HALYQLINE.KZ Қызылорда облыстық тарихи – өлкетану мұражайында 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында қалалық №268 орта мектебінің жоғары сынып оқушылары қатысқан ерлік сабағы ұйымдастырылды.
Ерлік сабағына Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Жақыпов, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Мыңділда Ршауов, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абзал Жақашов және мектеп пен мұражай өкілдері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты болашақ Отан қорғаушылардың әскери-патриоттық рухы мен өткен тарихқа деген құрметін қалыптастыру, Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру және азаматтарымызды мұражайдағы бай тарихи жәдігерлермен таныстыру болды.
Ерлік сабағының тарихи – өлкетану мұражайында өтуінің де өзіндік мәні бар. Өткенді білмей болашаққа көз жүгірту мүмкін емес. Мұражай – өткеннің ізін жаңғыртып, тарихтан сыр шертетін негізгі құрал. Ел тарихын, мәдениетін білу – әрбір азаматтың міндеті. Сол себепті ел егемендігі жолындағы аға-әпкелеріміздің ерлігі жастар жадында мәңгі жаңғырып тұруы қажет.
Ерлікке бағдар болар сабақ барысында қонақтар Қарулы күштердің 30 жылдық тарихына, қазақ әскерінің қазіргі уақыттағы жетістіктеріне, ұлтжандылық тақырыптары мен патриоттық тәрбие беруде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстарға тоқталды. Жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. «Айбын» республикалық әскери – патриоттық жастар жиынынан үзінді бейнероликтер көрсетіп, мектеп оқушыларының әскери өмір жайлы барлық сұрақтарына жауап берді.
– Тарихи – өлкетану мұражайындағы жоғары сынып оқушыларымен өткен ерлік сабағы барысында болашағын әскермен байланыстырғысы келетін жастардың барын байқадық. Жастарымызға күш-жігер, қайрат беретін, әрбір азаматтың Отан алдындағы міндеттері талқыға түсетін осы сынды іс-шаралар Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін аса қажет, – дейді запастағы подполковник Мыңділда Ршауов.
Аталмыш іс-шара соңында №268 орта мектебі қызметкерлері, мұражай ұжымы және жоғары сынып оқушылары ардагерлер мен әскери қызметшілерге осындай жастарға патриоттық тәрбие беру жолындағы еңбектеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта да осы сынды ауқымды шараларды бірлесе ұйымдастыруға шақырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!