Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Балаларым менің сотталғанымды білмейді»

20.05.2022, 11:40 428

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде абайсызда қылмыс жасаған азаматтар жазасын өтейді. Мекеме бастығының орынбасары Қанат Дайрабаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша 30-ға жуық азамат жазасын өтейді.

Осы баппен мекемеде жазасын өтеп жүрген 2 сотталғанмен сұхбаттасудың сәті түсті. Нұрлыбек есімді сотталған мекемеге сәуір айында келіпті. Өзінің айтуынша, екі жыл бұрын көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылған. Соған қарамастан досының туған күнінен шыққан ол көлікті құжатсыз, масаң күйде жүргізген.

– Полиция қызметкерлері көлігімді тоқтатып, масаң күйде екенімді байқап, масаңдық дәрежесін тексеру үшін наркология орталығына апарды. Медициналық куәландыру алкогольді орташа масаң күйде болғанымды көрсетті. Сот үкімімен өмір бақи көлік жүргізу құқығымнан айырылып, 6 айға бас бостандығынан айырылдым. Заңды белшесінен басып, жүргізу құқығынан айырылсам да, масаң күйде көлікті басқарғаным өз қателегімнен. Ішімдіктің кесірінен өз тағдырыма өзім балта шауып, бостандықтың қадірін түсінбей, жолымнан адастым. Әсіресе анама қиын болды. Телефонмен анаммен сөйлескен сайын, кешірім сұраймын. Менің қателігімді басқа адам қайталамаса екен, масаң күйде көлік тізгінін басқару өз өміріңе де, басқа адамдардың өміріне де зиянын тигізеді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ»- демекші, адам баласының шалыс басуы, қателесуі бір-ақ сәт екен. Жазамды өтеп шыққан соң отбасылы болсам деген арманым бар. Ата-анаңның, бауырларынның қасында жүрегеніне ештеңе жетпейді екен, – деп әңгімесін аяқтады.

Марат та осы баппен сотталған. Ол да масаң күйде көлік жүргізген. Сот үкімімен алты айға сотталып, қазір жазасын өтеп жатыр.

–  Ұлым мен қызым бар. Балаларым менің түзеу мекемесінде екенімді білмейді. Өйткені балаларыма қиын, естімесе екен деймін. Әсіресе кішкентайым қайта-қайта сұрайды екен. Сотталғанға дейін Атырау қаласында теміржолда жұмыс істейтінмін. Балаларым жұмысқа кетті деп ойлап жүр. Күнделікті телефонмен сөйлесіп тұрамын. Мен оларды қатты сағындым, балаларым мені күтіп жүр. Темір тұлпар тізгіндеген азаматтарға ішімдік ішіп, көлік жүргізбеңіздер дер едім, – деді сотталған азамат.

«Мекемеге жаза мерзімін өтеуге келген әрбір азаматпен мекеме қызметкерлері тәрбие жұмыстарын жүргізіп, жұмыспен қамтып,  әр бағытта жұмыс істейді. Әр сотталғанның мінез-құлқы мен жасаған қылмысына қарай жеке тәрбиелеу жұмыстары жүргізіледі» дейді әділет майоры Қ.Дайрабаев.

Дана Достанова,

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

Көрнекі коллаж

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: