Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаймай отыр

17.06.2022, 9:35 379

HALYQLINE.KZ

Президентіміз 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады.

Балалар – қоғамның ең әлсіз, қорғансыз бөлігі. Олардың құқығын жоғары деңгейде қорғауды қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ борышымыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қызылорда облыстық прокуратурасының ұйымдастыруымен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп балалардың бостандығы мен құқықтарын қорғауға бағытталған нақты іс-шаралар жоспары бекітілді.

Осы жоспардың орындалу барысын және талдау, зерделеу қорытындылары бойынша тиісті шаралар қабылдау мақсатында Қызылорда облыстық прокуратурасында Үйлестіру кеңесі өтті.

Кеңесте орта және арнаулы білім беру ұйымдарында құқықбұзушылықтың, суицидтің алдын алуға, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмыстарын болғызбауға аса назар аударылды.

Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар, балаларға қарсы жасалып жатқан жат қылықтар қоғамда белең алып, бұқараның наразылығын туғызуда.

Облыстық прокуратурамен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтардың болуының басты себептері анықталды.

Анықталғаны, полиция мен білім беру саласы бірлескен профилактикалық шараларды тек бір реттік акция ретінде өткізуді дағдыға айналдырып, тиісті жұмыстарды жүйелі түрде атқармауда.

Салдарынан жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаймай отыр.

Бұдан басқа денсаулық сақтау ұйымдарымен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қолсұғылмаушылық жасалғандығы дер кезінде анықталмағаны мәлім болды.

Білім басқармасы тарапынан оқушылар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың дұрыс орнатылмау салдарынан жасөспірімдер қадағалаусыз қалуда. Осындай әрекетсіздіктердің соңы тәртіпке бағынбай, қылмысқа баруға жол ашып отыр.

Мәселен, 2021 жылдың 12 айында кәмелетке толмағандармен 64 қылмыстық құқықбұзушылық жасалып, алдыңғы жылмен салыстырғанда бір деңгейде сақталып тұр. Биылғы жылдың 5 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтардың 16 дерегі тіркелген.

Осылайша қоғамнан алшақтап, жұмыссыз күйде қалған жастардың әрекеттері мен тыныс-тіршілігі күрделі күйінде қалғандықтан, жасөспірімдер арасындағы қылмыс төмендемей отыр.

Тіпті қала және аудан орталықтарында жасөспірімдер арасында аудан-ауданға бөлінген шағын топтар құрылған. Олар бір-бірімен төбелес ұйымдастырып, пышақ, қару алып жүру фактілері де тыйылмауда. Өзін осындай бұзақы топқа мүше ретінде санайтын жасөспірімдер қылмыс әлеміндегі оқиғаларға еліктеп, соңы түрлі қайғылы жағдайларға жеткізіп жатыр.

Мысалы, Политехникалық колледжінің кәмелетке толмаған 17 жастағы 2-курс студенті қару қолданып, бұзақылық жасағаны үшін (ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып) 3 жылға шартты түрде сотталған. Алайда оған қатысты сотқа дейінгі пробация қолданылмағаны белгілі болды. Соның салдарынан 17 жастағы студент 4 күннен кейін тағы да бір адамды қоғамдық орында пышақтап, бұзақылық жасап, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды.

Бұның барлығы жергілікті уәкілетті органдардың өз қызметтерін тиісті дәрежеде атқармауынан болуда.

Керісінше осы оқу орындарының басшылары өздерінің оқушыларымен жасалған құқықбұзушылықты жасыруға тырысады.

Құқықбұзушылыққа бейім балалар бойынша уақтылы тиісті профилактикалық шаралар қолданылса, мәселенің ушығуына жол берілмес еді.

Ең сорақысы, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар ағымдағы жылдың 5 айында 71%-ға күрт өскені қатты алаңдатады.

Аталған санатта болған қылмыстардың басым көпшілігі жұмыссыздармен, бұрын сотты болғандармен және жақын туыстарымен жасалған.

Яғни, бұл ретте де уәкілетті органдармен жұмыстардың мардымсыздығы байқалып, үйлесімді жұмыстарды жүргізуді қажет етеді.

Кәмелетке толмағандар арасында суицидті болдырмау іс-шаралары да оң нәтиже көрсетпеуде.

Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу бағдарламасына мемлекеттік бюджеттен 2017 жылдан бастап 303 млн теңге қаржы бөлінгенімен, оның жағымды нәтижесі байқалмай отыр. Биылдың өзінде бұл салаға 43 млн теңге бағытталса да, жыл ортасына келгенмен келісімшарттар жасау мәселесі әлі шешілмеген. Сондықтан бұл қаражаттың қайда, не мақсатқа жұмсалатыны күмән туғызады.

Үйлестіру кеңесінде осыған қатысты жұмысшы тобын құрып, қаражаттың мақсатты игерілуін тексеріп, бақылау жасау керектігі тапсырылды.

Жоғарыда аталған осы олқылықтардың барлығы Үйлестіру кеңесінде қаралып, бала құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және оларды болдырмау бағытындағы іс-шаралар белгіленді.

Білім басқармасына оқушылар арасында жыныстық қолсұғылмаушылық және ұрып соғу деректері бойынша қосымша жасырын сауалнама жүргізу және оқу орындарында оқушыларды тек ата-анасының алып кету тәжірибесін енгізу тапсырылды.

Денсаулық сақтау органдарына кәмелетке толмағандардың арасында скринингтен өту жұмыстарын жандандыру жүктелді.

Полицияға түнгі мезгілде кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы рейдтік шараларды және қолайсыз отбасында тәрбиеленетін оқушыларға қадағалауды күшейту міндеттелді.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық прокуратураның басты назарында және үйлестіруші орган ретінде де қатаң бақылауында болады.

Қызылорда  облыстық  прокуратурасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: