Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдариялықтардың да сауалы көп

03.11.2022, 9:20 515

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге Сырдария ауданының тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков келді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Серікжан Мырзалы және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов қатысты.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда барлығы 84 азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкіміне 38 тұрғын өз сұрағымен келді. Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, инфрақұрылым жүргізу мәселелерін көтеріп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар түрлі көмектер алудың жолдарын сұрады.

Қабылдау аясында Нұрлыбек Нәлібаев Шаған және Нағи Ілиясов ауылының шаруалары арасындағы жер үлесі мәселелерін тыңдап, екі тараптың уәждеріне құлақ асты.

Аймақ басшысы мәселелерді сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

«Бүгін ауданымызға келген облыс әкімі мен барлық құқық орган басшыларына мәселелерімізді төтесінен қоюға мүмкіндік алдық. Мен Қоғалыкөл ауылы мен Қызылорда қаласы арасындағы жол сапасы мәселесін көтерген едім. Аймақ басшысы аудан әкіміне тиісті тапсырма берді, мәселемнің маңызды екенін алға тартты. Ендігіде жол сапасын жақсартуға арнайы жоба дайындалып, бұл мәселе шешімін табатын болды»,- дейді аудан тұрғыны Д.Қырдан.

«Ауыл тұрғыны ретінде бізді қоғамдық көлік мәселесі алаңдатып келді. Орайы келгесін облыс әкіміне ауыл тұрғындарының аманатын жеткіздім. Аймақ басшысы ауылда қоғамдық көлік жүргізуге ықпал жасайтынын айтты», – деді Айнаш Жүсіпова.

Ал, құқық қорғау органдарының басшыларына 46 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.

Жеке қабылдаудан кейін Нұрлыбек Нәлібаев аудандық мәдениет үйінде Президент Жарлығы аясында тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

Бұған дейін аймақ басшысы Жаңақорған және Арал аудандарында жеке қабылдау өткізіп, 50-ден аса тұрғынның өтінішін қарады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: