HALYQLINE.KZ –| Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 788 аурухана бар. Олардағы төсек-орындардың жалпы саны – 98 371.
175 705 орта медицина қызметкері бар, оның ішінде барлық сала бойынша – 72 877 дәрігер.
4 мыңға жуық дәрігердің орны бос тұр. Әсіресе, ауыл-аймақтарда маман жетіспейді. Өңірлердегі емханаларға 700-ден астам жалпы тәжірибедегі дәрігер керек. Сондай-ақ, педиатр, акушер-гинеколог, онкологтар мен аллергологтарға сұраныс жоғары. Министрлік ақпаратына сүйенсек, қазір ел емханаларында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің 25 пайызы зейнет жасына жақындап қалған.
Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық мекемелерге 494 маман жетіспейді. Атап айтқанда, елорда емханаларына 107 жалпы тәжірибедегі дәрігер, 36 педиатр, 52 терапевт, 42 акушер-гинеколог, 41 анестезиолог-реаниматолог, 16 кардиолог, 3 психиатр, 16 онколог және 28 неонатолог қажет.
Жыл сайын еліміздің медициналық жоғары оқу орындары орта есеппен 5 000 маман даярлап шығарады екен. Олардың 1 500-і – жалпы тәжірибе дәрігерлері. Оқу бітірген түлектер қатары артқанмен, бос орындар көп.
Қазіргі жағдайда инфекциялық ауруханалар, провизорлық стационарлар, карантиндік нысандарға 16 мың дәрігер тартылды. Дәрігерлер, медбикелер, кіші медицина қызметкері, санитар-дәрігерлер, туберкулез орталықтарының қызметкерлері еңбек етуде.
Елімізде 120 медициналық қызметкер коронавирусқа шалдыққан. Олардың бірі ауыр халде жатыр. 9 дәрігердің жағдайын әріптестері орташа деп бағалап отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!