HALYQLINE.KZ Өмір белгісі. Ол не? Медицинада өмір белгілері дененің негізгі функцияларын өлшеу үшін қолданылады. 4 негізгі өмірлік белгілер бар: дене температурасы, қан қысымы, жүрек соғысының жиілігі және тыныс алу жиілігі. Бұл өлшемдер адамның денсаулығын бағалауға, аурулардың алдын алуға көмектеседі. Маңызды белгілерге жататын бұлар физиологиялық жай-күйімізді білдіреді. Ал, біздің ішкі дүниеміздің үйлесімді болып, жалпы өмірдің тыныш болуы өмірімізде кездесетін басқа да белгілерге байланысты. Қан қысымымыз жоғары болса, дәрігерге көрінетініміз секілді, кездескен өмір белгілері арқылы алдымызды болжап, соған сай қауіп-қатердің алдын алуымызға болады. Бұл тақырып төңірегінде психологтар айтып та жүр.
Сен жолда кетіп бара жатырсың дейік, алдыңнан таяқ ұстаған кісі кездесті. Ертесіне де солай. Ол кісіге бір қарайсың да, өз жолыңмен кете бересің. Мән беріп те жатпайсың. Психологтардың айтуынша, бұл белгі сенің денсаулығыңда бір кінәрат бар немесе өмірде сүрініп, құлайтын жағдайдан сақтанғаның жөн. Ал, жүкті әйелге жиі жолығатын болсаңыз, қуаныңыз, сіздің жолыңыз болады. Қарт кісі ылғи көзіңізге көрінетін болса, ата-анаңыздың батасын алыңыз немесе Құран бағыштаңыз.
Бірсарында тұрмайтын өмір болғандықтан, айналамыз қым-қуыт тіршілікке толы. Оған зер салып қарасаң, өмір белгілерін ұғып үйренесің. Өмірдің белгілерін дұрыс бағамдай алсаң, тыныш өмір күтері анық. Тыныш өмір әркезде аяқтың астында, кез келген өзгерістің өн бойында болады. Өзгеріске ұмтылған адам рухани толысып, жан тыныштығына жетеді.
Жақсы, тыныш өмірдің жаршысы – жан тыныштығы. Бақыт пен уайымсыз өмірге жеткен адам жетістікке жеткен болып есептеледі. Ішкі жан тыныштығына жету жолдары:
Ойлар орындалады.
«Мирдад» кітабында «Сіздің әр ойыңыз аспанда үлкен әріптермен жазылып, әрі әр адамға көрінеді деп ойлаңыз, ол солай болады» дейді. Сіздің осы сүріп жатқан өміріңіз – ойларыңыздың көрінісі. Ой арқылы көп нәрсеге жетуге болады.
Кешірім мен түсіну.
Реніші жоқ адамның жаны таза болады. Өзгені түсінген адам, өзін де түсінгенін қалайды. Бұл түсіністік ішкі тыныштықты сақтауға көмектеседі.
Бір іске қызығушылығыңыз болсын.
Ральф Эмерсон: «Тегінде әрбір шебер тек қызығушылық танытушылар болған» дейді. Сіздің талабыңыз бен қызығушылығыңыз сізді тыныш күйге түсіреді.
Жан дүниеңіздің қалауымен өмір сүріңіз.
Оны іштен іздеңіз. Бұл сіздің тыныштығыңыздың кепілі.
Жан-дүниесі тыныштыққа түскен адамның өмірі де тыныш. Өмір белгілері – тыныш өмірге бастайтын жол. Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?
Данагүл НҰРБЕКҚЫЗЫ,
студент
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!