Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде оң өсім бар

14.12.2022, 12:00 229

HALYQLINE.KZ Облыс орталығында қоғамдық көлік паркін жаңарту, халық сұранысын ескеру мақсатында биыл 150 дана автобус алуға қаржы бөлінді. Бүгінде оның 100-і айналымға қосылса, қалғаны кезең-кезеңімен автобус паркіне қосылады. Қоғамдық көлікке деген қажеттілікті өтеу үшін келер жылы қосымша тағы 150 автобус сатып алынбақ.

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихатының кезекті XХІІ сессиясында баяндады.Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.

Сессияның күн тәртібінде 14 мәселе қаралды. Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай облыс бюджетінің 3 жылдық жоспарын таныстырды.

Депутаттардың алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы биылғы 11 ай ішінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім қалыптасқанын жеткізді.

– Өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібінің өнімі 8,5, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 0,3 пайызға, инвестициялар тарту 31,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 6,4 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 21,1 пайызға және жалпы сауда айналымы көлемі 2,3 пайызға артты.

Индустрияландыруды дамыту аясында өңірде жалпы құны 613,1 млрд теңгені құрайтын 37 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл 6,8 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Биыл облыста 28 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 13,6 мыңы тұрақты. Мемлекет Басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы 11 ай қорытындысымен екі еседен артық орындалды.

Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 6,4 пайызға өсті, алдағы үш жылда 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді іске қосуды жоспарлаудамыз. Келесі аптада Қызылорда қаласының сол жағалауынан үйлері апатты деп танылған 60 отбасыға пәтер кілті табысталады, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы қазіргі таңда Қызылорда облысының газдандыру деңгейі 67,8%-ды құраса, келесі жылы 15 газдандыру жобасын іске асыру арқылы облыс халқын газбен қамтамасыз ету үлесі 72 пайызға жеткізілетінін мәлімдеді.

Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығындағы негізгі мәселесі – қоғамдық көлік жетіспеушілігін оңтайлы шешімін тапқанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта «Қызылорда автобус паркі» тағы да жаңа автобустармен толықтырылатынын жеткізді.

«Биыл Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1 млрд 430 млн теңге қаржы бөлінді. Соның аясында 100 жаңа автобус маршруттық бағытқа қосылды. Қалғаны келер жылдың басында жеткізіледі.Әрине, бұл қажеттілікті толығымен өтемейді. Әсіресе, қазіргі қыс мезгілінде тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктерге сұраныс артуда. Өйткені, жеке қоғамдық көлік иелері өз міндеттеріне немқұрайдылық танытады. Таңертең ерте шықпауы, кешқұрым ерте тоқтауы, қызмет көрсету сапасының төмендігі қоғам тарапынан жиі сынға ұшырауда. Сондықтан, осы мәселені түбегейлі шешу үшін Өздеріңіздің қолдауларыңызбен келер жылы 1 млрд 434 млн теңгеге қосымша тағы 150 автобус алуға қаржы бағытталуда», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы мәслихат депутаттарына алдағы 3 жылғы аймақ бюджетін ұлғайып, облыстық бюджеттің көлемін 505 млрд теңге көлемінде бекітуді ұсынды.Айта кету керек, келер жылы бюджет қаражатын үйлестіруде ауылдар мен елді-мекендердің әлеуетін арттыруға басымдық беріледі. Аймақ бюджетін бекіту барысында қала және аудандарға қосымша 15 млрд теңге бағытталмақ. Бұл қаржы халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандыратын жобаларға, яғни, инженерлік инфрақұрылымдарға, әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалатын болады.

– Мемлекет басшысы ауылдық аумақтарды дамыту мәселесіне баса назар аударып, ауылды өркендетуге жаңа бағыттардың қажеттілігін айтқан болатын.Облыс халқының 55%-ы дәстүрлі түрде ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауылдың кешенді дамуы біздің басымдығымызда.Ұлттық экономика министрлігімен «Ауылдық аумақтарды дамыту» Тұжырымдамасы әзірленіп, оның аясында облыстың 103 тіректі және спутникті елді мекенді қамту көзделуде.Алдағы уақытта бұл жобаларды өздеріңізбен бірлесіп, жүзеге асыратын боламыз, – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, биыл Жалағаш ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға беріліп, демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгені құрайтын 80 спорт-ойын алаңы тарту етілді. Сондай-ақ, демеушілер есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі ашылса, Сырдария ауданында, Нағи Ілиясов ауылында құны 350 млн теңгені құрайтын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді, ал теңізді өлке Арал ауданында құны 320 млн теңгеге «Балықшылар монументі мен аллеясы ашылды. Апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңге қаржыға қайта салынуда.

Облыс орталығында құны 1,6 млрд теңгені құрайтын Неке сарайы, 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығының құрылысы жүргізіліп, сол жағалаудағы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын Қан орталығы 2024 жылдың қаңтар айында беріледі. Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Аналар үйі» орталығының құрылысын жүргізілуде.

Аймақтың инфрақұрылым әлеуетін дамыту мақсатында Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы бой көтеруде.

«Қазгермұнай» ұлттық компаниясы басшылығы Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы бастау алып, «Саутс Ойл» компаниясы келесі жылы 10 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионын салуға ниет білдірді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: