Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, басқармасы мен бөлімдерінің жеке құрамы 12 қыркүйек – жергілікті әскери басқару органдарының күнін атап өтті.
Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында өткен шараға Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Ғалымжан Тасжанов, «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Мыңділда Ршауов, «Ардагерлер одағының «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Марат Орынбайұлы мен Қызылорда облыстық «Ауғанстан соғысының ардагерлері ұйымы», «Ерлік» үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Қайраддин Баймаханов және Қызылорда қаласы жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері мен Қарулы күштердің қызметкерлері қатысты.
Жыл сайын 8 сәуір күні тойланатын «Жергілікті әскери басқару органдарының күні» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы № 292 бұйрығына толықтырулар енгізу арқылы 12 қыркүйекке ауыстырылған болатын. Тарихқа көз жүгіртер болсақ 1918 жылы 8 сәуірде алғашқы әскери комиссариаттар құрылып, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында олар қайта Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер болып өзгертілді. Міне, содан бері 104 жыл өте шықты. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңіріндегі жергілікті әскери басқару органдарына 200-ден астам бөлімше кіреді.
Аталған шара барысында Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Ғалымжан Тасжанов әріптестерін мерекемен құттықтап, қорғаныс саласына әскери басқару органдарының қосқан үлесі жөнінде айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Қатысушыларға жергілікті әскери басқару органдарының тарихы мен қазіргі қызметі жайлы арнайы түсірілген бейнероликтер көрсетілді.
– Жергілікті әскери басқару органдарының жұмысы Қарулы күштеріміз үшін маңызды. Олар жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғанысты ұйымдастыру, әскерге шақырылушыларды тіркеу, әскерлерді жасақтау, әскери міндеттілерді есепке алу, әскери оқу орындарына үміткерлерді іріктеу, әскери-техникалық мамандар даярлау жұмыстарын атқарады, – деді Қарулы күштердің ардагері Мыңділда Ршауов.
Кездесу соңында саланың үздік мамандарының еңбегі бағаланып, басшылық тарапынан алғыс хаттармен марапатталды.
Еліміздегі әрбір азаматтың әскери өмірге қадам басуы осы жергілікті әскери басқару органдарының табалдырығынан басталатынын айта кеткен жөн.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!