Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада «Индустрияландыру бағдарламасы» қалай жүзеге асып жатыр?

29.07.2022, 11:15 454

HALYQLINE.KZ «Индустрияландыру бағдарламасының» үшінші бес жылдығы аясында құны 654 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 7400-ден аса адамды жұмыспен қамтитын 46 жобаның жүзеге асырылуы жоспарланған. 2021 жылы құны 45,2 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылды. Олар – шыны зауыты, тұз, күріш өңдеу және керамзит блоктар шығару цехы. Бұл – сала мамандарының бізге берген мәліметінен үзінді. Яғни, біздің облыс индустрияландырудың игілігін көріп жатыр деуге әбден болады. Әрине, санды ұлғайтып, сапаны күштейте  түссе  тіпті  жақсы.

Биылғы жылы құны 9 млрд теңгені құрайтын 5 жоба (2 құс фабрикасы, ет комбинаты, балық өңдеу цехы, ішкі және сыртқы есіктер өндірісі) іске қосылады деп жоспарлануда. Жоба толық аяқталғанда көптеген адам жұмысқа орналасып, экономикалық көрсеткіштің алға басатыны анық.

Бағдарлама аясында, осы жылдың маусым айында Қызылорда қаласында құны 87 млн теңгені құрайтын бетон зауыты іске қосы­лып, өнім шығару үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Цехта 10 адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар, басқа да ірі инвестициялық жоба­лар  бойынша  жұмыстар  жалғасуда.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев облыс­тық мәслихаттың кезектен тыс 17-ші сессиясында өткен жылдың есепті кезеңімен салыс­тырғанда облыстың экономикалық дамуында оң тенденция бар екенін атап өткен болатын. Нақтылап айтқанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 1,5% (30,3 млрд теңге), инвес­тициялар тарту – 17,1% (127,7 млрд теңге), құрылыс жұмыстары – 27,4% (33,8 млрд теңге), пайдалануға берілген тұрғын үйлер – 4,9% (312,2 мың шаршы метр) және сауда 1,8% (273 млрд теңге) артқан.

«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады» деген облыс әкімі жалпы «Индустрияландыру бағдарламасы» шеңберінде іске қосылған жобалармен шығарылған өнім көлемі бүгінде 22 млрд  теңгені құрап, 18,2%-ға  арт­қанын  айтты.

Құрылыс индустрия саласында Қызыл­орда қаласындағы «ВЕГА-Пром» серіктестігінің «Құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру» цехын кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның  бірінші  кезеңі 2015  жылы  іске  қосылды. Жоба бастамашысы  өндіріс  қуаттылығын 9 мың тоннадан 24 мың тоннаға ұлғайту мақсатын­да жұмыс­тың екінші кезеңін жүзеге асыруды бастады.  Бүгінгі күні екі цехтың және әкімшілік ғимараттың жабын жұмыс­тарымен қоса цех аймағын қоршау жұмыстары жүргізілуде. Арнайы техникалар сатып алынды (погрузчик, КАР). Электроэнергия және газ жеткізу үшін жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Тау-кен металлургиясын дамыту мақсатында облысымызда «Шалқия» және «Баласауысқандық» кеніштерін игеру жобалары іске  асырылуда.  Жалпы,  «Шалқия» кен орны – дүниежүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Жоба бойынша Жаңа Стратегиясы әзірленді. Жобаны қаржыландыру мәселесі Еуропалық қайта құру  және  даму  банкімен  шешілген.

Бүгінгі күні жерасты кенішінің құрылыс жұмыстары басталды. Ал, фабрика құрылысын жүргізетін мердігер мекемені анықтау үшін Еуропалық қайта құру және даму банкі платформасында тендер өткізілуде. Нәтижесі осы жылдың қыркүйек айында белгілі болады. Комбинат іске қосылғанда жаңадан бір мыңға жуық жұмыс орны ашылады. І кезеңде жылына 2 млн тонна кен өңдеуге қуаты жетеді, одан әрі қуаттылығын жылына 4 млн тоннаға дейін ұлғайтатын болады.

«Баласауысқандық»  кен  орнын  игеру  жоба­сы 100%  шетелдік инвестордың қатысуымен іске  асырылуда (Ферролоус ресорсиз ЛТД). 2016 жылдан бастап тәжірибелік-өндіріс­тік кешен жұмыс істейді. Осы жылдың 5 айында 233 мың  тонна  аммоний  мета­ванадаты Ресей мен Ұлыбритан­ияға экспортталды. Келесі жылы осы кен орнында тау-кен байыту комбинатының  құрылысы  басталатын   болады.

Агроөнеркәсіп кешені саласындағы ірі жобалар­дың бірі – Жаңақорған ауданындағы томат пастасын шығару зауыты. «Қызылорда Агроплюс» серіктестігі томат пастасын өндіре­тін жобасы бойынша биылғы жылы Түріктің «Tat» компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару арқылы 10 га жерге тәжірибелік қызанақ егілді. Алдағы уақытта жобалау жұмыстарын жүргізу  жоспарлануда.

Осы салада Шиелі ауданында іске асырылуы жоспарланған 2 ірі жоба бар – бақша дақылдарын өңдеп, түрлі өнімдер шығаратын «КАРАГАНДА АГРО ИНВЕСТ-Т» серіктестігіне 30 гектар жер телімі бөлінді. Қазіргі таңда, Ауыл шаруашылығы Министрлігімен преференциялар алу үшін инвестициялық келісімшарт  жасау  жұмыстары  жүргізілуде.

«Tin Oris» серіктестігі жоңышқаны 10 мың гектарға жаңбырлатып суару әдісімен өсіріп, пресстеу жобасы бойынша топырақты зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар, биылғы жылы бірқатар жобаның құрылысы жалғасуда. Атап айтатын болсақ, Арал ауданындағы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, Қызылорда қаласындағы – «Айғасар» серіктестігінің «Бие сүтін өңдеу цехы» жобасы, «Игіліков» жеке кәсіпкердің балық қалдықтарынан жасалған балық ұнын өндіру жобасы.

Шынын айту керек, облысымызда да, қаламызда да «Индустрияландыру бағдарламасының» аясында аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Мемлекет қолдауын аямайды. Тек осы ірі жобалар жұмысын тоқтатпай, жыл сайын жалғасын тауып отырса дейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: