандыру жағына барынша көңіл бөлінуде. Жалпы, жемқорлыққа қарсы бағытталған жұмыстар жүргізілгенімен, барлық салада барын жоққа шығара алмаймыз. Төрт жылға жуық басқарып отырған қазіргі басқармамда жемқорлық жөнінде факті болған жоқ. Бұл біздің жүйелі жұмыс пен техникалық сабақтардың жемісі деп білемін.
– Салықтық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың барысы қалай?
– Басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер Мемлекеттік кірістер органдарының мемлекеттік қызметтер көрсету қағидалары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының және жоғарғы кірістер органының 10.07.2020ж. №665 бұйрығының талаптарына сай жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, аталған нұсқаулықтарға сәйкес, басқармада қызмет көрсету орталықтарының жұмыс істеу ережесі бекітілген және орталықта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер қағидалары, мемлекеттік қызметтерді көрсету тізімі мен мерзімі, салық төлеушілерге арналған ақпарат, өтініштер үлгісі бар стендтер талапқа сай орналастырылған және заманауи талапқа сай теледидар арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер туралы және өзгерістер мен толықтырулар туралы бейнероликтер үздіксіз көрсетіліп тұрады.
Қызмет көрсету орталығында салық төлеушілерге бағыт-бағдар, яғни қандай қызмет түрін алуға не болмаса туындаған сұрақтармен келгеніне қарай, тиісті маманға, т.б. тиісінше түсіндірме жүргізіп отыратын арнайы модератор маманы бекітілген және де орталық қызметкерлері бейдж тағып, іскерлік киім үлгісін сақтайды. Орталықта салық төлеушілер қызмет алу үшін «кезекті электронды басқару жүйесі» іске қосылған «бір терезе қағидаты» негізінде қызметтер көрсетіледі.
«Кезекті электронды басқару жүйесіндегі» сандық және уақыттық параметрлеріне үнемі талдау жүргізіліп, электронды кезектің уақытылы қосылып, сөндірілуі және қызмет көрсету сапасы бақыланып, қадағалау жүргізіледі. Электронды басқару жүйесіндегі қабылдау уақыты әр салық төлеушіге 20 минуттан бекітілсе, мамандар тарапынан уақытты үнемдеу барысында 4-10 минут аралығында қызметтер көрсетілуде. Салық төлемдерін төлеу үшін «Халық банкі» және «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінің кассаларымен мультикассалар арқылы төлем жүргізе алады.
2022 жылдың 11 айына 181 241 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Атап айтқанда, электронды қызмет 99,6%-ды құраса, 0,4%-ы қағаз жеткізгіште қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, салық төлеушілерге үнемі электронды қызмет алу тиімділігі түсіндірілуде. Бүгінгі таңда келушілерден мемлекеттік кызметтер көрсету барысына шағымдар болмаған.
Салық төлеушілерге көрсетілетін қызметтің сапасын оңтайландыру, бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында іс-шаралар шеңберінде семинар, дөңгелек үстел, онлайн форматта тікелей эфирлер жүргізіліп келеді. Сол сияқты «Адалдық алаңы» бағдарламасына қатысып, жалпы халықты, жеке тұлға мен кәсіпкерлердің көкейіндегі мәселелерге заңдылық талаптарына сәйкес түсіндірмелер беріледі. Қазіргі әлеуметтік желінің кеңінен қолданылатын кезде Инстаграм, Фейсбук, Телеграм т.с.с ақпараттық технологиялар алаңдарында ұдайы түрде барлық көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен жалпы мемлекеттік кірістер органының атқарылып жатқан жұмыстары туралы ақпарат жарық көруде.
Бүгінгі күні салық төлеушілерге оңтайлы жағдай жасау мақсатында тұрақты негізде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның бірі – онлайн броньдау. Бұл функция қызмет алушыларға кезек күтіп, уақыт шығынын жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, төтенше жағдай, карантин кездерінде қауіпті болған жағдайда, алдын ала электрондық үкімет арқылы және «E-salyq – Azamat» мобильді қосымшасымен броньдау мүмкіндігі салық төлеушілердің ағынын реттеуге, сервис орталықтарында кезектердің пайда болуына жол берілмейді.
Мұнымен қоса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету мәселесі назардан тыс қалдырылмай, қолайлы жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, халықаралық стандарттарға сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы белгіленген белгімен автотұрақ орындары, қызмет берушіні шақырту тетігі, пандус, тактильді жолдар, мемлекеттік қызмет алу орындары, Брайль тақтайшасы, арнайы жабдықталған дәретхана бөлмесі және т.б. орнатылған. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау мақсатында кезекті электронды басқару жүйесінің мәзіріне «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар» деген функциясы іске қосылған.
Келушілерге арнайы күту орындары, диван, кресло, орындықтар орналастырылған. Салық төлеушілерге арналған үстелдерде мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының тізімі, мәтіні әр файлға қазақ және ресми тілде қойылған. Салықтық өтініштерінің және салық есептілігі нысандарының толтырылған нұсқаларымен қамтамасыз етілген.
Салық төлеушілерге ақпараттарға қол жеткізу мақсатында және толыққанды жағдай жасалынып, арнайы терминал бөлмесінде 12 интернет желісі қосылған компьютерлер орналастырылған. Терминал арқылы салық төлеушілер ақысыз түрде салық төлеушінің кабинеті және Комитеттің «www.kgd.gov.kz» интернет ресурстары арқылы, өзін-өзі қызмет көрсету терминалы «e.gov.kz» электрондық үкіметтің веб-порталында электронды түрде қызметтерді алуға мүмкіншіліктері бар. Терминалға келген әрбір салық төлеушіге, салық есептіліктерін, өтініштерін табыс ету, анықтама алу мәселесі бойынша жан-жақты көмек көрсету мақсатында арнайы маман жұмыс атқарады. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын мейлінше арттыру мақсатында Департаментте «байланыс орталығы» 1414 телефон желісі жұмыс істейді.
Салық төлеушілердің басқа да мәселелермен келген жағдайында, тиісті бөлім мен маманға жолдап, бағыттау мақсатында «ОpenSpace» (Қабылдау Орталығы) жобасы іске асырылды. Бұл шыныланған ашық «ОpenSpace» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі, кірістер органдарының жұртшылық үшін ашықтығын, жемқорлыққа төзімсіз сипатын білдіреді. Жұмыс форматы келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған. Кірістер органының басшылығы азаматтарды осы жерде қабылдауды жүзеге асырады.
Жыл ішінде басқарма мамандарымен көрсетілетін қызметтің мерзімінің бұзылу жағдайы тіркелмеген. Салық төлеушілер мен қызмет алушылар тарапынан басқарма мамандарының қызметіне қатысты шағым болмаған, арыз-шағым жәшігі мен журналы тұрақты бақылануда.
Сонымен қатар, салық төлеушілерге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мақсатында «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын әзірлеп, қолданысқа енгізілді. «Е-Salyq Azamat» мобилді қосымшасы салық төлеушілер үшін тиімді және кез келген азамат үшін қолжетімді. Оның мүміндіктерінің бірі – тұрғындардың банк бөлімшесіне бармай-ақ, комиссиясыз мерзімінде салығын төлей алуы. Бұл, әрине, жергілікті, төртінші деңгейлі бюджеттің артуына, өзін-өзі басқару ісін нығайтуда маңызы зор. Бұл мобилді қосымшада жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауға арналған әртүрлі қызметтер бар, мысалы:
• активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 нысаны) жалпы декларацияның бөлігі ретінде ұсынуға;
• салықтарды банк бөлімшелеріне бармай және комиссиясыз төлеуге;
• салық берешегін тексеру;
• артық төленген салықтарды есепке жатқызу;
• мүлікке, жерге және көлікке салықты тексеру және есептеу;
• салық объектілерін қарау (жылжымайтын мүлік және көлік);
• жылжымайтын мүлік және көлік туралы ақпараттарға түзетуді енгізу;
• жұмыс берушілермен жалақының есептелуін, табыс салығы мен әлеуметтік төлемдердің ұстау мөлшерін тексеру;
• мемлекеттік кірістер органдарының қызмет көрсету орталықтарына баруын онлайн брондау.
Сол сияқты жеке тұлға үшін «Е-Salyq Azamat» іспеттес кәсіпкерлерге «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы да іске қосылып, онлайн режимде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, чек беруге, салық есептілігін жіберуге салық сомасын төлеуге, төлемдерді басқаруға және мемлекеттік кірістер органдарынан белгілі бір қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Бұл жерде айта кететін маңызды нәрсе кез келген алыс ауылда тұратын азамат аудан орталығына бармай-ақ, еш жерге кезекке тұрмастан өзінің жеке ұялы телефонындағы «App Store» немесе «Play Market»-тен «E-Salyq Business» және «Е-Salyq Azamat» қосымшаларын жүктеу арқылы, оңай және жылдам жоғарыдағы аталған мүмкіндіктерге қол жеткізе алады. «E-Salyq Business» және «Е-Salyq Azamat» мобилді қосымшасын халық арасында таныстыру, түсіндіру және кеңінен насихаттау үшін ауылдық округтер мен кенттерде, қала орталықтарында билбордтар орналастырылды. Нәтижесінде, «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын 42 350 жеке тұлға, «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын 14 891 жеке кәсіпкер тіркеліп пайдалануда. Әлі де үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
ҚАЗАҚСТАНДА 300 МЫҢДАЙ КӨЛІК ЗАҢСЫЗ ЖҮР
– Бүгінгі қоғамда темір көлікті тізгіндейтіндер көп. Шетел номерлі көліктеріне арзан бағада қазақстандық номер беру жайында айтсаңыз.
– Президентіміз Жолдауында кейбір жақын шетелден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер бар екендігін атап өтті. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынатынын айтты. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара. Қазіргі таңда осы мәселеге қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, Қазақстан Республикасында уәкілетті органдардың статистикасы бойынша 300 мыңдай көлік заңсыз жүр.
– Енді бюджетке қарай көшсек. Тікелей салық бөлігіне қатысты жауап берсеңіз. Биыл мен өткен жылдардағы статистика бойынша сөйлесеңіз.
– 2022 жылдың түсіміне келсек, салықтық түсімдердің республика бойынша жоспары 100% орындалуы күтілуде. Жоспар – 61 301 миллион теңге, күтілім – 66 128,5 миллион теңге, өсу қарқыны 128,3 % немесе 14 577,5 миллион теңгеге артық. 2021 жылы түсім 51 551 миллион теңгені құрады.
Жергілікті бюджет бойынша 18 304,6 миллион теңге жоспарланған, түсім 16 281,8 миллион теңгені құрап, жоспардың орындалуы 92,3% құрайды. Оның себебі пәтер сатудан түсетін табыс 3,5 миллиард теңгеге жоспар жоғары қойылған. Салықтық түсім бойынша 10 634,6 миллион теңге жоспарда, 11 819,2 миллион теңге түсуі күтілуде, жоспардан 1184,6 миллион теңгеге артық түсетіндігі, жоспар 111,1% орындалып, өткен жылмен түсімнің қарқыны 113,1% немесе 1371,5 миллион теңгеге артық күтілуде. Өткен жылы 10 448 миллион теңге болды.
– Соңғы сауал болсын, шенеуніктерге, ақшасының есебі жоқ тұлғаларға «байлық салығы» кодекске енгізілгені дұрыс па? Бұл туралы не ойлайсыз? Мұны енгізуіміз керек пе? Бұл ақшаның есебінен әлсіз топтарға көмектесуге болар еді.
– Өте орынды сұрақ. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн екендігін атап өтті. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Қазіргі таңда қымбат мүлік пен көлікті салықтық әкімшіліктендірудің тетіктері қаралуда. Бұл ақшаның есебінен әлсіз топтарға ғана емес, бюджетке түскен қаражат есебінен жалақы, зейнетақы, жол салу, құрылыс нысандары, жалпы өңіріміздің көркеюіне септігін тигізер еді. Жалпы, жаңа Салық кодексі экономиканы өрге сүйрейді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!