Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЕКІ ДАТА, ЕКІҰДАЙ СЕЗІМ 25 қазан мен 17 желтоқсан туралы

20.10.2022, 12:40 661

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы   «Халық»  газеті  үшін

Көпшілік 25 қазан мен 16 желтоқсан күндерін атап өтудің арасындағы тарихи, қоғамдық-саяси, соның ішінде, конъюнктуралық айырмашылықты көп  түсіне  бермейтін  секілді.

Соның мәнісін ашып беруге тырысайын.

70 жыл бойына Совет одағы империясының ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында боп, Мәс­кеуге  басыбайлы  бодан боп келген одақтық санада «егемендік» пен «тәуелсіздік» ұғымдарына абсолюттік тыйым салынған болатын. Өйткені осы екі ұғым империялық саясатқа абсолюттік түрде  сыйыс­пайтын.

«Егемендік» пен «тәуелсіздіктің» саяси терминологиялық айырмашылығын көп адам сол кезде түсіне бермеді. Сол ахуалдағы қоғамдық ой-сана үшін  қос  түсінік  бір-бірімен  пара-пар  еді.

Сондықтан  да Мәскеудің қылышынан қан тамып  тұрған сол қиын-қыстау шақта,  яғни 1990  жылдың  25 қазанында, КСРО-ның ыдырай бастауы­нан  бір  жыл бұрын «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларацияның қабылдануы Мәс­кеуге тәуелді 15 респуб­ликаның бірі болған Қазақстан үшін аса маңызды қадам  болды. Бұл дата сонысымен бағалы.

Бұл  құжатта тұңғыш рет Қазақстан Республикасы­ның жер тұтастығы, өз күштік құрылымдарын құру құқы аталған. Республика өзінің дербес ұстанымы, өзіндік салт-дәстүрлері, сонымен бірге өзінің даму жолы бар екендігін ашық мәлімдеді. Бірақ респуб­лика КСРО  құрамынан шыға қойған жоқ, одақтық  Конституцияның  үстемдігі  жөніндегі нормалар  сақталды, мәселен, халықаралық қатынастар Мәскеудің  құзырында  қалды.

Сол жағдайдың өзінде «егемен» анық­тамасы «тәуелсіздікке» қарағанда жұмсақтау, Мәскеудің ашу-ызасын туғызбай-ақ, болашақта Совет одағын сақтап қалып, оны іштей реформалауға болатындай мүмкіндік қалдырғандай  еді.

Бірақ, не дегенмен, бұл Декларация толық­қанды Тәуелсіздікке қарай алғашқы, принципті де шешуші қадам болды. Құжат сонысымен  құнды.

Институттық тұрғыдан бұл құжаттың қабылдануын сол кездегі президент емес, құрамында тәуелсіз депутаттар болған Жоғарғы Кеңес ұсынып, талқылап, қабылдауында да біраз мән бар. Яғни, президенттік билік Мәскеуден тәуелділікке мойынсұнуды жалғастыра берсе, халық өкілдері КСРО-дан тәуелсіз болуға қарай өз бетімен қадам басты. Ол кезде президент дәл қазіргідей парламентті толық бақылай алмады, сондықтан депутаттар өз ойын ашық әрі атқарушы биліктің қатысынсыз-ақ білдіре беретін.

1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы» Жоғарғы Кеңесі қаулысы Тәуелсіздікті толық­қанды  да  толайым  орнықтырды.

Бір ескеретініміз: өкінішке қарай, Қазақстан өз Тәуелсіздігін КСРО құрамындағы 15 республиканың ішіндегі ең соңғысы боп жариялады. Тіпті Ресейдің өзі өз Тәуелсіздігін бізден бұрын паш етті. Сол кезде кей адам: «Мәскеу өзінен қалай тәуелсіз болады?», – деп түсінбей қалған. Шынтуайтына келгенде, ол Мәскеудің Мәскеуден емес, сол кезде Ельцин басқарған Ресей Федерациясының Горбачев басқарған КСРО-дан тәуелсіздігі  болатұғын.

Бәлкім, сол кездегі Қазақстан басшы­лығы өз болашағын КСРО-дан қол үзгісі келмеген Михаил Горбачевпен байланыс­тырған болса керек. Әйтпесе, Тәуелсіздік парадында саяси алаңға ең соңында шығу деген  абырой  беретін іс емес еді.

Ал осы екі датаның бірін «Республика күні», екіншісін «Тәуелсіздік күні» деп атау­дың  тарихы  да  қызық. 2010  жылы  25  қазан – Республика күні мемлекеттік мереке мәртебес­інен  айырылды.

Өз басым оның себебін 1986 жылы Мәс­кеу­дің озбырлығына қарсы алаңға шыққан қазақ жастарының көтерілісі – «Желтоқсан» факторымен  байланыстырамын.

Қазақтың жаңаша тарихындағы ұлттық деңгейдегі трагедияға өзінің тікелей қатысы болғандықтан билік басындағылар жыл са­йын 17 желтоқсан күні халық еске алып отыра­тын  осы қаралы да қайғылы күнді «сая­си күнтізбекте» тұмшалап қоюға тырысқаны жасырын емес. Ол туралы біз кезінде талай жазғанбыз.

Яғни, 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күні кеңінен аталып, келесі күні аталатын Ұлттық трагедияны өз тасасында қалдыруы тиіс еді. Бір күні тойлап, келесі күні аза тұтудың өзі  біртүрлі  нәрсе  емес  пе?

Бірақ тарих билікке тағы да бір сигнал берді. Ол 2011 жылы 16 желтоқсандағы Жаңаөзен  қанды  қырғыны  болды.

Сол кезде 16 желтоқсанның мән-маз­мұны өзгерді: Жаңаөзен трагедиясының датасында Тәуелсіздік күнін тойлап, қалай көңілді  күйде  жүресің?

Сондықтан да 25 қазан – Республика күнінің мәртебесін мемлекеттік мереке ретінде қайтадан қалпына келтіру мен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні құрбан болғандарды еске алу, тағзым ету күні болып қалуын әбден дұрыс, моральдық та, саяси да жағынан әділ шешім деп санаймын.

Енді қазақ жерінде нәубет пен індет болма­сын, Желтоқсан, Жаңаөзен, Қаңтар қайталанбасын!

Келе  жатқан  Республика  күні құтты болсын!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: