Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірінде Кореямен әріптестік аясы кеңейе түспек

31.10.2022, 16:00 386

HALYQLINE.KZ Биыл – Қазақстан Республикасы мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл. Ал, Сыр еліндегі казақ және корей халықтары арасындағы ашық әрі сенімді достық қарым-қатынастың бекігеніне 80 жылдан астам уақыт өтті. Кеңес заманында Қызылорда облысына депортацияланған корейлердің біршама ұрпақтары қоныстанып, тату-тәтті өмір сүруде. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Корея Республикасы Парламентінің Депутаты У Вон Сик бастаған делегация өкілдерімен кездесіп, аймақ үшін маңызды бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі күні кеше Сеул қаласында болған қайғылы оқиғаға байланысты Корея халқына барша аймақ тұрғындарының атынан көңіл айтып, оқиға салдарынан жараланғандардың тез арада сауығып кетуін тіледі.

Екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастық орнағанын атап өткен аймақ басшысы алдағы уақытта да тиімді әріптестік аясы кеңейе түсетініне сенім білдірді.

«Елімізде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей бауырларымыз өздерінің адал еңбегімен аймақтың мәдени-рухани, аграрлық және әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлестерін қосуда.Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Бұл ретте, Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға, нағыз батыр Хон Бом Доны атап өтпеске болмайды. Тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізген батырдың құрметіне Қызылорда қаласында мемориал тұрғызылып, оның есімімен қала көшесінің бірі аталды. Екі ел Президенттері арасындағы келісімге сәйкес Кореяның ұлттық батыры Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтару рәсімі өткізілген болатын. Бұл – Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі», – деді облыс әкімі.

Нұрлыбек Нәлібаев Корея Республикасымен жасалған Меморандум аясындағы келісімдерге сәйкес Қызылорда қаласында орналасқан Хон Бом До мемориалдық кешеніне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу және өңірдің бірқатар білім беру ұйымдарына жалпы құны 74 млн теңгені құрайтын 173 компьютер табыстау секілді бастамалары үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта өңір үшін маңызды жобаларды бірлесе жүзеге асыруды ұсынды.

Атап айтқанда, қаланың сол жағалау аймағында дарынды балаларға арналған физика-математикалық мектеп және емхана құрылысын салу үшін кореялық компанияларды шақыру туралы ұсыныс айтып, Хон Бом До топырағы қайта жерленген Тэчжон қаласы мен ауыл-шаруашылық саласы дамыған Чоллабук-до провинциясымен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Өз кезегінде У Вон Сик ортақ ұсынысты қабыл алып, екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді және мектеп салу, емхана құрылысын жүргізуге қолдау білдіретінін баса айтты. Ал, келесі жылдың қыркүйегінен бастап іргелі оқу орны Қорқыт ата университетінен арнайы ІТ бөлім ашуға мүдделік танытты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: