Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Тырналар» әнінің шығу тарихы

02.07.2022, 11:00 1193

HALYQLINE.KZ

Солтүстік Осетиядағы Алагирск ауданының Дэуарикау ауылында тұратын Асахмет пен Тасо Газдановтардың 7 ұлы болды, соғыс басталғанда жетеуі де майданға аттанды. 1941 жылы Москва түбінде Махарбек қаза тапты, 1942 жылы Магомед пен Ходжисмел Севастополь үшін қаза тапқандығы туралы үшінші «қара қағаз» келгенде анасы Тасоның жүрегі шыдамай қайтыс болды. Сосын Дзарахмет Новороссийск үшін, Созырко Киев үшін қаза тапты, 1944 жылы Хасанбек Белоруссия жерінде опат болды. 1945 жылы Берлин үшін шайқаста Шамильдің қаза тапқандығы туралы «қара қағаз» келгенде пошташы қаралы үйге барудан бас тартты. Сол кезде, ауыл ақсақалдары жиналып келе жатқанда Асахмет жалғыз қыз немересін күн шуақта ойнатып отыр еді, келе жатқандарды көріп, жүрегі отырған жерінде қайғыдан жарылып кетті

1963 жылы ауыл азаматтары ұрпақсыз кеткен «жеті боздаққа» арнап обелиск орнатты, қайғыдан басын қабырғаға сүйенген Тасо ана мен қаза тапқан 7 ұлы тырна болып ұшып бара жатқаны бейнеленді. Ескерткіштің ашылуына қатысып, қаралы тарихын естіген дағыстан ақыны Расул Гамзатов үлкен толғаныс үстінде «Тырналар» өлеңін жазды, оны белгілі аудармашы Наум Гребнев орыс тіліне аударды.

Кейде маған қайтпай қалған майданнан,

Қайран ерлер ерте үзілген гүлдердей.

Қабірде емес, сонау биік заңғарда,

Әппақ-әппақ құс болып ұшып жүргендей.

Содан бері қиқу салып, құлшынып,

Бізге қарай келеді ұшып олар да.

Аспан жаққа үнсіз ғана күрсініп,

Жаутаң-жаутаң етеріміз содан ба?

Келеді ұшып өзге жердің биік көгімен,

Кешкі тұман арасында сабылып.

Келеді ұшып жұбын жазбай тобының,

Жерде жүрген адамдардай ағылып.

Ортасында құттай ғана ашық орын бар,

Бәлкім, мәңгі орным шығар ол менің.

Дәм таусылса тырналарға еріп бір күні,

Мен де сонау жер түбіне кетермін.

Бұл өлеңді өмірінде соғыс өшпестей із қалдырған әнші Марк Бернес оқып, композитор Ян Френкельге осы өлең жолдарына ән шығаршы деп өтініш айтады. Арада екі ай өткенде Френкель өлең жолдарына кіріспе вокализ жазып, Бернеске бірден телефон соғады. Бернес әуенді алғаш естігенде жылап жібереді. Френкель сөзіне қарағанда Бернес сентиментальді адам емес екенін білетін болғандықтан, түсінбей қалады. Осыдан кейін, ол осы әнді студияда жазғанша асықтыра бастайды, ән жазу жұмысы қарқынды жүреді, бұл жерде тек шабыт емес екенін кейін білді…

Марк Бернес өкпе рагіне шалдыққан болатын, Франкельді студияға әнді тезірек жазуға асыққаны, өзінің санаулы күндері ғана қалғанын білгендіктен еді, ол өмірден осы әнді орындап болғасын ғана кеткісі келді, себебі жүріп-тұруы күн сайын қиындай бастады.

«Тырналар» әнін студияда жазу 1969 жылдың 8 шілдесінде болды. Бернесті баласы автокөлігімен апарып, демеп студияға кіргізіп жіберді. Ән бірінші дубльден-ақ жазылды. Арада бір айға жуық өткенде 16 тамызда 58 жасында Марк Бернес қайтыс болды, келесі күні дүйсенбіде әншіге СССР халық әншісі деген атаққа қол қойылатын еді, ал өлген адамға бұл атақ берілмейтін болып шықты. Бір кем дүние…

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: