Көптен бері экология мәселесі кең ауқымда талқыланып жүр. Себебі, Байқоңыр зымыран ұшырып, Арал арнасын азайтып, Сырдария сарқылып келе жатыр. Құмы тұзданған қызылордалықтардың тұтынатын суының құрамы өзгеріп, денсаулыққа аса зиян әкелуші заттар жинақталған. Мұның барлығы аймақтың экологиялық ахуалының ауытқуынан болып отыр.
Егіншілікпен айналысатын диқаншылар суару уақытында аяқсудан таршылық көретінін біліп жүрміз. Ол – талқыланып, «тізесі шыққан» әңгіме. Десек те, ортақ өзеннен егістікке бөлінген судың әсері Сырдарияның сарқылуына әкеп соғары сөзсіз. Ауыл шаруашылығы мамандарының жыл сайын көретін қияметі – судың жетіспеушілігі.
Сыр өңірінде тек су мәселесі ғана емес, жер, ауа проблемалары да мазасыз күйде. Олай дейтініміз, аймақта уран, мұнай өндіруші зауыттар бар. Хош. Сырдың суын сөзге тарттық. Мәселесін де тарқатып көрейік.
Кезінде көрші мемлекеттегі диқаншылар мақта өсіру кезінде Әмударияның жайын «жұтатты». Қазір арнасы құмға толы құрғақ алқап болып тұр. Дариялардың дәл бұлай «дегбірі» қашатындай себеп жоқ еді. «Көп асқанға – бір тосқанның» кебін киді. Шектен тыс шаруашылық пайдаланды, «суқұмар» егін суарылды. Өзен тарихын түгендейік деген ой жоқ, тек қалай сарқыла бастағанын түсіндіруге тырыстық.
2021 жылдағы мәліметке сүйенсек, судың мөлшері бірден 2 миллиард 400 миллион текше метрге дейін түсіп кеткен. Яғни өзен деңгейі 2020 жылға қарағанда 35 пайызға аз. Ал соның кесірінен аймақтағы белгілі 207 көлдің 17-сі тартылып қалған.
Сырдария да «егіз бауырындай» кеуіп, тартылуда. Ол күрмеуі қиын түйінге айналып барады. Осы жөнінде Арал-Сырдария Бассейндік Кеңесінің мүшесі Айткүл Шалғынбаева су мәселелерінің шешімі, Сырдария суының болашағы, оның қалай тартылу деңгейіне түскені жайлы нақты пункттермен пікірін білдірді.
– Өзен суының тартылуының басты себебі – өзбекстандықтар.
Трансшекаралық сулардың бойында отырған елдер халықаралық Су Конвенциясына сәйкес, ортақ суды өзара тең бөліседі. Мұндай келісім Орта Азия елдерінің де арасында бар. Әйтсе де соңғы 30 жылда көрші Өзбек мемлекеті Сырдария суын пайдалануда өктемдік танытып келеді. Олардың Су саясаты бүгінін, ертеңін, болашағын қамтыған. Бүгінде өзекең су қоймаларын салып, Сырдариядан суды қалағанынша толтырып алып отыр. Оған мақта мен бақшалық плантацияларын қосыңыз. Ертеңге дайындықтары – бүгінгі су пайдалануды реттеуі, оны сақтауы және қорғауы деп түсінуіміз керек. Ал болашағына әзірлігін – өздері болжап отырған алдағы 10 жылда 40 млн болады деп күтіп отырған халқының ауызсуын, аяқ суын дайындап қойғанынан көруге болады. Міне, көршіміздің Су саясатының құлашы қайда жатыр?!
Өзбекстан судан таршылық көрмейді.
Шынын айтқанда, Өзбекстан сусап отырған ел емес. Табиғи су айдындары мен қолдан соғылған жасанды су бассейндері жетіп артылады. Сонда олар әлем бойынша су зардабын тартып отырған 25 елдің қатарына қалай кіріп алды? Шартараптан өзбектің экологиялық ахуалын бағамдауға келген Су жөніндегі эксперттер мен экология бағытындағы сарапшылар не көріп қайтып жүр? Міне, мәселе қайда? Өзекеңдердің өз жері – таулы, нулы, жасыл желек, қай заманнан гүлзары мен су бұрқақтары тоқтамаған сұлу өлке. Шынтуайтында, судың зардабын тартып отырған – қарақалпақтар. Арал теңізінің оңтүстік бөлігін қорғау, қолдау, сақтап қалу деген бағдарламаны өзбектің мемлекеттік жобаларынан іздеп әуре болмаңыз. Алайда тұзды, құм көшкінін тоқтату үшін сексеуіл егу бағдарламасы жақсы дамыған. Бір қызығы Өзбекстанның Су бағдарламасында Аралдың тұзы мен құмын жұтып, су тапшылығын тартып отырған Қарақалпақ автономды Республикасының Суға қатысты жобалар, гидроқұрылыс, жөндеу жұмыстары қаралғанмен, оның қаражатын Қарақалпақ өз бюджетінен бөлсін деп көрсетілген. Міне, қызық! Аралды желеу етіп, су жоқ, өзбектің халі мүшкіл деп әлемге көрсету үшін Арал теңізінің кепкен алабын бетке ұстайды, ал оның залалын тартып отырған қарақалпақтар санатта жоқ. Осындай Су саясатын ұстанған өз ағамыз бізді оңайлықпен жарылқай қояр ма екен? Әрине, жоқ! Оған 30 жыл бойы дөңгелек стол басындағы келісімдерде ортақ судан үлесімізді қол жайып, жалынып сұрап алып отырғанымыз куә. Ол үшін тек Үкімет Президентіміз Тоқаевтың тікелей бақылауымен мемлекетаралық келісімдерде қатаңдық танытуы тиіс. Тіпті өз дегенінен қайтпаса, біздің де мемлекет ретінде оларға қолданатын амалдарымыздың бар екенін естеріне салу керек. Мәселен, автобан жолдары, әуе кеңістігі, теміржол қатынасы, яғни экономикалық бағытта бізбен септесіп отырған тұстары баршылық.
Мәселені шешуге қадам бассақ.
Ең болмағанда Су Конвенциясына сүйеніп, «Сардобаны» жапқызу керек. Өзбек бірде-бір су қоймасына бізден келісім сұраған емес. Өйткені оларға Кеңес кезінде 25 су қоймасын Мәскеу салып берген еді. Ал біз Сырдарияның төменгі ағысында отырсақ та, САРАТС жобасының 2-кезеңін бастағалы тұрғанда, «бұл жобада Сырдария арнасын реттеу деген сөз бар, Сырдарияның арнасын реттеуге бізден келісім сұраған жоқ» деп, Дүниежүзілік Банкке шағымданып, біз үшін, Арал теңізі үшін аса маңызды жобаның қаражатын тоқтатты. Онсыз да «Бір деңгейлік, екі деңгейлік» деп тартыста жүрген жобаның Қ.Көшербаев тиімді нұсқасын өткізіп, жоба енді басталды дегенде, өзекеңдер бізге сондай «сюрприз» жасады.
Ендігі үміт – Президентте!
Ал шындығына келсек, Сырдарияның төменгі ағысынан өзбекке келер титімдей де әсер жоқ. Бұдан біз не байқаймыз? Қазақ Үкіметі етек-жеңін жиып, Су саясатына стратегиялық маңыз беріп, атақты сушы, бүгінде қазақ суының атасы атанған Нариман Қыпшақбавтың кеңесін қаперге алғаны дұрыс. Суды қорғау, пайдалану, сақтау мәселелерін қолға алуы қажет. Әлемдік климаттың индекаторы – Арал теңізінің Солтүстік бөлігіне жиналған суды жоғалтпай, «Көкарал» бөгетін салыстырғанда, 50-53 метр деңгейге көтеріп, Солтүстік айдынды кеңейтуді жалғастыруға тиіспіз. Айтқандай, өзекеңдердің САРАТС жобасы атауындағы «Сырдария арнасын реттеу» деген сөзіне шүйліккен саясатынан кейін, жобаның атауын өзгертуге мәжбүр болдық. Қазір ол жобаның атауы – «Өңірлік даму, Аралдың Солтүстік бөлігін сақтап қалу» болып өзгерді. Сонда да біз Өзбекстан Үкіметіне «Сырдарияның төменгі ағысының сіздерге еш әсері жоқ, бұларың не?» деп, Дүниежүзілік Банктің алдында өз репутациямызды қорғай да алмадық. Міне, Қазақтың Су саясатының сиқы. Бір қуанарлығы, биыл Президентіміз Қ.Тоқаев министрлікті, оның ішінде Су Комитетін сынға алды. Демек Президент жағдайды біліп отыр. Ендігі үміт –Президентте! Еліміздің Су саясатын күшейтуді Президентіміз су ресурстары министрлігін құрудан бастаса, су кадрлары мәселесі де шешіліп, мемлекетаралық келісімдерде позициямызды да мықтап, сала оң бағытқа бұрылар еді. Су еліміздің басты саясатына айналмаса, экономика да, прогресс те әдірам қалады. Су – мемлекет дамуының өзегі! – деді тәуелсіз сарапшы-журналист А.Шалғынбаева.
Сырдарияның жайын неге басты орынға санағанымызды түсіндіңіз бе? Өйткені, өзен тартылса, егін басын ұшық құрап, Арал теңізінен түйіршік тұздар ғана қалушы еді. Міне, сол кезде экологиялық зардаптың шегіне жеткен болар едік. Бұл кезде уран, мұнай өндіруші зауыттардың да жұмысы бәсеңдеп, жұмыссыздар қатары көбейеді. Облыстың экс-әкімі Гүлшара Әбдіхалықова басшылықтан кетер кезінде халықтың қуанышын еселеді, Сырдарияға су әкелді. Дария арнасы тасып, бөгендер ашылып, өзен деңгейі көтерілді. Ал қазір, керісінше. Егін маусымы басталса да, су мәселесін «майшаммен» қарап жатқандар шамалы.
Аймақтың экологиялық жағдайы жайлы Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің ұсынған мәліметтеріне қарасақ, мәселе шешімін тауып жатқан сыңайлы. Департаменттің баспаөз қызметі бүй дейді.
Қызылорда облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасы 7 бөлімнен, 52 тармақтан (іс-шаралардан) құралған.
1. «Тұрақты көздерден атмосфераға ластаушы заттар эмиссиясын қысқарту» бойынша 12;
2. «Жылжымалы көздерден атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарындыларын азайту» – 2;
3. «Су ресурстарын реттеу» – 10;
4. «Қалдықтарды басқару саласы» – 13;
5. «Жасыл белдеуді дамыту, көгалдандыру және көркейту» – 5;
6. «Қоршаған орта жай-күйіне мониторинг» – 5;
7. «Ақпараттық жұмыс» – 5 іс-шара қарастырылған.
Жол картасында көрсетілген іс-шаралардың іске асырылу мерзімдері «тұрақты» және «2020-2025 жылдар» аралығы болып белгіленген.
Бүгінге дейін 52 іс-шараның 10-ы орындалған, 35 іс-шара өз ерекшеліктеріне сәйкес мерзімінде іске асырылуда. Ал 7 іс-шара тұрақты түрде орындалуда, – деп мәлімдеді Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі.
Сырдың суы десе, жайын уайымдап, болашағы үшін алаңдайтындар қатары жетерлік. Бұған дейін жерлесіміз, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров «Теңіз туралы бірауыз сөз айтылмайды. Мұндай біржақты шала саясатты қою қажет. Арал – өзінің үлесін талап ететін табиғаттың төл перзенті. Ең алдымен біз сонымен (теңізбен) санасуымыз керек. Неге біз тек егін шаруашылығын ойлай беруіміз қажет?», – деп Сырдың суын Аралға бағыттау туралы пікір білдірген болатын.
Сылдыры сыбдыр тартқан өзен мәселесі қайсыбіріміздің болсын жанымызға батады. Жағасында тек тұзы қалған Арал теңізінің болашағына бұлыңғыр қарап бара жатқандаймыз. Тек егін шаруашылығын ғана ойламай, эколог айтпақшы, Арал арнасын арттыру қажет. Аралдықтар теңізді сақтап қалу үшін барын салуда. Теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалу және қалпына келтіру мақсатында жыл сайын сексеуіл, сарсазан, тамариск секілді өсімдіктерді отырғызып, көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы аймақта 100 мың гектарға жуық жерге сексеуіл отырғызылса, жалпы есеппен бірнеше жылда көшет аймағы 1 млн гектарға жеткізілетінінен бұған дейін хабардар еттік. Аймақтағы ең басты экологиялық мәселеге айналып тұрған дария суының сапасын жіпке тіздік, көбінің пікірін ұсындық.
Ал Байқоңырдың экологиялық жағдайы жайлы естідіңіз бе?
Өз жеріміз болса да, өзге мемлекет меншігіндегі жердің нақты фактілермен келтірілген экопроблемасы айтылмайды. Көзбен көрмесек те, көңілмен ұғынған зымыран ұшыратын жер – үлкен экозардап кештіруші орын. Олай деуіміздің себебі, зымыран озон қабатын (ауа қабатын) толығымен тесіп өтіп, зиянды бөлшектерін тастап кетеді. Ол ауада қалқып қалатын зат деп есептелгенімен, көбінде жерге түсіп апаттық жағдайлардың орын алуына себепкер болады. Зымыран ұшқан сәтте шаңды дауыл соғып, ауаға бөлінген заттар қала тұрғындарының тыныс жолдарын зақымдап, денсаулыққа зор зиян әкеледі. Қазіргі уақытта зерттеу жұмыстары үшін айына, тіпті аптасына зымыран ұшырылып, айлақ аумағына пайдасыз заттарды үйіп кетеді. Ресей қарамағындағы қала санағанымызбен, өз жеріміздің экологиялық жағдайына бейжай қарап, оны шешу үшін жұмыстар істей алмайтынымыз қынжылтады. Өйткені ол қызылордалықтардың негізгі экологиялық әлеуетіне зиян әкеледі.
Уран мен мұнай өндіруші зауыттар соңғы кезде экологиялық шаралар жүргізіп, сүзгі қолдану арқылы зақымдаушы заттар қатарын азайтып келеді. Аймақта орналасқан өндіріс орындарының қалдықтары облыс тұрғындары тұтынатын су құрамын құртып, бүйрек, өт, бауыр, асқазан жолдарының ауруларына әкеп соқтыруда. Бұл мәселе көзге көрінбей, қаншама сау ағзаларды ауруға шалдықтырады.
Экология – көптеген бағыттармен тамырлас сала. Ол – еліміздің экономикасына, даму үдерісіне қарсы күш. Сондықтан аймақтағы экомәселелердің жайын шешу басты жолға қойылған. Қазіргі уақытта көшедегі қоқыс та қала экологиясына әсер етеді. Біз өмір сүретін табиғат таза болуы үшін өзімізді тазалыққа тәрбиелеуіміз қажет.
Ердәулет ҚАЛИЕВ
[…] Дегенмен, жергілікті эколог шенеуліктер де өз тарапынан Үкіметпен бірлесе отырып, облыстың экологиялық жағдайын оңтайландыру бағытында қол қусырып отырған жоқ. Аймақтың экологиялық жағдайы жайлы Қызылорда облысы б… […]
[…] және онкологиялық аурулардың таралуы артып келеді. 2021 жылдағы мәліметке сүйенсек, Арал теңізіне құятын Әмудария мен Сырдария […]
[…] Дегенмен, жергілікті эколог шенеуніктер де өз тарапынан Үкіметпен бірлесе отырып, облыстың экологиялық жағдайын оңтайландыру бағытында қол қусырып отырған жоқ. Аймақтың экологиялық жағдайы жайлы Қызылорда облысы б… […]