Тышқан жылы тыныштық кетті. Елдегі ахуалдың жай-жапсары жалпыға мәлім. Мемлекет басшысы қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, коронавирус инфекциясы мен дағдарысқа қарсы күресті күшейту керектігін тапсырды. Сөйлеген сөзінде «Біз шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып отырмыз. Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені, олар – экономикамыздың тірегі. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады. Жалпы, осы айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек. Мұның барлығы коронавирус індетінің залалын тезірек жоюға әсер етеді деп сенемін!» деп атап өтті.
Ендігі кезекте президент пәрмені жергілікті жерде қалай іске асырылып жатыр? Жылда күріштен тау тұрғызып, рекорд жаңартуды әдетке айналдырған қызылордалық диқандар бұл тығырықтан қалай шығады? Әкімдік нендей шараларды қолға алды? Осы сауалдар төңірегінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына сұрау салған едік. Ресми органның мәліметіне сүйенсек, биыл облыста 183,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған екен. Атап айтқанда, дәндi дақылдар 97,8 мың, майлы дақылдар 6 мың, малазықтық дақылдар 61,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша 17,7 мың гектарды құрайды. Ал Сырдың басты бренді күрiштің көлемі – 88,2 мың гектар.
Дәл қазір сырбойылық диқандар көктемгі дала жұмыстарына кірісіп те кеткен.
– Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері үшін көктемгі дала және егін егу жұмыстарына қажетті жанар-жағармай, қосалқы бөлшек, минералдық тыңайтқыштар және тұқым сияқты қажеттіліктерді облыс аумағында тыңайтқыштар мен тұқым сатушылардан сатып алу, тасымалдау жұмыстары күнделікті жүруде. Егіске қажетті минералдық тыңайтқыштар мен тұқымдық материалдар толық қамтамасыз етілді, – деді жауапты басқарма.
Ал Сыр салысы 20 сәуірден кейін себілмек. Жергілікті билік бұл тұрғыда айтарлықтай проблема жоқ дейді.
Мемлекет басшысы мәлімдемесінде облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін көктемгі дала жұмыстарына бөлінген дизель отынының бағасын нарықтан 15 пайызға арзандатуды тапсырған еді.
– Осыған сәйкес, алдын ала есептеулер бойынша сәуір және мамыр айларына бөлінген 10750 тонна дизель отынының бағасы әр литрге 162 теңгеге дейін арзандап, шаруашылық құрылымдарының тек дизель отынына кететін шығындарын орташа есеппен 170 млн теңгеге дейін үнемдемек. Бұл өз кезегінде, егінмен айналысатын орта және шағын шаруа қожалықтарына айтарлықтай қолдау болатыны сөзсіз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетов.
Сонымен қатар, редакцияға берген жауабында «Көктемгі егін егу жұмыстарын мерзімінде атқару мақсатында «Кең дала» бағдарламасы арқылы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын несиелер үшін бюджеттен барлығы 70 млрд теңге қаралып отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» Қызылорда филиалымен көктемгі дала және егін егу жұмыстарын несиелендіру шаралары атқарылуда. Бүгінде несиелер бойынша кепіл шарттарын тіркеуге байланысты «Азаматтарға арналған Үкімет» АҚ Қызылорда филиалы мен аудандардағы бөлімшелері арқылы қызметкерлер бөліп, арнайы құжаттарды қабылдау мәселесі шешімін тапты. Қазіргі уақытта аграрлық қаржы институттарымен рәсімделген құжаттарды тіркеу басталды» деп хабарлады.
Биылға бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 4,2 млрд текше метр су қажет көрінеді. «Қайбір жылы облыста су тапшылығы айтарлықтай сезілді. Биыл мұндай мәселелер туындамай ма?» деген сауалымызға:
– Сырдария өзеніндегі судың жағдайы 2020 жылғы 2 сәуірдегі мәлімет бойынша Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 459 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 4,9 млрд текше метрді құрап, төменге секундына 150 текше метр су тасталуда. Көксарай су реттегішіне 2 млрд текше метр су көлемі жиналып, бүгінгі күнге Шардара мен Көксарайды қосқанда 6,9 млрд текше метр су бар, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,5 млрд текше метрге кем. Су тапшылығының алдын алу үшін күріш егісінің көлемі оңтайландырылып, суды аз қажет ететін (майлы, малазықтық, картоп, көкөніс, бақша және т.б.) ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін болады, – деді ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі.
Бұл мәселелерді шешу үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жауаптыларға тиісті шараларды қабылдауды тапсырыпты.
Жаһанды жайлаған дерттің дауасы табылған жоқ. Әлемдік дағдарыс та бір бүйірден қысып барады. Бұған қарамастан пәрменге дәрменін көрсеткен Сыр диқандары көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісті. «Егін салғанда келісім болса, Қырман басында керісу болмайды» дейді ел. Егініміз бітік шықсын!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!