Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Миллиондармен «ойнағандар»

19.05.2022, 16:00 340

HALYQLINE.KZ

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма басшысы Айдос Әбдібаев брифинг берді. Онда мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысын жариялады.

Прокуратура органдарымен 2021 және 2022 жылдары бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылған. Қадағалау шараларымен мемлекеттік сатып алудың барлық сатысында заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталған. Атап айтқанда, бұзушылықтар құрылыс нысанының жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуден бастап, мемлекеттік сатып алуды өткізу, құрылыс жұмыстарын жүргізу және нысанды қабылдау сатыларында болған. Оның ішінде құрылыс барысында жобалау-сметалық құжаттамадан жекелеген жұмыстарды алып тастап, орнына негізсіз қымбат материалдарды қосу фактілері бар.

– Прокуратурамен 2021-2022 жылдары 134 млн теңгеге бюджет қаражатын жымқырудың 5 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Мысалы, 2021 жылы Қазалы ауданы әкімдігі ғимаратының құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекемемен 6 млн теңгенің жұмысы атқарылмағаны анықталып, ауданның құрылыс бөлімінің басшысы Қ.А.Жұбатқан Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігімен (3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы) жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігіндегі «Шіркейлі» арнасы арқылы көпірді салу кезінде 30 млн теңгенің жұмыстары жасалмағаны бекітілді. Бұл факт бойынша ағымдағы жылғы 13 мамырда облыс прокуратурасымен Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, оны жүргізу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне жүктелді. Одан бөлек 16 әлеуметтік нысанның құрылысын тексерумен 20 млн теңгеге атқарылмаған жұмыстарды тапсырыс берушілермен заңсыз қабылдағаны анықталды. Бұл нысандар бойынша сот-құрылыс сараптамасы жүргізілуде. Оның нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады, – деді Айдос Мұхтарұлы.

Жалпы, мемлекеттік сатып алу саласында заңнаманы бұзған 214 мемлекеттік қызметкер, оның 134-і тәртіптік, 73-і әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Мемлекеттік сатып алуды негізсіз бір көзден алу тәжірибеге айналғаны анықталған. Оның салдарынан мемлекеттік сатып алу жалпы бәсекелестік ортада жүргізілмей, кәсіпкерлердің сатып алуға қатысу және ол үшін тең мүмкіндіктер беру құқығы шектеліп келген. Мәселен, Арал аудандық құрылыс бөлімі бірқатар жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға заңсыз тікелей бір көзден шарт жасауға жүйелі түрде жол берген. Бұл бөлім 2019-2021 жылдары 1 млрд 400 млн теңгеге заңсыз 54 осындай шарт жасаған. Оның үстіне аталған қызметтерді тек белгілі бір тұлғалардан алып келген. Облыс прокуратурасының қадағалау актісімен 2022 жылдың 20 сәуірінде ведомстволық бақылауды жүргізбегені үшін Арал ауданының әкімі мен оның орынбасары тәртіптік жазаға тартылса, бөлім басшысына 8 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, ол қызметінен босатылды.

Осы жылдан бастап бір көзден мемлекеттік сатып алу тек басқа тәсілдермен сатып алу мүмкін болмаған айрықша жағдайларда жүзеге асырылатыны жөнінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Дегенмен аталған өзгерістерге қарамастан, ағымдағы жылы 19 кент пен ауыл округтерінің әкімдіктері заңсыз 459 млн теңгеге бір көзден 108 шарт жасағаны белгілі болды. Тек Тереңөзек кенті әкімдігінің өзімен 224 млн теңгеге 39 негізсіз шарт жасалған. Ұқсас заңдылықты бұзушылықтарға Қазалы ауданында 90 млн теңгеге, Жалағаш ауданында 46 млн теңгеге, Қармақшы ауданында 52 млн теңгеге, Шиелі ауданында 24 млн теңгеге және Жаңақорған ауданында 4 млн теңгеге жол берілген.

Өз кезегінде бұл мемлекеттік сатып алулар басқа да әлеуетті өнім берушілер арасында бәсекелестік орнатып, баға ұсыныстарын сұрату немесе конкурс тәсілімен жүргізу қажет болған. Сондықтан прокуратурамен негізсіз жасалған шарттардың күшін жою және лауазымды адамдардың жауаптылықтарын қарау үшін қадағалау актілері енгізіліпті.

Жоғарыда айтылған бағыттар бойынша жұмыстар, яғни миллиондармен «ойнағандардың» «ойынын осылту» алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: