Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалар жылы жаңа жобалар жүзеге асырылады

30.03.2022, 17:10 1330

Балалар жылы аясында биыл өңірде 4 жаңа мектеп пен 2 апаттық жағдайдағы мектептер үшін жаңа ғимарат және бір балабақша ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар заманауи әдіспен жұмыс істейтін жаңа аутизм орталығы қолданысқа беріледі. Осы жылы 47 балабақша мен 28 мектепте инклюзивтік кабинеттер ашылып, оған арнайы мамандар қамтылмақ. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мәлімдеді.

Қазіргі уақытта балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары облыс әкімімен әзірленіп, бекітілді. Балалардың шығармашылық идеяларын іске асыру мақсатында 100-ден астам түрлі іс-шара енгізілді. Сондай-ақ, балалар жылында қаламыздағы №264 мектеп-лицейінің жанынан оқушыларға арналған замануи обсерватория ашылды. Бұл өз кезегінде балалардың жан-жақты дамуына оң әсерін тигізеді. Қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында қалада 150 орындық қосымша білім беру орталығы, Қармақшы ауданында 150 орындық тыңығу лагері, Жалағаш ауданында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі ашылады. Биыл техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 1600 орынға қосымша мемлекеттік тапсырыс беріліп, 3108-ге дейін көбейтіледі, – деді басқарма басшысы Ақзира Қасымова.

Сонымен қатар, «Көп бейінді облыстық балалар ауруханасы» базасында 2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. «Атамекен» ҰК палатасымен бірлесіп сауда орталықтарында арнайы күтімді қажет ететін балалар үшін «Денсаулық бұрыштарын» ашу жоспарлануда. Әлеуметтік қолдау көрсету үшін әртүрлі санаттағы балаларға «Жақсылық жаса балаға» мереке күндеріне орай қайырымдылық шаралары мен «Бірге армандайық» ауыр дертпен ауыратын балаларды кумирлерімен кездесу шарасын ұйымдастыру жоспарланған.Айта кетейік, балалар жылында ең үздік деп танылған жобалар мен белсенді қатысушылар «Ең үздік әлеуметтік жоба», «Мейірімді жүрек» номинация бойынша марапатталатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: