Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданында балықшылар слеті өтіп, жаңа монумент пен аллея ашылды

29.10.2022, 10:43 568

Арал – жарты әлемге балығымен аты шыққан тарихи мекен. Бүгінде теңізде өлкенің балығы әлемнің 10 еліне экспортталады. Қазіргі таңда мұнда 10 балық өңдеу зауыты жұмыс жасап, 31 бригададағы 700-ден аса балықшы су маржанын сүзумен айналысады.


Адал еңбектің иелері саналатын балықшылар қауымы Арал өңірінде өткен «Балықшылар слетінде» басқосты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балық шаруашылығының даму барысын суреттейтін нысандарды аралап, аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.


Арал қаласының 95 жылдығы аясында өткен мерекелік іс-шара «Арал антологиясы» жинағының тусаукесерінен басталды. Айдынды өлкенің тарихы мен даму барысын сипаттайтын бұл жинақ айдынды Арал тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.


Зиялы қауыммен кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының қолдауымен Арал өңірінің жағдайын жақсарту, балық шаруашылығын дамытуда жүйелі жұмыстар жүргізіліп, теңізді өлкедегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен оңтайлы шешілуде деді.


– Арал – тек еліміздің ғана емес, әлемнің назарындағы өңір. Тіршіліктің өзегі сумен байланысты болғандықтан су деңгейіне қатысты көптеген қиындықтар еңсерілді. Президентіміздің қолдауымен Көкарал бөгетіне де ерекше мән беріліп, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы бөлінуде.
Бірнеше балық зауыты ашылып, кезінде жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта оралуда. Мәселен, Арал теңізінде тек бір камбала балығы ғана қалса, қазір 24 балық түрі қайта келді. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8000 тоннаға дейін ұлғайды. 10-нан зауыт жұмыс жасап, балық өнімдері шетелге экспортталуда. Аралда тіршіліктің көзі мен балық пен мал шаруашылығы болғандықтан бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау болады,-деді Н.Нәлібаев.


Жаңғыртудан өткен «Балықшылар аллеясында» жаттығу алаңы, балалар спорттық ойын алағы, субұрқақ, балықшылар мүсіні, балықшылар есімі жазылған тақта және вагон орнатылған.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Балық шаруашылығы министрі, Қызылорда облысының және Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржановқа Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы Алғыс хатын табысталды.


Өз кезегінде Құдайберген Саржанов жерлестеріне алғыс білдіріп, биылғы слеттің балықшылардың өз ордасы Аралдың орталығында өтуінің символикалық мәні бар екенін жеткізді.
Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков Арал балықшыларын құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Салтанатты жиында балық шаруашылығына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар құрметке бөленіп, марапатқа кенелді.


Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдары басшыларымен бірге «Көкарал» бөгетінің жұмысымен де танысты.
Аймақ басшысы Көкарал тек Арал өңіріне ғана емес, республика үшін өте маңызды нысан екенін алға тартып, Президент тапсырмасы аясында бөгетті жөндеу жұмыстары қолға алынғанын тілге тиек етті.


Су тоспасы салынған уақыттан бастап теңіздің құрғаған ұлтаны ауданы 870 шаршы метрді құрайтын сумен жабылды. Теңіздегі судың көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды. Сондай-ақ, судың минералдылығы 23-тен 17 г/л дейін азайып, балықтардың жергілікті түрлерінің дамуы артты және бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге қолайлы жағдай жасалды. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін артты.
Биыл жобаны іске асыруды бастауға биыл 500 млн.теңге бөлінді. Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі Солтүстік Арал теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту мақсатында Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу басталды.


Арал өңіріне сапары барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жарлығы аясында құқық қорғау органдары басшыларымен бірге Арал ауданының тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді.


Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда жалпы саны 70-ке жуық азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкіміне 30-ға жуық тұрғын өз сұрақтарымен келді. Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, инфрақұрылым жүргізу, жол сапасына мән беру, сор көлдер мен каналдарды тазалау, балабақша, мектеп салу және субсидияға қатысты мәселелер көтерді.
Еске салу керек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір басшысы болып келген сәттен бері 21 рет қабылдау өткізіп, 200-ге жуық азаматтың мәселесін саралады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: