Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елінде рәміздердің 30 жылдығы тойланды

06.06.2022, 12:14 410

Бүгін Сыр елінде Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған «Таңбасы тарих, байрағы биік – Қазақстан!» атты патриоттық акция ұйымдастырылды.

Рәміздер алаңында өткен мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым өкілдері, өнер саласының қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты.

Аймақ басшысы барша Сыр жұртын мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы екенін жеткізді.

– Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Кез келген елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын басты құндылықтары, ол – шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері. Ту, Елтаңба және Гимн Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі», – деп айтқандай, көгімізде Көк Байрағымыз асқақтап, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз жарқырап, Гимніміз шарықтай берсін, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Мемлекеттік Рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін! – деді Н.Нәлібаев.

Жиында облыс әкімі тәуелсіз еліміздің Елтаңбасы авторларының бірі, танымал сәулетші жерлесіміз Жандарбек Мәлібековтың мерейлі 80 жасына орай Сыр елінде айтулы шаралар ұйымдастырылатынын атап өтті.

Патриоттық акцияда үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыстың Ақтаңгері, Сыр сүлейі Мұхтар Ниязов, Сыр толағайы, әлем чемпионы Илья Ильин, химия-биология бағытындағы халықаралық, республикалық олимпиаданың жүлдегері Жангерей Зинелов ұлтты ортақ мүддеге ұйыстыратын бұл мерекенің мәні мен маңызын жеткізді.

Арнайы іс-шарада облыс әкімі зиялы қауыммен бірге «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданған оқушыларға арнайы галстук тағып, қадамына сәттілік тіледі.

Мұнан кейін іс-шара авто-мото және велошерумен жалғасты. 20-дан астам жеңіл көлік, 10 мото, 200-ден астам велошабандоздар мерекеге көрік берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: