Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дархан Жазықбаев: Мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету

08.04.2022, 12:00 360

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевпен сұхбат

Дамудың жаңа кезеңіне қадам басып жатқан Қазақстанда басым бағыттың бірі – мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстағалы бұл салада тың бастамалар көтеріліп, ілкімді істер қолға алынды. Жақында жарияланған Жолдауда да мемлекеттік қызметке қатысты жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевпен арнайы жолығып, саладағы жұмыстардың барысы туралы біраз мағлұматқа қанықтық.

– Дархан Медеғалиұлы, Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында елімізде мемлекеттік басқаруға қатысты бірқатар саяси реформаның жүргізілетінін жария етті. Сіздің пікіріңізше, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет қалай ұйымдастырылуы керек?

– Президент Жолдауында ұсынылған бірқатар саяси реформа қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген. Мемлекет басшысы «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі» деп басты бағдарды анықтап берді. Бұл қоғамдық санаға серпін беріп, елдің ертеңгі күнге сенімін арттыруда.

Мемлекет басшысы атап өткендей, біз «мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз». Ал бұл мақсатқа жету үшін «әрбір адам және бүкіл қоғам, құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс».

Президент «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деп үнемі айтып келеді. Осыған сәйкес, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет бюрократияға жол бермейтін, сервистік сипатта ұйымдастырылуы керек. Бұл – халықтың талабына сай болу, елдің қажетінен шыға білу деген сөз.

Бүгінде халық тарапынан мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуіне қатысты кейбір көңілтолмаушылықтардың бары жасырын емес. Осы олқылықтардың орнын толтыру – біздің алда атқарар қызметіміздің басты бағдары. Ол үшін ашық, әділ, адал, адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыруымыз қажет. Мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету. Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметті ұйымдастыру осы бағытта жүргізіледі.

– Жолдауда жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру жайлы айтылды. Осыған қатысты ойыңызбен бөлісе кетсеңіз…

– Жолдауда айтылған жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру ең алдымен саяси жаңғыруды нәтижелі жүзеге асыруға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталып отыр.

Мемлекет пен жергілікті өзін өзі басқару институттарының өзара міндеттерін нақтылау бұлардың рөлін күшейтіп, жауапкершілігін арттырады. Себебі аталған институттар қабылданған шешімдерге тікелей жауапты болады. Олардың дербес шешім қабылдауына мүмкіндік беру азаматтардың тұрғылықты жерлердегі мәселелерді шешуге тікелей атсалысу белсенділігін арттырады. «Өзім дегенде, өгіз қара күшім бар» дейді ғой халқымыз. Әр азаматтың өз қаласы, өз ауданы немесе өз ауылы үшін белсенділік танытып, жауапкершілікті сезініп, үлесін қосуына және тиімді нәтижелерге қол жеткізуіне жаңа мүмкіндіктер туындайды.

Осы тұста өңірлерді қаржыландыру жүйесін әрі қарай жетілдіру, яғни жергілікті өзін өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізу олардың жоғары тұрған әкімдіктерге қаржылық тәуелсіздігін бәсеңдетіп, өңір басшылығының жергілікті ахуалға ықпал ету мүмкіндігін және жауаптылығын арттырады.

Нәтижесінде, Жолдауда айтылған шараларды жүзеге асыру, жұртшылықты өзін толғандырған проблемаларды оңтайлы шешу ісіне жұмылдыра алатын, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізеді. Сонымен қатар азаматтардың жергілікті басқаруға ықпалы мен белсенділігі артып, жергілікті өзін өзі басқару жүйесі нығая түседі. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін демократияландырудың ашық көрінісі.

– Жыл басында Мемлекет басшысы агенттікке бірқатар тапсырма берді. Сол тапсырмалар бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу рәсімдерін жеңілдету, бюрократияға жол бермеу, меритократия қағидатын ілгерілетуге қатысты агенттіктің алдына жаңа міндеттер қойған болатын. Қазір бұл мәселелер зерделеніп, ұсыныстар әзірленуде.

Бүгінде агенттік тарапынан мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша бірқатар ұсыныс дайындалды. Мәселен, жоғары оқу орындары мен колледждерде мемлекет есебінен білім алып, оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) жоғары көрсеткіштегі маман иесі атанған жастарымызды аудандық және ауылдық деңгейлердегі ең төменгі лауазымдық мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдау ұсынылып отыр.

– Осы тұста нақтылай кетсек, сонда бұл арнайы жастар үшін қарастырылып отырған жеңілдіктер ме?

– Солай десе де болады. Біріншіден, бұл жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуға жол ашса, екіншіден, аймақтарда кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта агенттік тарапынан мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша басқа да ұсыныстар дайындалып жатыр.

Мемлекеттік қызметтен шығу рәсімдерін жеңілдетуге қатысты сұраққа келсек, қолданыстағы ережеге сәйкес, қызметші екі жыл қатарынан теріс бағалауға ие болғаннан кейін жұмыстан босатылуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Осы мәселені бағалау құралының рөлін арттыру арқылы шешу ұсынылады. Осылайша тоқсан сайынғы бағалауды енгізгеннен кейін, екі тоқсан қатарынан қанағаттанарлықсыз баға алған қызметшілердің лауазымын төмендету, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда оларды лауазымынан босату ұсынылады. Бұл тиімсіз мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыра отырып, оларды қызметтен босату рәсімдерін жеңілдетеді деп күтілуде.

Меритократия қағидатын ілгерілету мәселесіне келер болсақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшіден лауазымын жоғарылату үшін конкурсқа қатысуы талап етіледі. Бұл ретте мемлекеттік қызметте конкурссыз мансаптық ілгерілеу төмен тұрған лауазымдағы екі жыл еңбек өтілінен кейін ғана мүмкін.

Біз мемлекеттік қызметшілерді мансаптық ілгерілету барысында олардың қызметінің тиімділігіне берілген бағаны есепке алуды ұсынып отырмыз. Осылайша тоқсан сайынғы бағалауға көшу қызметші жұмысының тиімділігін екі жыл күтпей-ақ, тезірек бағалауға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, қатарынан төрт тоқсан бойы жоғары баға алған қызметшілерді тікелей тағайындаумен лауазымын жоғарылату ұсынылады. Белгілі бір қызметшіні көтермелеу мақсатында бағалауға формальды келуді болдырмау үшін мұндай тағайындау агенттікпен келісіледі.

Осы айтылғандармен қатар, мемлекеттік басқаруда бюрократияға жол бермеу, оны болдырмауға қатысты бірқатар ұсыныс әзірленді.

– Жақында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Жаңа редакциядағы Әдеп кодексінің бұрынғы нұсқадан басты айырмашылықтарына тоқтала кетсеңіз…

– Жаңа редакцияда қабылданған мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсінуде және қолдануда ерекше маңызға ие.

Біріншіден, бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген еді. Ал жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылып, мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр.

Жаңа Әдеп кодексі – ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі.

Екіншіден, жаңа редакцияда Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік және клиентке бағдарлану. Сәйкесінше, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

Осы қасиеттер Жаңа Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің болмысынан көрініп тұруы керек. Бұл ұстанымдар мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңа мазмұн береді деп күтілуде.

Үшіншіден, Әдеп кодексінің жаңа редакциясына сай агенттік пен оның аумақтық органдары, қызметтік әдепті бұзудың профилактикасын үйлестіруші органдар ретінде айқындалып отыр. Осыған байланысты алдағы уақытта Әдеп жөніндегі уәкілдердің, комиссиялар мен кеңестердің әдеп бұзушылықтарды ескерту және алдын алу бойынша жұмыстары жандандырылады. Негізгі өзгерістер – осы.

– Кейінгі кездері қоғамдық өкілдер, сарапшылар тарапынан кадр мәселесі жиі қозғалып жүр. Агенттік осы мәселеге қатысты қандай жұмыстар атқаруда?

– Cұрағыңыз – қазіргі өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы 2019 жылы «Президенттік жастар кадр резервін» қалыптастыру туралы бастама көтерген еді. Содан бері агенттік осы бағытта жұмыстар атқарып келеді.

Мемлекетті анықтайтын – адам мен қоғам. Жаңа Қазақстанның кадрлық әлеуеті мықты болса, рухы биік, тәуелсіздігі берік ел болып дамитыны күмәнсіз.

Президент атап өткендей, «Жастар кадр резерві – мемлекеттің резерві». Резервті қалыптастырудағы басты мақсат – көкірегі ояу, көзі ашық жастарды мемлекеттік басқаруға тарту, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа серпін беру.

Президенттік жастар кадр резерві бүгінгі таңда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Осы жұмыс қолға алынғаннан бері кадрлық резервке екі рет іріктеу өтті. 2019 жылы өткізілген іріктеу мемлекеттік, сондай-ақ квазимемлекеттік секторға бағытталған болса, 2021 жылы өткізілген іріктеу тек мемлекеттік қызметке бағытталып, нәтижесінде резервке 50 адам алынып отыр. Осы жолғы іріктеуде үміткерлерге мемлекеттік тілді міндетті түрде меңгеру талабы енгізілді.

Біз Президенттік жастар кадр резервіне білімді, алғыр, бастамашыл, инновациялық ойлай алатын жастарды іріктеуді тұрақты жолға қою арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруды бастадық.

«Ақыл – жастан, асыл – тас­тан» деп бекер айтпаса керек халқымыз. Білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты қозғаушы күші.

Қазіргі таңда барлығы 350 резерв өкілінен 222 адам түрлі салада қызмет атқаруда. Олардың қатарында бірінші іріктеуден – 203, екінші іріктеуден өткен 19 резерв өкілі бар.

Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлердің басты мақсаты жеке мансаптық амбицияларға емес, ең алдымен қоғамдық мүдделерге негізделуі керек. Кадрлық резервке енудің мәні – үлкен бастық болу емес, ел игілігі үшін қызмет атқару. Осындай ұстаныммен ғана біз халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік басқару менеджерлерін қалыптастыра аламыз.

Биік мақсатқа ұмтылған, еңбекқор, креативті жас буын – қашанда елдің арқасүйер тірегі. Ең бастысы, біз жастарымыздың бойындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттасақ деген ниеттеміз.

Жалпы, кадрлық әлеуетті арттыру бағытында сапалы тұрғыдан өзгеріс қажет. Жаңа Қазақстанның мемлекеттік кадрларының бойында елдік мүддені ойлайтын, принципшілдік ұстанымдар болуы керек. Сол арқылы ғана біз мемлекеттік басқару аппаратын қалыптастыруда сапалы өзгерістерге қол жеткіземіз. Сапалы кадрды бізге ешкім әкеліп бермейді, олар – қоғамның ішінде. Біздің міндет – соларды тауып, мемлекеттік аппаратқа тартып, іріктеп алу арқылы кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыру.

– Алдағы уақытта Прези­денттік жастар кадрлық резерв өкілдерімен жұмысты әрі қарай ілгерілету бойынша агенттік қандай іс-шараларды жоспарлап отыр?

– Президенттік Жастар кадр резервін ілгерілету мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өз тарапынан бірқатар іс-шараны жүзеге асыруда. Мәселен, жақында резервті одан әрі жетілдіру бойынша атқарылатын іс-шаралардың жоспары бекітілді. Әлеуетті жұмыс берушілердің резервшілермен өзара іс-қимыл рәсімдерін регламенттеу мақсатында агенттік тарапынан резервшілерді жұмысқа орналастыру, олардың мансаптық өсуін қадағалау және бағалау мәселелерін қамтитын резервшілердің рекрутинг алгоритмі әзірленді. Сонымен қатар агенттік «ПЖКР офисімен» бірлесіп, резерв аясында жұмысқа орналасу үшін резершілердің мансаптық ниет-тілектерінің карталары жасалып, олар резервшілерді тарту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу мақсатында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарға жіберілді.

Ұсынылған механизм бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бос лауазымдарына орналасу агенттік жіберген резервшілердің мансаптық тілектеріне негізделеді. Мансап картасын агенттік үнемі жаңартып отырады.

Қазір агенттік тарапынан мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік сектор ұйымдарымен кездесулердің тиісті кестесі әзірленді. Яғни осы сәуір айынан бастап әр апта сайын, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың басшыларымен өтетін кездесулер кестесі жасақталды. Бұл кездесулердің басты мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмаларын ұтымды жүзеге асыру жолында жаңа идеялар мен көзқарастарды топтастыратын алаң құру.

Агенттікке қарасты Мемлекеттік басқару академиясының Коворкинг орталығында Президенттік жастар кадр резервінің офисі ашылды. Онда Президенттік жастар кадр резерві өкілдерінің кездесіп, ой бөлісіп, жаңа жобаларды талқылауына, көзқарастарын ортаға салуына мүмкіндіктер жасалған.

– Осы орайда тағы бір сұрақ туады. Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттік аппарат штатын оңтайландырғаннан кейін келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу міндеті қойылған. Осы келісім-шарттық қызметшілер институты жайлы айта кетсеңіз.

– Өзіңіз айтып отырған тұжырымдамаға сәйкес, ұлттық, салалық және өзге де жобаларды іске асыру кезеңіне арнайы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік беретін келісім­шарттық қызметшілер институтын енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік қызметшілер болып саналмайды. Алайда келісім­шартқа сәйкес оларға нақты міндеттерді шешуде белгілі бір құзыреттер беріледі. Келісім­шарттық қызметшілердің қызметі мен міндеттері бір жылдық мерзімге жасалатын еңбек шартында айқындалады.

Келісімшарттық қызметшілер еліміздің заңнамасында бұрын жоқ жаңа лауазымдық санат болғандықтан, оны заңнамалық тұрғыдан енгізу бойынша тиісті іс-қимыл жоспары әзірленді. Бұл бағыттағы жұмысты 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Келісімшарттық қызметшілерді тарту бірқатар міндетті шешуге ықпал етеді деп күтіледі. Атап айтсақ, мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды табысты іске асыруды; нақты салада, экономика сегментінде, әлеуметтік салада бірегей, табысты, өзіндік тәжірибені тарату және енгізуді; жаңа технологиялар трансфертін қамтамасыз етуді; инновациялық ойлауды дамытуды; мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды іске асыру кезінде практикалық өзара іс-қимыл арқылы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды; мемлекеттік аппаратты басқарудың икемді моделін дамытуды реттей алады.

Келісімшарттық қызметшілерді тарту жобасын жүзеге асыру қойылған мақсаттарға қол жеткізу барысында жаңа жағдайларға жеңіл бейімделуге және мемлекеттік қызмет саласында икемді кадр саясатын жүргізуге мүмкіндік береді деп отырмыз.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

 «Egemen Qazaqstan» газеті

7 сәуір 2022 жыл

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: