Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәслихат депутаттарымен жүздесті

16.10.2026, 0:22 27

Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының депутаттарымен кездесті. Жиынға зиялы қауым өкілдері мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, мәслихат депутаттарының аудан өміріндегі маңызды мәселелерді шешуге қосқан үлесі сараланды.
– Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы саяси реформаларды жариялап, республикалық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. 12 қазанда Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Екі күн бұрын Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын 29 қарашаға белгіледі. Сегізінші шақырылым депутаттары 2023 жылдан бері елімізде өткен ірі саяси науқандарда белсенді жұмыс жасады. Мәслихат сессияларында бюджетке өзгерістер енгізіліп, қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды жаңғыртуға, экономиканы дамытуға бағытталды. Сонымен қатар, ауыз су жүйелерін жаңғырту, көпір, тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны құрылысы, абаттандыру жұмыстары және әлеуметтік нысандар бой көтерді. Атап айтқанда, амбулатория, ойын алаңдары мен спорт кешені, халықты рухани дамыту мақсатындағы «Руханият» орталығы мен «Жастар аллеялары» халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Осындай ауқымды бастамалардың барлығы Өздеріңізбен бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесі. Сегізінші шақырылым кезеңінде аудандық мәслихаттың 56 сессиясы өткізіліп, барлығы 272 шешім қабылданды. Депуттаттар жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу мақсатында барлығы 311 депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалдар арқылы тұрғындардың мәселелерін шешілуіне ықпал ету жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауданымыздағы өзекті мәселелерді жедел көтеріп, тиімді шешілуіне атсалысты. Осылайша, мәслихат депутаттары қоғамды біріктіруге, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға үлкен үлестерін қосты, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, «Аудандық әжелер кеңесінің»төрайымы Ұлмекен Жаналиева, аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылымының төрағасы қызметін абыроймен атқарған Ержан Әжікенов және облыстық маслихаттың сегізінші шақырылым депутаты Жұмабек Ембергенов сөз сөйлеп, ризашылықтарын жеткізді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: