Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз үшін тау көтерген толағайымыз

10.11.2022, 10:00 504

Өткен ғасырдың 80-жылдары ару Алматының сұлулығы мен адамның көңіліне нұр құятын ерекше жылы келбеті кез келген адамның  жанын баурамай қоймайтын. Сондықтан болар, сол кездері Алматыны бір рет көріп қайтудың өзі талайдың арманы еді ғой. Ал Алматыға жан-тәнімен ынтық болып, сонда білім алғысы келетін жастардың шынайы сезімінде тіпті шек болмайтын. Сондай арман қанатында әр қиырдан қалықтап келіп, Алматыға қона қалған жастардың бір тобы біз едік. Біз деп отырғаным – Қазақ Мемлекеттік университеті, филология факультетінің араб тілі бөліміне оқуға түскен қыз-жігіттер. Оған да, міне, аттай 40 жыл болыпты. Біз тура 25 едік. Біздің топқа  105 деген «ат қойылып, айдар тағылды». 25-тің бес-алтауы – екі-үш жыл еңбек етіп, әскерде болып, дайындық курсынан өтіп келгендер. Бәрі сақадай сай. Оқуға да, ғылымға да, қоғамдық жұмысқа да белсенді. Сөйтіп жүріп 2-курста университет бойынша «Ең үздік топ» атандық. Оны үш жыл бойы қолдан түсірмедік. Сондағы біздің білімге деген құштарлығымыз бен ауызбіршілігімізге қызыға да, қызғана да қарағандар аз болған жоқ. Солардың ішінде Шәрібай досымыздың орны бөлек, шоқтығы биік еді.

Бетке ұстар досымыз Шәрібай Махамбетұлы Тобжанов­тың арамыздан кеткеніне бір жыл толыпты. Жалған дүние, зымыраған уақыт. Қазір әл-Фара­би атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыс­тану факультетінде бірге оқыған курстас­тары Шәрібай туралы естеліктер жазып жатыр екен. Африка құрлығында жүрсем де, көштен қалмайын деп қолыма қалам алдым. Алдымен интернетке кіріп, Шәрібай Тобжанов туралы мен білмейтін  деректер  бар  ма  деп іздеу  салдым.

Мен үшін қызықты екі мақаласын тауып алдым.

Біріншісі – Қызылорда облыстық мемлекеттік архив қызметкері Шәрібай Тобжановтың «Қаралы күндер тарихы» атты мақаласы. Шәкең  былай  деп  жазады:

«Ел тарихында миллиондаған азаматтың өмірін қиған қасіретті оқиғаларды білеміз. Олардың бірі – 30-жылдардағы саяси қуғын-сүргін  мен  ашаршылық.

Қазақстандағы тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталды. Өйткені 1925 жылы Қазақ­стан өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайымен танысып, «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялық шаралар жүргізе бастайды. Ол, ең алдымен, зиялыларға ауыз салады. Солардың ішінде Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков және тағы басқа алаш қайраткерлері  болды.

Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен, ең алдымен, қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар  ашаршылыққа  ұшырап,  босқын  күйге  көшті.

Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы құлдырауға ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан бар болғаны 4,5 млн бас қалып еді. 1931-1933 жылдары бүкіл Қазақстанды  қамтыған аштықтан халықтың 2,1 миллионы қырылды. Бір ғана Қызылорда облысында 81 байдан 10 920 ірі қара, 47 299 уақ мал тәркіленіпті. Мұрағат қорындағы облыс­тық прокуратураның 1937-1938 жылдардағы құпия­сыздандырылған құжаттардағы деректері бойын­ша НКВД үштік сотымен 1937-1938 жылдары халық жауы деген жалаға 314 адам іліккен, оның 110-ы партия қатарынан сотталып жазаланған екен. Тарихшылардың бағалауынша, Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге  ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылған.

Саяси қуғын-сүргін жылдары мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен жасына суа­рылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала  бермек. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді, еңкейген кәріні, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбандары болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі  есте  сақтау»  деп  қоғам  белсендісі Шәрібай Тобжанов  мақаласын  аяқтайды.

Біз студенттік жылдардан Шәкеңнің ұлтжанды патриот екенін білеміз. Шәкең қамшының сабындай қысқа ғұмырын өзі үшін емес, айналасындағы дос-жарандар үшін алтын уақытымен бөлісті. КазГУградтың жатақханаларында тұратын ауған студенттердің жағдайларын жасауға бар күш-жігерін салды. Бір үйдің баласындай тұрған 8-жатақхананы қазіргі Халыққа қызмет ету орталығына айналдырды. Күн демей, түн демей көмек сұрап келетін кіндік қаны тамған Ауғанстан жастарына қол ұшын беріп тұрды. Ауылдан келген біздер үшін пушту тілінде еркін сөйлейтін Шәрібайдың тілмаштығы қатты  қызықтыратын.

Екінші мақаласы «Интернеттегі адастыр­ғыш иірімдер» деп аталады. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы, арабтанушы  Шәрібай  Тобжанов  былай деп өткір  тақырыпты  көтереді.

«Жат ағымдар туралы айтқанда, ең алды­мен, жастардың мәселесі алға шығады. Себе­бі, деструктив­ті діни ағымды таратушылар алдымен жастарды жандарына жиюға тырысады. Олардың сенгіш, ақпараттарды талдай білмейтінін жақсы біледі. Сонымен қатар, бүгінде жастардың 100 пайызға жуығы ғаламтор меңгерген. Ал, жалған діни ұстанымды таратушыларға әлеуметтік желілер арқылы насихат жүргізген өте оңай әрі оңтайлы. Олар осы әдіс арқылы адам психологиясына қалай әсер ету керектігін  жақсы  біледі.

Ғаламтор жайлы кеңірек әңгімелейтін болсақ, бір минутта ютубта 400 сағаттық видео жүктеледі, ватсапта 50 млрд смс хаттар жіберіледі, инстаграмда 50 мың сурет жүктеледі. Ал, гуглға минутына 4 млн рет сұраныс түседі. Әрбір минутта ВКонтакте парақшасында 3,5 млн пост жасалады екен.

Осылардың ішінде қаншасы діни ақпарат екенін ешкім білмейді. Жоғарыда аталған цифрлардың 1 ғана пайызы деструктивті діни ағымдардың таратқан мәліметі дейтін болсақ, онда миллиондаған жастың бір сағат ішінде психологиясы өзгеріске ұшырады деген сөз.

Ұлы немесе қызы дінге бет бұрса, балам имандылыққа бет бұрды деп қуанады. Шын мәнісінде, ол қандай дін ұстанғанын ұқпайды. Сол үшін әрбір ата-ана өз баласының өзінің және мемлекеттің болашағы екеніне баса мән беру керек. Тәрбиесімен жіті айналысып, оның озық ойлы азамат болып қалыптасуын қатаң бақылауға алғаны жөн. Өйтпеген жағдайда, деструк­тивті ағымдар әке-шешенің бұл қателігін мүлт жібермей, өз мақсаттарына пайдалануы әбден мүмкін» дейді мемлекеттік қызметкер  Шәрібай  Тобжанов.

2012 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Респуб­ликасының  Дін  істер  Агенттігі  төрағасы  ретінде  Қызылорда облысына жұмыс сапармен бардым. Қорқыт Ата әуежайында облыс әкімшілігінің жауапты қызметкерлері қарсы алды. Алыстан  шетте  тұрған Шәрібай досымды  көріп, барлық  протоколдық  ережелерді  бұзып, ұзақ  жылдар  бойы  бір-бірімізді көрмеген екеуі­міз бірнеше минут құшағымызды босата алмадық. Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі, белгілі журналист ағамыз Ержан Уаис үшеуіміздің үш күн бойы әңгімеміз таусылмады.

Соңғы рет курстастарымыз Алматыда кездестік. 8-жатақханаға барып, студенттік жыл­дарымыз туралы естеліктер айттық. Соңғы кезде қатты науқастанып жүрген Шәрібай бізбен қоштасуға  келгенін  кеш  түсіндік.

Шәрібай досымыздың жарқын жүзі мәңгі есімізде  қалады.

Қайрат  ЛАМА  ШАРИФ,

Каир  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: