Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шеберлік сағаты өтті

09.10.2026, 22:00 42

HALYQLINE.KZ

Бүгін Сыр медицинасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті дәрігер, ұлағатты ұстаз, ғалым әрі медицина саласының ардагері Сағымбай Қарақұлұлы Құлсартовты еске алуға арналған ауқымды іс-шара аясында көпбейінді облыстық ауруханасында күрделі хирургиялық оталардан шеберлік сағаты өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Қызылорда облысының хирургия саласының дамуына зор үлес қосқан ардақты дәрігердің өнегелі өмір жолы мен ғылыми-тәжірибелік мұрасын дәріптеу, медицина ардагерлерінің еңбегіне тағзым ету және жас хирургтердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шеберлік сағатында А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының жетекші мамандарының қатысуымен асқазанның қатерлі ісігі диагнозы қойылған екі науқасқа хирургиялық ота жасалды.

Оталардың біріншісі ашық әдіспен асқазан резекциясы арқылы орындалды. Бұл – асқазанның қатерлі ісік орналасқан бөлігін хирургиялық жолмен алып тастауға бағытталған күрделі операция. Ота барысында зақымданған тіндерді алып тастап, аурудың таралу ерекшеліктерін ескере отырып, хирургиялық емдеудің тиісті кезеңдері жүзеге асырылады. Асқазанның қатерлі ісігі кезінде мұндай операцияның көлемі мен тәсілі науқастың жағдайына, ісіктің орналасуына және аурудың сатысына қарай анықталады.

Айта кетерлігі, асқазанға ашық әдіспен жасалатын мұндай ота биыл өңірде алғаш рет орындалды. Бұл облыстық хирургия саласының тәжірибесін кеңейтіп, күрделі онкологиялық ауруларды хирургиялық жолмен емдеу мүмкіндіктерін арттырудағы маңызды қадам болды.

Екінші науқасқа лапароскопиялық әдіспен асқазан резекциясы жасалды. Бұл – заманауи аз инвазивті хирургиялық тәсілдердің бірі. Операция кезінде құрсақ қуысына бірнеше шағын тілік арқылы арнайы құралдар мен бейнекамера енгізіліп, хирургиялық әрекеттер экрандағы кескіннің көмегімен орындалады.

Лапароскопиялық әдістің басты ерекшелігі – операциялық жарақат көлемінің аз болуы. Науқастың жағдайы мен медициналық көрсетілімдеріне байланысты бұл тәсіл операциядан кейінгі ауырсынуды азайтуға, қалпына келу кезеңін жеңілдетуге және ауруханада жату мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Асқазанның қатерлі ісігі кезінде лапароскопиялық резекцияны орындау хирургиялық топтан жоғары кәсіби шеберлікті, дәлдікті және заманауи технологияларды меңгеруді талап етеді.

Шеберлік сағаты сондай-ақ көпбейінді облыстық аурухананың симуляциялық орталығында тікелей онлайн-трансляция арқылы көрсетілді. Оған аудандардан келген хирург дәрігерлер қатысып, күрделі оталардың орындалу барысын бақылауға мүмкіндік алды.

Мұндай тәжірибелік іс-шаралар дәрігерлер арасында кәсіби тәжірибе алмасуға, хирургиялық емдеудің заманауи әдістерін меңгеруге және өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: