Өткен апта Сыр елі үшін сүйіншілейтін жаңалықтармен қорытындыланды. Әуелі үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов «Алтайдай жер қайда?!» атты халықаралық айтыста 1-орынды жеңіп алса, қазақ күресінен жыл сайын өткізілетін «Қазақстан барысы» турнирінде Мақсат Исағабылов Сыр еліне алтын белбеу мен ауыспалы алтын тайтұяқты алып келді. Бұған дейін 2011 жылы қызылордалық балуан Ұлан Рысқұл «Қазақстан барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы атанса, 2017 жылы сырбойылық балуан Еламан Ерғалиев үздік саналды. Яғни, ХІ мәрте ұйымдастырылған турнирде қызылордалық балуандар үшінші мәрте жеңімпаз атанып отыр.
Қазақтың айтыс өнеріне қарымды олжа салып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген жерлесіміз, «Айтыс ақтаңгері» атанған Мұхтар Ниязов бұл жолы Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен, аудан кәсіпкерлері мен Толықпаевтар әулетінің демеушілігімен өткен халықаралық ақындар айтысында үздік саналды. Ақынның айтулы жеңісі Сыр жұртшылығын бір серпілтіп тастағаны анық. Ерекше айта кету керек, сырбойылық ақын соңғы 10 жылдықта өз бабында екенін көрсетіп, мықтылығын көпшілікке мойындатып үлгерді.
Ғасырдан ғасырға, атадан балаға, заманнан заманға ұласып келе жатқан асыл мұраны насихаттап, суырыпсалма ақындық дәстүрді дәріптеп, өз бойына біткен өнерге жас ақын-жыршыларды баулып жүрген Мұхтар Мәуленұлының жеңісті күндері алда деп сенеміз.
Ал «Қазақстан барысы» республикалық турнирі еліміздегі ұлттық спортты дамыту арқылы саламатты өмір салтын насихаттау, Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын атап өту, жастарды ұлттық спортпен шұғылдануға тарту, олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Жарыс ережесіне сәйкес сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан, облыстық (қалалық) деңгейдегі және күштік құрылымдар желісі арасында іріктеу жарыстары толығымен өтіп, оған еліміз бойынша бес мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішінен ақтық сынға жолдама алған 36 балуан өзара күш сынасты. Олардың ішінде осыған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаевтар бар. Айта кетейік, қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты биылғы турнир «бүк» ұпайынсыз өтті.
Аталған жарыста Сыр елінің намысын Мақсат Исағабылов пен Нұрым Сәлімгереев қорғады. Мақсат іріктеу ойындары саналатын облыстық «Алтын белбеу» сайысында топ жарып, «Сыр барысы» атанған еді.
Қос қуанышы қатар келген қызылордалықтарды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік желіде құттықтады.
– Елдің берекесі – бірлікте. Кешегі референдумда да Қызылорда облысының екінші тұғырға көтерілгені бірліктің нәтижесі еді. Бүгін ел намысын ер көтерген күн болды. Қуанышқа құшақ толатын мерейге жеттік.
Ұлттық күрестің ұлық жолы – «Қазақстан барысы» балуандар сайысында жерлесіміз Мақсат Исағабылов бас жүлдені қанжығаға байлап, Сыр елінің абыройын асқақ етті. Жарайсың, жампозым!
Ел рухын биік ұстаған Мақсат бауырымды барша Сыр жұртының атынан елеулі жеңісімен құттықтаймын! Жығылмаған жауырынның жеңісі құтты болсын!
Сыр елінің абыройы асқақ, мәртебесі биік болғай!, – деді аймақ басшысы.
Осылайша, қазақтың «Қос тойың қабат болсын!» деген тілегін қызылордалықтар сәтімен жүзеге асырып, орынды қолданып отыр. Жеңісті күндер көп болсын!
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!