HALYQLINE.KZ Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ұзақбаев Ерлан Амантайұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Конференция барысында БАҚ өкілдеріне Қызылорда қаласы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық ахуал және екпе алу барысы туралы ақпарат берілді.
2021 жылы Қызылорда қаласында COVID-19 аурушаңдығы диагнозымен 9985 оқиға тіркелген. Ал, ағымдағы жылы еліміз бойынша эпидемиологиялық ахуал нашарлап, 1-18 қаңтар аралығында қаламызда коронавирустық инфекцияның 1534 жағдайы анықталған.
Қызылорда қаласында 2021 жылдың ақпан айынан бастап COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинация жұмыстары басталып, 1-ші компонентпен 182 761 (90,6%) адам, 2-ші компонентпен 175 364 (87,0%) адам егілген.
Сонымен қатар, 2021 жылғы 15 қарашадан бастап 12-18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерді, босанғаннан кейінгі 42 күннен бастап 2 жасқа дейінгі лактация кезеңіндегі әйелдерді КВИ-на қарсы «Комирнати» («Pfizer»компаниясы) вакцинасымен егу басталды. Бүгінгі күнге дейін аталған вакцинаның 1 компонентімен 7 399 жасөспірім бала, 712 жүкті әйел, 656 лактация кезеңіндегі әйел «Комирнати» вакцинасын алды. 2 компонентімен 4325 жасөспірім бала, 479 жүкті әйелдер, 351 лактация кезеңіндегі әйелдер қамтылды.
Ал, ревакцинациялау жұмыстары 2021 жылдың 22 қарашасынан басталып, қайта егілуге тиісті 175 364 адамның 17 799 коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның 3 дозасын қабылдады. Егілгендер арасында екпеден кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. ҚР БМСД 13 қаңтар 2022 жылғы №2 қаулысына сәйкес «Комирнати» («Pfizer»компаниясы) вакцинасын медицина қызметкерлеріне, 60 және одан жоғары жастағы адамдарға КВИ-ге қарсы ревакциялау жүргізуге мүмкіндік жасалды.
– Қаламызда жаңадан анықталған коронавирустық инфекциясының «Омикрон» штамы тіркелген жоқ. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына және аурушаңдықтың өсуіне жол бермеу үшін барлығымыз бірдей атсалысуымыз қажет. КВИ анықталған және жіті респираторлық инфекция симптомдары бар науқастар үй карантин талаптарын сақтап, оқшауланып, адамдармен қарым қатынасты шектеуі тиіс. вакцинаның толық курсын қабылдап, 6 айдан кейін ревакцинация алып, иммунитетімізді көтерсек ауруды жеңіп шығуымыз сөзсіз, – деп сөзін қорытындылады қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Е.Ұзақбаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!