Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бекбалаевты білеміз бе?

14.02.2022, 11:50 807

HALYQLINE.KZ

 

Сонау ғасырда өмір сүрген бабаларымыздан бері атақонысымыз Жанқожа батырдың есімін иеленген (бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз) ауылымыздағы №94 мектептің жоғары сыныбында оқып жүрген кезіміз. Бір күні мектепте жоғары сынып оқушылары арасында «Мамандығыңды дұрыс таңдай біл!» тақырыбында жиын өткізілді. Жиын аясында мектеп әкімшілігі арнайы жалдаған үлкен автобуспен сынып жетекшіміздің бастауымен жолға шықтық. 

Алдымен Қазалы қаласындағы СПТУ аталатын училишеге ат басын тіредік. Еңселі білім ордасындағы оқу корпусы, жатақхана, тағы басқа ғимараттарды аралап, үлкен әсерге бөлендік. Училишенің асханасында дайындалған түскі астың дәмі көпке дейін таңдайымыздан кетпей қойды.

Мұнан соң Жаңа Қазалы поселкесіндегі (қазіргі Әйтеке би кенті) ГПТУ яғни, теміржол саласы мамандарын даярлайтын училищеге барғанбыз. Ондағы спорт зал, түрлі шаралар өтетін мәжіліс залы, біркелкі формада киінген курсанттар ауылда өскен бізге ертегі кейіпкерлеріндей көрінді.

Келесі кезекте депоның мәжіліс залында теміржол саласындағы еңбек озаттарымен кездестік. Үстіне қызыл мата жабылған төрдегі столға ұжым мақтаныштары қаз-қатар жайғасыпты. Кездесу барысында кеудесінде орден-медальдары жарқыраған, ақсары өңді бір ағамызға сөз берілді. Әлгі кісі орнынан көтерілгенде костюмінің өңіріне қаз-қатар қадалған наградалары күн нұрымен жарқырап, сыңғыр-сыңғыр ете қалды. Жаңа ғана гуілдесіп отырған балалар сілтідей тынды. Жанымдағы парталас досым «Мәссаған! Қандай керемет!» дейді сыбырлап. Тентектеу мінезді досымның екі көзі отша жанып, ағамыздың аузынан шыққан әр сөзді қалт жібермей тыңдап отыр. Ал сөз алған кісі әр сөйлемін балғамен соққандай нық әрі ұғынықты жеткізеді екен. Сөйлеу мәнерінен пісентті, сабырлы адам екендігі аңғарылады. Ағамыз сөзін аяқтағанда бәріміз дуылдата қол соғып, қошемет білдірдік.

Мына қызыққа қараңыз, менің жаңағы парталасым мектептен соң теміржол мамандарын даярлайтын сол училищеге құжат тапсырды. Бүгінге дейін сол салада абыройлы жұмыс істеп жүр. «Жақсыдан шерепет» деп текке айтылмаса керек.

Ал сол кезде араға қаншама жылдар салып, сонау мектеп қабырғасында жүргенде депода біздің сыныптың оқушыларымен жүздескен Сұлтанжан Бекбалаев ағамыз (баяғы жиында сөз сөйлеген адамның аты-жөні Сұлтанжан Бекбалаев екенін кейін білдім) туралы мақала жазамын деп кім ойлады дейсіз?!

Бұл мақаланың жазылуы аяқ астынан болды. Сұлтанжан Қасымұлының Байқоңыр қаласында тұратын ортаншы ұлы Қайрат досымның құжаттары сақталған жеке архивіндегі әкесінің ордендерін тағып түскен суреті көзіме оттай басылды.

Жадыма сонау қиырда қалған оқушы күндерім, бозбала шағым оралды. Кәсіби дағдымен Қайратқа Сұлтанжан аға туралы мақала жазуға өтініш жасап, әкемізге қатысты құжаттарды жеткізіп беруді сұрадым. Азаматқа тән, ер мінезді Қайрат іркілген жоқ. Тетелес бауыры Қанапия інімізге қоңырау шалып, көкесіне қатысты құжаттарды маған жеткізуді тапсырды. Іздеген қағаздар қолыма тиісімен жазуға кірістім.

Сонымен… Сұлтанжан Бекбалаев киелі Ақирек ауылында дүние есігін ашты. Бұл қазақ халқының тарихында өшпестей із қалдырған, қаншама жанды қынадай қырған ашаршылық жылдарына тұспа-тұс келген, аса ауыр кезең еді. Бар адамның мақсат-мүддесі қалайда ажал тырнағынан аман қалу, аштан өлмеу болған сол бір зобалаң кім-кімнің де отбасына оңайға соқпағаны әмбеге аян.

Сұлтанжан жеті жасқа толғанда бұлардың отбасы алдымен Бекбауылға, кейін Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында Қазалыға қоныс аударады. Жарты әлемге әмірін жүргізген Совет өкіметін шырғалаңға салған соғыс уақытындағы қиындық ойын жасындағы балаларды да айналып өтпеді. Сұлтанжан Қасымұлы да өзге құрдастарындай қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып еңбекке ерте араласты. Небары 13-14 жасында Қазалы паравоз жөндеу депосына жөндеуші мамандығымен жұмысқа тұрды.

Дәл осы сәттен бастап депо Сұлтанжанның екінші үйі, туған ортасына айналды. Олай демегенде ше?! Сәкең темірдей тәртіпті талап ететін депода азамат ретінде қалыптасты, өмірлік жары Күләй Әбіловамен шаңырақ көтерді, анамыздың бауыры құтты болып екеуі 9 перзент сүйді, ұжымдастары арасында сыйлы атанып, бірнеше орден-медаль, талай мәрте ақшалай сыйлықтар, мақтау-марапаттар иеленді. Ағамыз еңбек жолын бастаған автоматты тежегіш цехында үзіліссіз табаны күректей 46 жыл жұмыс істеді. Қатардағы слесарьдан бригадир, цех мастері қызметін атқарып, абыроймен еңбек демалысына шықты.

Айтуға оңай! Осы аралықта Сұлтанжан Қасымұлының телегей маңдай тері төгіліп, қаншама күш-жігері жұмсалды. Әрине, өмір болған соң кейде азды-көпті кедергілер кездесетіні де түсінікті. Осындай сәтте Сәкеңнің сабырлы мінезі, қарапайым дағдысы, кәсіби біліктілігі, ағайын-туысқа, ұжымдастарына деген сыйластығы көп мәселенің оңтайлы шешілуіне әсерін тигізді. Халқымыздың «ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөзі бар. Күләй анамыз шын мәнісінде Сәкеңнің іргелі әулетінің түтіні түзу ұшуын өмірлік мақсаты санады. Қазақтың көптеген қарапайым әйелдеріндей бар ғұмырын жары мен перзенттеріне, отбасына арнаған асыл ана осы ұстанымынан ешқашан айныған емес.

Сұлтанжан аға мен Күләй анамыздың дүниеден озғанына да біршама жылдың жүзі болды. Десе де, аяулы азаматтың соңында ормандай ұйысқан ұрпағы, өмірінің жалғасындай немере-шөберелері, қабырғалы елі-жұрты қалды. «Жақсының аты өшпейді» деген осы да.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: