Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сахнаны сыйлау керек, жастарға айтарым да – осы

01.12.2022, 10:00 1348

Руслан  САДЫҚОВ,  әнші:

Ұлы Абай өз жазбаларында «өлгенше оқы, тоқы, ізден, еңбектен, қызмет ет, зейнетін көресің» дейді. Осы сөзді ғұмырлық ұстанымына айналдырып, сахнаның саңлағы атанып жүрген өңір тумалары аз емес. Олардың қатарында әнші Руслан Садықов та бар. Сахнада жүргеніне 20 жыл болған өнер иесі 12 желтоқсан күні облыстық Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында республикалық деңгейде ән кешін өткізіп, тыңдармандарын қуантпақшы. Микрофонды серік еткен тамаша дауыс иесі талай мәрте Сырдың атын шығарып, халықаралық деңгейдегі байқаулардан да марапат мінберінен көрінді. Алғаш рет 20 жыл бұрын қадам басқан киелі сахна арда өнердің ағымына бойлатып, халықтың қошеметіне бөлендірді. Шығармашылығын шыңдады. Руслан Садықов – өңір мақтанышы. Ән додаларында жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Ол осы жылы өнердегі еңбегі мен бейнеті арқасында «Дүние таланттары одағының» мүшелігіне қабылданып, сый-құрметке ие болды. Тума таланттың ән кешінің қарсаңында өзімен кездесіп, аз-кем тілдескен едік.

– 2021 жылды аяқтап, 2022 жылға қадам басқан кезде, «биыл  республикалық  деңгейде  20 жылдық есеп беру кешімді өткізу жоспарда бар» деген едіңіз. Алда 12 желтоқсан күні облыстық Нартай Бекежанов атындағы театрда есеп беру кешіңіз өтеді. Жеке концертіңізге қандай өнер майталмандары келеді? Жалпы, сол 20 жылдық мерекелік кешіңіз туралы айтсаңыз.

–  Сахнаны киелі деп бекер айтпайды. Онда өнер көрсеткен адам міндетті түрде халықтың құрметіне  бөленіп, шығармашылығы мен ізденісіне сай бағасын алады. Биыл сахнаға шығып, қалың көрермен алдында өнер көрсетіп жүргеніме 20 жылдан асқан екен. Бұл ән кеші негізі 2021 жылы өту қажет еді. Бірақ сол пандемия уақытында кейінге шегерілді. Соның орайы осы айға түсіп,  Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен, Сыр өңірінен шыққан елімізге танымал әнші өнерпаздардың қатысуымен есеп беру кешім өткізілмекші. Оған Жеңіс Ысқақова мен Жеңіс Сейдуллаұлы және тағы басқа өнер жұлдыздары қатысады. Сол ән кешіне бала кезден бері сахнаға бірге шығып, ән салған  өнердегі әрі өмірдегі досым Алмас Кішкенбаев та арнайы келіп, өнер көрсетеді. Әрі репертуарға жаңадан қосылған әуезді әуендер шырқалып, тыңдарманға жол тартатын болады.

– Қазақтың күміс көмей әншілерге деген құрметі ерекше. Әрі өзіңіз соңғы кезде көңілді әндерді жиі орындап жүрсіз. Бұл өз таңдауыңыз ба әлде өнер жолында үлгі алған тұлға бар ма?

– Ол белгілі бір тұлғаның бағыттауымен деп айтуға келмейді. Өйткені сахнада жүрген соң, той-томалаққа шақыртулар жиі түседі. Осындай кезде лирикалық немесе баяу әуендер өтімсіздеу болады. Сол үшін соңғы кезде көбінде көңілді әндер орындап, тыңдармандарға ұсынып жүрмін. Себебі, музыка адамның көңіл күйін басқара алатын қасиетке ие. Бұған дейін өзімізге де, халыққа да ұнайтын әндерді дүниеге әкеліп, соларды шырқасақ, қазір елдің көңіл күйі ән тыңдаған уақытта түспесін деген оймен көбінде көңіл көтеретін туындыларды орындап жүрген жайымыз бар.

– Бүгінде ән де, әнші де көп. Әрі олардың орындалу ауқымы да әртүрлі. Ал сіздің қазіргі қазақ  эстрада  әншілеріне  көңіліңіз  тола  ма?

– Дұрыс айтасыз. Қазірде көбінде бір өлең жазылса, соған сай ән жазылып, бірден тыңдармандарға жол тартып жатады. Ол әннен кейін артында жауапкершілік барын ұғына бермейді. Жалпы, қазіргі эстрада әншілеріне көп сын бар. Өйткені халықтың алдына шыққан уақытта таза шығу керек. Сол туындың арқылы бұқараның батасын алып, тілегіне айналасың. Ал қазіргі эстрадаға келіп жатқан кейбір жас әншілердің кәсіби білімі жоқ, нота танымайды, оның үстіне сахнада өзін бұрыс ұстап жататын кезі жиі болады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін заң қажет деп олаймын. Өйткені сахнаның қоғам үшін, көрермен үшін рөлі мен орны бөлек. Және киелі сахнада орындалған ән халықты жақсы жаққа тәрбиелеуі тиіс. Сахнаны сыйлау керек, жастарға айтарым да – осы.

– Жалпы шығармашылығыңыз бен жеке өміріңізде қандай жаңалықтар болып жатыр? Бөлісе  отырыңыз.

– Шығармашылық өз тынысымен жаңа әндермен толығуда. Қазірде көптеген түсірілімге, үлкен сахналарға шығып жатырмын. Сонымен қатар, телевидениеге де сұхбатқа шақыртулар түсіп, бірнеше жерде бой көрсетіп жүрген жайым бар. Әлеуметтік желіде белсенділік танытып, істеп жатқан жұмыстарымды оқырмандарыммен бөлісіп отырмын.

– Елдің елдігі – аға буынын құрметтеп, төрге шығаруында. Қазірде жаныңызға білгеніңізбен бөлісіп, ортаға бейімдеп жүрген шәкірттеріңіз, өнер жолындағы ізбасарыңыз бар ма?

– Негізі бұл кезде шәкірт тәрбиелемес едім. Кешегі пандемияның уақытында Қаракөз Ақдәулетова апайым келмеске кетіп, өнерге бай бір адамның орны ойсырап қалғандай болды. Ол кісінің жоқтығы, әсіресе менің жүрегіме қатты батты деуге болады. Себебі Қаракөз апайым – көптеген шәкіртті өнерге баулып, жол сілтеп жүрген бірден-бір ұстаз деуге тұрарлық жан. Сол кісі шәкірттерін маған тастап кетті ме деп те ойлаймын. Бұл шәкірт тәрбиелеу деген – үлкен жауапкершілік. Қазір сол шәкірттерді өнер жолында мықты майталман болуға барынша жол сілтеп, дұрыс бағдар беруге тырысып жүрмін. Алла қаласа, алдағы өтетін ән кешінде шәкірттерім де өнер көрсетіп, көңілді кештің көркін қыздыратын болады. «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, өнер жолындағы ізбасарларым да халықаралық деңгейде ән додаларында бой көрсетіп, өнерімен елді сүйсіндірсе, мен үшін де маңыздысы – сол.

– Бүгінгі буынға айтар ақыл-кеңесіңіз болса, мархаббат.

– Бүгінгі  буынға  бірдеңе  айту  үшін  де адам  алдымен  өзі сол жолды жүріп өтіп, сезінуі  керек. Сол үшін бүгінгілерге айтарым, адам сүйген ісімен айналысуы керек. Сонда ғана ол ұлы жетістіктерге жете алады. Ал өнердегі ізімізді басатын өрендерге халыққа тек шынайы өнерің мен шығармашылығыңды паш ет дегім келеді. Тұлға тұлға болуы үшін сол атқа лайық тірлік жасауы керек. 

– Ашық әңгімеңіз бен кеңесіңізге үлкен рақмет, аға! Алда өтетін шығармашылығыңызға сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен  Ердәулет  ҚАЛИ

P.S. Сыр жұртшылығы – ұлы өнерден кенде халық емес. Өйткені Қорқыт бабаның қобызы осы өлкеде күмбірлеп, әнші арулар соғыс даласында қан кешіп жүріп ән салған. Мұның өзі – аймақты мәдениет ошағы деудің бірден-бір дәлелі. Сырда туған жезтаңдайлар мен саңлақ өрендер халық руханияты мен өнерін ұлықтауда асқан ерлік жасап келеді. Және біз соның куәгеріміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: