Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваға рейдерлік бойынша қылмыстық іс қозғалғаны расталды. Бұл жөнінде прокуратурадан келген ресми жауапқа сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
«17 маусымда бұл арыз бойынша Алматы қаласының экономикалық тергеу департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 249-бап 1-бөлігінде («Рейдерлік») қарастырылған құқықбұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды» деп жазылған прокуратура жауабында.
Бұған дейін қазақстандық журналист Михаил Козачков 20 маусымда Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның үстінен рейдерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Кейін қаржы мониторинг агенттігі Нұрша Кәкенов есімді азаматтан «Karuan» ЖШС-ін тартып алынғаны жөнінде арыз келгенін растаған. Алайда ол кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғаны туралы ештеңе айтылмаған.
Козачков Телеграм-арнасындағы ақпаратқа қарағанда, Нұрша Кәкенов «Karuan» ЖШС-інің құрылтайшыларының бірі болған, алайда ол өз үлесін тартып алғанына шағымданған. Соның салдарынан 150 млн доллар шығынға батқанын айтқан. Karuan ЖШС Маңғыстау облысында марганец өндірумен айналысқан. 2006 жылы Нұрша Кәкенов компания басшыларының бірі болған, алайда сол жылы Болат Назарбаев компанияның жалғыз құрылтайшысына айналған.
Экс-президенттің інісі Болат Назарбаевты бұған дейін өзге кәсіпкерлер де рейдерлікке айыптаған. Сәуір айында «Almaty steklo» зауытын құрған кәсіпкер Әзім Абдуллаев кәсібіне экс-президенттің інісі Болат Назарбаев рейдерлік шабуыл жасап, тең жартысын иеленіп алғанын айтқан.
Қазір Болат Назарбаевтың нақты қайда екені белгісіз. Шілде айында билікке жақын ақпарат құралдары Болат Назарбаевтың «ұзақ жылдан бері науқас екенін» айтып, арбаға таңылған видеосын жариялаған. Сарапшылардың кейбірі «науқас Болатты көрсету арқылы туыстары қоғамның аянышын туғызғысы келеді, өйткені оның үстінен іс қозғалуы мүмкін» деп санайды.
Қаңтар оқиғасынан бері экс-президенттің туыстарының кейбірі ұсталды, кейбірінің қайда екені белгісіз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!