Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанның өнерлі ел екенін өзгелерге дәлелдегіміз келеді

28.07.2022, 9:40 950

Жанат  АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:

Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Содан кейін Президенттің пәрменімен  балаларға арналған түрлі жобалар қолға алынды. Бірі жүзеге асып, енді бірі мақсатына жете алмай жарты жолдан желкесінен қиылды. Дегенмен, жыл соңына дейін қарқынды қозғалыстар болып тұрады деп сенеміз. Осы жылы «Қазақстан балалар дауысы» мегажобасы мәресіне жетті. Жүзден жүйрігі, мыңнан тұлпары жеңіс тұғырына көтерілді. Ол – Ерсұлтан Омар. Бірнеше кезеңдік сыннан сүрінбей өткен Ерсұлтан еліміздің балалар арасындағы үздік дауысы атағын алды. Сондықтан болашақ әлем танитын жас әншімен әңгімелесуді жөн көрдік. Алайда осы жетістікке жету – бірінші кезекте анасының еңбегі. Қанша жылдар бойы баласының талантын дамытып, жұлдызы биікте жануы үшін қажырлы еңбек еткен Жанат Амангелдіқызымен  тілдесуді  ұйғардық.

– «Қазақстан дауысы. Балалар» байқауы  тура­лы  кімнен  естідіңіздер  және  қатысуға  не  себеп  болды?

– Бұл байқаудың өтетінін ұлттық арнамыздың жарнамасынан көрдік. 8-14 жас аралығындағы балаларға арналған үлкен жобаға іріктеу жүргізіліп жатыр екен. Сайтқа кіріп, талаптарымен таныстық. Байқаудың шарттарын жыға танып болған соң, ұлым қатысып көрейін деп шешім қабылдады. Ана ретінде ұлымның таңдауын қолдап, бәйгеге қостым. Іріктеуге «Құстар әнін» орындап, бейнеролик түрінде жібердік. Араға 1-2 апта салып, нәтижесін жоба ұйымдас­тырушылары мәлімдеді. «Көрмей таңдау» кезеңі­не өткенімізді естігеннен кейін қатты қуан­ғанымыз рас. Себебі үлкен сахнаға шығып, ел алдында өнер көрсетіп, мегажобаға қатысу біз  үшін  бұл  алғашқысы  еді.

– Жалпы, вокалмен қанша уақыттан бері айна­лысасыздар? «Көрмей таңдау» кезеңінде Ерсұлтан Омар өз стилінде ерекше түрлендіріп, орындап шықты. Соған қарағанда біраз жылдан бері  кәсіби  түрде  айналысатын  секілді.

– Ұлымның шығармашылыққа қызығуы 3-4 жасынан басталды. Анасы болғаннан кейін ұлыңның нені қалап тұрғанын сезесің, білесің, көресің. Қайрат Нұртас ағасына еліктеп, соның әндерін, бағытын, стиліне пародия салып жүретін. Сол уақыттан бері өнер саласына кішкене болса да қызығатынын байқадым. Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударғаннан кейін ұлымның өнерінің дамуына өз үлесімді қоса­йын деп шештім. 9 жасынан бастап №2 өнер мектебінің білікті мамандарымен кәсіби түрде айналыса бастады. Ұлттық өнерді, ұлттық болмысты, қазақы қалыпты дәріптеп жүрген жанның бірі болған соң дәстүрлі әнді ең алдымен қолға алдық. 5 жыл көлемінде білім алып, домбыраны үйреніп, биыл осы оқуымызды қызыл дипломмен тамамдадық. Дегенмен үйренудің, еңбектенудің шегі жоқ. Вокал сабақтары әлі күнге дейін жалғасуда. Дәстүрлі әннен бөлек, эстрадалық жанрда да оқимыз. Бұны бұйырса келесі  жылы  аяқтайтын  боламыз.

– «Көрмей таңдау» кезеңінде төрт тәлімгердің барлығы бұрылғанда сіздің әсеріңіз қалай болды? Ұлыңыз не айтты? Және неліктен Жанар Дұғалованы тәлімгер ретінде таңдадыңыздар?

– Келесі кезеңге өту үшін бір тәлімгер бұрылса екен деген үмітпен бардық. Біз үшін ол да жеңіс. Алайда төрт тәлімгердің барлы­ғының көңілінен шығамыз деп күтпедік. Өйт­кені біздің бағытымыз дәстүрлі ән болатын. Балам бұрын-соңды эстрадалық әндерді орындамады. Ал, байқауды эстрадалық әннен бастадық. Сол себепті қобалжу болды. Дей тұрғанымен, жоғары деңгейде орындап, көрермен көзайымына айналды. Жүректен шыққан ән болған соң, жүрекке жетті. Кез келген әнші бұл әнді орындай бермейді. Тіпті ұмытылып бара жатқаны да жасырын емес. Сондықтан өзіндік үн қосып, әннің қайта жаңғыруына сәл де болса септігіміз тиді деген ойдамын. Жаңа айтып өткенімдей, төрт тәлімгердің таңдауы бізге түсіп, «маған кел» деп таласып қалатынын күтпедік. Ұлымның айтуынша, Жанар Дұғалованы таңдауының себебі бірінші болып бұрылған және өзінің музыкалық талғам жағынан ұқсас екен.

– Ерсұлтан байқауда әртүрлі жанрда ән айтып, жан-жақтылығын көрсетті. Дегенмен, ұлыңыз  қай  жанрда  ән  айтқанды  жақсы  көреді?

– Байқаудың шарты солай болды. Бір стильде ғана айтатын болсақ, халық та жалығып кетеді. Бұл байқау ұлымның мүмкіндігін ашуға көп көмегін берді. Өзін сахнада ұстауы, мүлде айтып көрмеген жанрларда шырқауға машықтанды. Домбыраны да шертіп, ағылшын тілінде де шырқап, заманауи әндерді де орындады. Бірінші кезекте ұлымды «жеңіс емес, өзің өкінбейтіндей өнер көрсетіп, берілген мүмкіндікті жібе­ріп алма» деп қолдадым. Сондықтан ол  өзін  толықтай  көрсетуге  барын  салды.

– Естуімше авторлық әндеріңіз бар. Рас па?

– Иә, әзірше бір ғана «Қылықты қыз» деген авторлық әніміз бар. Бірақ барлық әлеуметтік желіге, музыкалық платформаға таралған жоқ. Өйткені ән толықтай аяқталмады. Алдағы уақытта қуанышты жаңалығымызбен бөлісеміз деген ойдамыз.

– Ақтық сын. Тікелей эфир. Қобалжу сізде де, ұлыңызда да болуы қалыпты жағдай. Дей тұрғанымен, «Балалар жылындағы» ең үлкен мега­жобадан сіздің ұлыңыз жеңімпаз атанды. Халық­тың көпшілігі сіздің балаңызға дауыс беруіне не себеп  деп  ойлайсыз?

– Әуелі Алланың қалауымен, екінші халықтың қолдауымен болды. Әркім өзіне жақын адамды, әні жүрегінен орын алған адамды таңдады. «Көрмей таңдау», «жекпе-жек» кезеңдері тіке­лей эфирде болған жоқ.  Сондықтан қобалжу болмады деп айта аламын. Ал, тікелей эфирдің жауапкершілігі жоғары. Ең алғашқы тікелей эфирде «Lovely» әнін орындағанда ұлымның терлеп, қатты уайымдағанын байқадым. Бірақ әнді өте жақсы деңгейде орындап шықты. Қатысушылардың бәрі осал емес. Ұлымның жеңімпаз атануы бағы мен бабы келіскендігі деп ойлаймын. Әнді сезініп, салмақтылық пен ер мінезділігі халқына ұнады. Ол жайында көбі пікір білдіріп айтып жата­ды. Бәлкім, бұл қырлары да жеңіс тұғырынан көрінуіне бірден-бір фактор болған шығар.

– «Қазақстан балалар дауы­сында» орындаған әндері өмі­ріме қатысты деп Ерсұлтан Омар сұхбаттарында жиі айтып қалды. Әндерді тәлімгер таңдады ма? Әлде ұсынысты өздеріңіз  жаса­дыңыздар  ма?

– Басым бөлігі өзіне қатысты деп те, қатысы жоқ деп те айта аламын. Жалпы, өзінің болмысына, табиғатына сай әндерді орындады. Кей әндерді өзіміз таңдадық. Барлығы жобаның шартына сәйкес өткізілді. Бірақ финалдағы әнді тәлімгер екеуі ақылдасып, бір  байламға  келді.

– Ұлыңыз қандай танымал әнші­лермен коллаб жасағысы келеді? Бұл жайында  айта  ма?

– Соңғы уақытта Sadraddin есімді жас әншінің әуендерін тыңдап, сол туралы айтып қалады. Екеуінің де айту стилі бір-біріне ұқсайды ғой. Сондықтан болар осы әншіге еліктейтіні. Байқауда да «Түн» әнін орындаған болатын. Бұл – Sadraddinнің әні. Жалпы, әншілермен дуэт жасау жоспарда  бар.

– «Балалар Евровидениесі» байқауына еліміздің атынан баруға қалай қарай­сыздар? Әзірге еліміз алтынды бұл байқау­дан қанжығамызға байламады. Ерсұлтан бұл тұрғыда  не  дейді?

– Орынды сұрақ екен. Әрине, егер мүмкіндік болып жатса, міндетті түрде қатысамыз. Әншінің деңгейі байқауда сыналады. Қазір біз сондай кезеңдеміз. Репертуарымызда арнайы «Евровидение» байқауына ән жазылып, осы байқаудың форматындағы ән деп халық пен танымал тұлғалардың шешімімен бұл додаға да жол түсіп қалар. Сондай-ақ көк туымызды желбіретіп, елімізді әлемге танытатындай халық­аралық байқауларға қатысуды көздеп отырмыз. Мәселен, «Славянский базар», «Детская Новая Волна», «Тюрквидение» және жаңағы айтып өткен «Евровидение» байқауларына өзімізді, елімізді көрсету жоспарда бар.

– Әннен  бөлек  ұлыңыз  немен  айналысады?

– Ұлымның музыкаға деген махаббаты шексіз. Дегенмен спорттан да алыс емес. Қазақ күресі мен футболға көңіл бөледі. Біраз жылдар көлемінде айналысты. Ұлттық байқауға жолдама алғаннан кейін спорт тоқтап қалған болатын. Алдағы уақытта қайтадан жандандырамыз деп сенеміз. Бірақ жеңімпаз атанған соң, үлкен жауапкершілікті сезініп, бар уақытымызды әнге арнаймыз.

– Құпия  болмаса,  жанкүйерлеріңізге  алдағы  жоспарларыңыз  туралы  айтып  кетсеңіз.

– Шыны керек, қолдаушылардың арқасында осындай дәрежеге жеттік. Сондықтан игі тілектеріңізбен хабарласып жатқан барлықтарыңыз­ға алғысым шексіз! Иә, бәрі өз уақытымен іске асады. Тек каверлермен емес, авторлық әндермен қоржынымызды молайту, жаһандық аренада елімізді таныту жоспарда бар. Мұхтар Шаханов айтпақшы, өзім қанша мықтыны мойын­дадым, мен де өзімді соларға мойында­там деп, біз де еліміздің рухын көтеріп, өзге елдерге Қазақстанның өнерлі ел екенін дәлелдегі­міз келеді. Және жанкүйерлермен кездесу ұйым­дастыруға  болады.  Бірақ  ерте  деп  ойлаймын.

– Әңгімеңізге  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: