Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ескі де жаңа кадрлар

28.04.2022, 12:00 680

HALYQLINE.KZ

Ел тағдыры талқыға түскен кезде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел әрі батыл шешім қабылдап, ауыр сынақ еңсерілді. Алдымызда ұлт болып ұйысу арқылы Жаңа Қазақстанды құру міндеті тұр. Алайда бүгінгі таңда «ескі кадрлармен жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?» деген сыни пікірлер де естіліп қалып жатыр. Әрине, кадр бірден тәрбиеленбейді, әрі «кадр бәрін шешеді» дегенге де илана беруге болмайды. Бұл ретте ел президенті де кадрлық тағайындаулар жасауда асығыстық болмауы, мұның бәрі ойланып барып істелуі керектігін, оның үстіне ұлттық кадр дайындауда тапшылық барын да атап өткені бар. «Мен мамандарды қысқартып, керексіз етіп тастауға қарсымын, оларды да кәсібилігіне қарап бағалау керек», – деді мемлекет басшысы.

Кәсібилік дегеннен шығады, Сыр елінде де үлкен ауыс-түйіс болды, облыс басқарған тұңғыш әйел ретінде ел есінде қалған Гүлшара Әбдіқалықованы «іскер, харизмасы бар, нәті қатты» деп бағаланатын Нұрлыбек Нәлібаевтың алмастырғанына да 20 күннен асып барады. Келгелі бері облыстың аудандарына бір-бірден барып қайтты, не бар, не жоқ, жан-жағын бағамдап, тіпті тақ-тұқ тапсырмалар тапсырып, алғашқы сөгісін де беріп үлгерді. Енді етек-жеңіп жинап, команда жасақтауға кірісті. Айтпақшы, келгеннен кейін аз күннен соң-ақ ауыс-түйісті «ішкі асханасынан», яғни іс басқармасынан бастады, яғни облыс әкімі аппараты басшысының бұйрығымен «Қызылорда облысы әкімдігінің іс басқармасы» КММ директоры қызметіне Ардақ Ибраимовтың тағайындалуын облыстың жаңа басшысымен байланыстырып жатқандар бар. Басқасын айтпағанда, Ардақ Әбдіғаппарұлының соңғы қызметі – Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінің әкімі.

Хош, бізде ресми ақпарат жарияланғанға дейін «құлағы мен тілі ұзындар» талайды таққа отырғызып, орнынан босатып жатады. Сол «инсайдерлер» кезекті ауыс-түйіс Жаңақорған ауданында болып, оған «автодорогты» басқарған кісінің баратынын, ал осы ауданның бұрынғы әкімі мәдениетті басқаратынын күні бұрын айтқан. «Жұлдыздары» алдамапты, дәл солай болып шықты. Өткен аптаның басында облыс басшысы аталған ауданға әкім болған Мұрат Тілеумбетовты таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Түрлі серіктестікте, басқармада басшылық қызмет істеп, қала әкімінің орынбасары да болған М.Жолкелдіұлы 2020 жылдың сәуірінен бері облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарып келді. Енді ауданды басқару таланына жазылған екен, қарым-қабілеті мен жергілікті тұрғындармен тіл табыса алуы – өзіне серт. Өйткені, келген күні-ақ оны «жылы қабылдамаған» кейбір «айқайшылардың» аттан салуы интернет арқылы айдай әлемге таралып кеткенін ешкімнен жасыра алмаймыз.

Бәрін айт та, бірін айт, тағайындаудың дені бүрсігүні болды. «Бал ашатындар» бұл орынға әркімді «әкелді». Облыс әкімі аппаратының басшысын айтамыз. Кім келді дейсіз бе? Шахмардан Байманов – қызылордалықтарға таныс есім, жастар ұйымының жетекшілігінен басталған жол елордаға дейін жалғасқан. Енді туған топыраққа келіп, аймақты өркендету жолында жастық жігері мен кәсіби әлеуетін жұмсап, облыс әкімі аппаратының жұмысын ұтымды ұйымдастыруға және қоғаммен байланысты жаңаша деңгейге шығаруға зор үлес қосады деген сенім бар. Облыс әкімінің өзі осылай үміт артып отыр. «Шахмардан Асқарұлы – жергілікті және орталық мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарған тәжірибелі әрі білікті маман. Республикалық деңгейдегі жастар ұйымдарының жетекшісі ретінде елімізде жастар саясатының дамуына үлкен үлес қосқан азамат. Яғни, қоғамдық жұмыстарда да, мемлекеттік қызметте де тәжірибесі мол, жоғары басқару сатыларынан өткен. Осы кезге дейін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметін атқарып, осы салада бірнеше министрмен табысты жұмыс істеп, өз білімі мен біліктілігін дәлелдеген. Республика деңгейіндегі жоғары лауазымдардан мол тәжірибе жинап, туған жерге қызмет етемін деген мақсатпен облыс әкімі аппараты басшысы қызметіне тағайындалды», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Ал, бұған дейін Жаңақорған ауданын басқарған Руслан Рүстемов жақында ғана құрылымы қайта жасақталған мәдениет және спорт басқармасының басшысы болды. «Руслан Рүстемұлы – мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, өзін білікті басшы, мықты ұйымдастырушы, тәжірибелі тұлға ретінде танытқан азамат. Руханият саласының нағыз жанашыры, идеология саласын жетік меңгерген білікті маман. Бұған дейін Шиелі ауданы және Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болған, облыстық тілдерді дамыту басқармасын, ішкі саясат басқармасын басқарған. Облыс әкімінің орынбасары және Сырдария ауданының, 2 мәрте Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарған. Қызмет жолында өңірдің өнер саласын өркендету, мәдени және рухани өмірін дамытуға зор үлес қосып жүрген азамат», – деді аймақ басшысы. Ел сенімінен шыққан азаматтың өңірдің өнер саласын өркендету, спорт саласын жоғары жетістіктерге жетелеу, мәдени-рухани өмірін дамыту жолында мол тәжірибесі мен білімін аямай, құрылымы қайта жасақталған жаңа басқарманың жұмысын жандандыратынына уақыт төреші, әрине.

Айтпақшы, команда сапында бұрын мемлекеттік қызметте жүріп, кейіннен сырттап кеткен тағы бір кадр ортаға қайта оралды. Ол – Ерлан Төрәлиев. Кезінде энергетика, құрылыс саласында қолтаңбасы қалған Е.Кәрімбекұлының Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының бастығы, Ұлттық экономика министрлігінің құрылымында қызмет еткені бар. Екі жылдан бері «Ер-Ару» ЖШС-нің құрылыс жөніндегі директоры лауазымын атқарған. Енді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын басқарады.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына Пакуатдин Шамұратов тағайындалды. Пакуатдин Сыражадинұлы – кәсіби әлеуеті, іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеті жоғары маман. Жастайынан мемлекеттік қызметтің ең жауапты деген жер, сәулет, құрылыс салаларында мол тәжірибе жинаған. Түрлі деңгейдегі қызметтерді абыроймен атқарып, іскер қызметкер ретінде өзін дәлелдеген. 2017-2020 жылдары қалаға қарасты Тасбөгет кентінің әкімі болған. Соңғы жылдары қалалық құрылыс бөлімінің басшысы және Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Облыс әкімі Пакуатдин Сыражадинұлына сәттілік тілеп, экономиканың күретамыры саналатын саланының дамуына қан жүгіртіп, алған білімі мен жиған тәжірибесін арнайтынына сенім білдірді.

Ал, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметіне Ғабит Жаңабаев келді. Ол – экономика мен қаржы саласының білікті маманы. Мемлекеттік қызметте түрлі деңгейде бірнеше басқармада жауапты қызметтерді абыройлы атқарған тәжірибелі кадр. 2012-2021 жылдары облыс әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, облыстық жұмылдыру дайындығы және қаржы басқармасы басшысының орынбасары болған. 2021 жылдан осы кезге дейін Қызылорда қаласы әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары қызметін атқарып келді. Алдағы уақытта Ғабит Жұмабекұлы жаңа қызметте әлеуметтік мәселелердің шешілуін батыл көтеріп, іскерлік ұстанымын көрсетеді деп сенейік.

Бір қызығы, тағайындалып жатқан кадрлардың дені Н.Машбекұлы аудан мен облыс орталығын басқарып тұрған тұста қарамағында болған азаматтар екені айдан анық. Соның бірі – Нұржан Ахатов. Қызмет жолында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, қала әкімінің орынбасары қызметтерін атқарса, қалалық мәслихат депутаты ретінде де қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлесін қосқан, «Қызылорда автобус паркін» де басқарған. Енді Н.Сәбитұлына «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағалығы сеніп тапсырылып отыр. Қызметтің барлық сатысынан өткен білікті экономист, ұтымды ұйымдастырушы делінген оның 2015-2017 жылдары аталмыш басқарма төрағасының орынбасары қызметінде болғаны белгілі.

Бұл ауыс-түйістің басы да, соңы да емес. «Шабадандық көңіл күйде» жүрген әкімдер мен басшылар да бар. Әлгі қысқартылып кеткен басқарма басшылары қайда барады? Олар да алаңдап отыр. Демек, алда тағы да тағайындаудың болатыны айтылып жүр. Әрине, қарапайым халық үшін кімнің басшы болғаны маңызды емес, бастысы, қай лауазым иесінің өзіне артылған сенімді ақтай біліп, саланы алға бастыруда аянып қалмағаны керек.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: