Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келіннің көңілі

02.06.2022, 9:20 780

Балсезім атты бір қыз тұрмысқа шығып, күйеуі, енесі үшеуі бір үйде өмір сүреді. Бірнеше айдан кейін келін мен ене арасындағы ұрыс-керіс салдарынан өзі үшін де, анасы мен өзінің ортасында қалған күйеуі үшін де тұрмыс тауқыметіне шыдамады. «Бір шара қолдану керек» деп ойлап, әкесінің бұрынғы досы болған емшіге барып жағдайын айтады.

Кәрі кісі оған шөптерден бір қоспа дайындайды және оны үш ай бойы күнде аз-аздап енесінің тамағына қосып тұруын айтады. Уды аз-аздап берсе, оны келіннің өлтіргені белгілі болмайтын еді. Емші келіншекке ешкімнің және күйеуінің де одан күмәнданбауы үшін енесімен өте жылы қарым-қатынаста болуын, ол үшін ең дәмді тағамдар пісіруін де айтады.

Қуана-қуана үйіне келген келін айтылғанды бұлжытпай орындайды. Әр күн енесіне дәмді тағам дайындап беріп отырады. Біраз күннен кейін енесі қатты өзгеріп, келініне өз қызы сияқты қарай бастайды. Бұл арада енесін өз анасындай жақсы көріп қалған келін істеген ісіне қатты өкінеді. Кешірілмес қатеге жол бергенін түсініп, баяғы емшіге қайта барады. Емшіге енесіне берген уды тазалайтын дәрі табуын сұрап жалынады. Көзіне жас толған емші былай дейді: «Қымбатты Балсезім, саған бергендерім тек витамин ғана еді. Нағыз у ол – сенің басыңда. Сенің оған деген қарым-қаты­насың жақсарған сайын, оның да саған деген ызасы құрметке айналды. Осылайша сендер нағыз ана мен қыздай болдыңдар».

Қандай  жағдай  болмасын, екі арада­ғы  жақсы  қарым-қатынасы мен сыйласты­ғын үзбеу, ол ене мен келіннің ауыз біршілі­гі мен ізеттілігін көрсетеді. Келіннің өз туған ата-анасының аты мен тегіне кір келтірмеуі оның өз үйінде алған өнеге  тәрбиесінің  көрсеткіші  болып табылады.

Келін көпшіл болуымен сүйкімді. Көп болудан қашпайтын келіннің өзгеден мәртебесі биік тұрады. Көптің көңілін тауып, сол арқылы өзіне жан тыныштығын іздей­тін келін кімге болса да ұнайтыны рас.

Қонағын Құдайындай сыйлап, үйінде барын алдына  тартатын  қазақтың  келіндері  көп болғаны  жақсы. Өйткені  қонағы  мен  келімді-кетімді  адамы  көп  үйде  ырыс  артады. Үйге келген  әр  адам  өзімен  бірге  берекесін  ала  келеді.

Қабағын шытпай тек келген адамдардың көңілін таба білсең, ел алдында да мәртебең жоғары болады. Тоқсан ауыз сөздің тобық­тай түйіні, келіндердің енесіне жасаған әр әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші.

Данагүл  НҰРБЕКҚЫЗЫ,

Қорқыт  ата  атындағы  Қызылорда университетінің  2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: