HALYQLINE.KZ –| Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, әртүрлі ауқымдағы (түрлі деңгейдегі) спорттық іс-шаралар тоқтатылды. Сондай-ақ, отандық спортшылардың өзге елдерге халықаралық жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына шығуына тыйым салынды. Бұл туралы өңірілік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жақсылық Оспанов баяндады.
– Спортшылар күн сайын таңертең 8:00-ден бастап, кешкі 20:00-ге дейін үйден шықпай, дене жаттығуларын жасап, шеберлік класстарын әлеуметтік желіде көрсетуде. Сонымен қатар, ауыр атлетикадан 4 дүркін Әлем чемпионы Илья Ильинмен «Карантиндегі спортшы» тақырыбында жаттығу тікелей эфирде ютуб арнасында көрсетілді, – деді Жақсылық Әбдімәлікұлы.
Төтенше жағдайға байланысты наурыз, сәуір айларында өңірде жоспарланған облыстық, республикалық жарыстардың уақыты екінші жартыжылдыққа шегерілді.
Сондай-ақ, 25-26 сәуір күндері таеквондодан жастар арасында облыстық жарыс және 27-28 сәуір күндері каратэ-додан жасөспірімдер арасында ката бағдарламасы бойынша онлайн жарыстар өткізіледі.
Бұған қоса, «Қайсар» футбол командасының ойыншылары да дайындықты далада жүргізбесе де, жеке-жеке жаттығып жатыр. Қауіпті індетке байланысты легионерлер де елдеріне қайтарылған жоқ. Қазіргі таңда команда онлайн режимде жаттығу жасауда.
Мұнан өзге, карантин аяқталғаннан кейін барлық спорттық шаралар мен оқу-жаттығу процестері күнтізбелік жоспарға сәйкес, әрі қарай жалғасатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!