Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Деректер және дәнекер

20.12.2022, 16:50 268

22 желтоқсан – Архившілер күні қарсаңында

«Тарихты адамдар жасайды, ал, архивтер оны сақтайды» – деген дәріп сөз бекер айтылмаса керек. Өйткені тарихи шежіренің көмбесі – архивте. Одан тек көп ұлттың кешегісі мен бүгінін ғана емес, архивтік деректер арқылы адамзаттың саяси тарихы, экономикалық және әлеуметтік дамуының құжаттарын табуға болады. Және архивтің мемлекет тарихын қалыптасудағы рөлі өте зор.

Бұл орайда Несіпжамал Маханқызын мейлінше ілтипатпен атауға тиістіміз. Ол – тарихи жадының сақтаушысы, алуан ақпаратпен қамтамасыз етуде ел мүддесі үшін табанды жұмыс істеген майталман маман болды. Есімде, ертеректе «Сыр бойы» газетінде «Біздің қаланың көшелері» деген атаумен мақалалар топтасын жарияланды. Сол ауқымды еңбек Несіпжамал апайдың Қызылорда қаласының 190 жылдық мерейтойына тағылымды тартуы еді. Мұндай маңызды мәселені ол молынан атқарды және халыққа қажетті сұранысты оқиғаларды дер кезінде ұсынып отырды.

Несіпжамал Әбілдаева 1950 жылы 25 қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келді. Ол Сырдария ауданы №43 «Коммунизм» орта мектебін 1966 жылы бітірді. Араға екі жыл салып, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне оқуға қабылданды. Институтты сәтті аяқтап, еңбек жолын мамандығына сәйкес Сырдария ауданы, №138 Абай орта мектебінен бастады. Ал, 1977-1979 жылдары облыстық журналистер станциясында қызмет етті. Осында КПСС мүшелігіне кандидат болып, бір жылдан соң Қызылорда қалалық партия комитетінде мүшелікке қабылданды.1979 жылдың 12 сәуірінде Қызылорда облыстық партия комитетінің бюро қаулысымен партия архивінің нұсқаушысы қызметіне бекітіледі. Осыдан бастап Несіпжамал Маханқызының жаңа еңбек баспалдағы бастала берді. Уақыт пен жұмыс жүйесі оның тәжірибесін толыстырып, талабын шыңдай түсті.

Ол 1989-1990 жылдары облыстық архивінің бас қор сақтаушысы, қайтадан партархивтың инструкторы қызметтерін атқарды. Коммунистік партияның таратылуына байланысты Қызылорда қоғамдық-саяси тарихы архиві филиалының директоры, еңбек демалысына шыққаннан бастап 2013 жылға дейін осы архивтің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.Несіпжамал апайдың облыстық радиомен, «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттерімен рухани байланысы тығыз болды. Сол дәнекер ісі ұтқыр деректер ұсынуға мүмкіндік берді. Ол облыстық төтенше жағдайлар департаментінде мекеменің жеке архивін қалыптастырып, жүйеге келтіруге айрықша атсалысты.

Ардагер архившіні бүгінгі буын ұстаз санайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: