Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық оқушылар егінді үнемдеп суару жолын ойлап тапты

14.11.2022, 11:10 273

HALYQLINE.KZ Соңғы жылдары Сыр өңірінде су тапшылығы байқалады. Осы ретте қызылордалық оқушылар егін алқаптарына кететін суды үнемдеудің тың әдістерін ойлап тапты. Оны жүзеге асыру үшін арнайы құрылғы құрастырған. Бүгінде егіс алқаптарында жаңбырлатып суару технологиялары пайдаланылады. Бірақ ол адамдардың қатысуымен жүзеге асады.  Ал 10-сыныпта оқитын Сания мен Жансая жаңбырлатып суару технологиясын толықтай автоматтандыруға болатынын дәлелдеп отыр. Олар бұл ойын шағын макет ретіндегі құрылғыға айналдырып, оны тәжірибеден өткізуде. 

Сания Мұратова, оқушы:

– Сонымен қатар бұл жобада біз 3 түрлі датчикті, яғни ылғалдылықты анықтайтын, күн сәулесінің түсуін қадағалайтын және ауа температурасын есептейтін датчиктердің бірлесіп жұмыс жасауын ескере отырып, арнайы құрылғы орнатқан болатынбыз. Яғни осы жоба сыртқы факторларды ескере отырып жасайды да, өсімдікке қолайлы жағдай туындаған кезде ғана конвейір іске қосылады.

Республикалық байқауда үздіктер қатарынан көрінген бұл жоба арқылы егіс алқаптарына кететін судың көлемін 30 процентке дейін үнемдеуге болады, дейді жас ізденушілер. Сания мен Жансая енді бұл құрылғына үлкен көлемде құрастырып, мектеп ауласында егілетін дақылды суаруға сынап көруді жоспарлап отыр. Осылайша халықаралық байқауларда бақ сынауға ниетті.

Дарынды оқушылар агрономның да жұмысын автоматтандыруға болады дейді. Мәселен, Еңлік пен Назгүл өсімдіктің жағдайы мен егіс басындағы климоттық ахуал туралы ақпаратты арнайы құрылғы арқылы жинақтауға болатынын дәлелдеп отыр. Осылайша фермер алқап аралап сабылмай, дақылдың жай-күйін қашықтан біліп отыра алады. 

Еңлік Мұратбек, оқушы:

– Бұл тек ауылшаруашылығына ғана пайдаланылмайды, біз оған көп датчиктер қосатын болсақ, ол барлық салада да қолдана аламыз. Яғни оны біз саябақтарға апарып, жасыл желектердің өсуін де қадағалай аламыз. Қазақстанда біздікіне ұқсас жоба жоқ, алайда Венгрияда бар. Алайда оның бағасы біздікінен қымбатырақ.

Құрылғы 1 шақырым радиусқа дейін қоршаған орта туралы мәліметті жинауға қауқарлы. Бұл ақпаратты арнайы базада жинақтау арқылы, ғаламдық жылыну мәселелерінің алдын алу үшін ғылыми ұсыныстар беру мақсатында да пайдалануға болады,-дейді өнертабыс авторлары. Бұл тақырып олардың жаңа ізденістеріне арқау болмақ.

Нұрлан Жақыпбеков,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: