Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жуков жендетті жер қылған болатын

13.01.2022, 9:00 542

HALYQLINE.KZ

1951 жыл сол кездегі Свердловскіде (қазіргі Екатеринбург) советтік идеологияға сәйкес келмейтін оқыс оқиға болды. Салтаннаты жиналыстан кейін «Жеңіс маршалы» атанған Г.К.Жуков пен екінші Николай патшаны атып өлтірген Петр Ермаков кездесіп қалды. Халық үшін екеуі де, аты аңызға айналған тірі батырлар еді.

Жуков Григорий Константинұлы (1896-1974)

1945 жылы соғыс аяқталысымен Германиядағы совет әскерлерінің бас қолбасшысы, сосын Совет Армиясының жаяу әскерлерінің бас қолбасшысы болды. 1946 жылы Жуковқа «соғыс олжасын аса ірі көлемде иемдеп алды» деген айыппен Одесса әскери округін басқаруға жібереді, сол жақта ушығып тұрған бандитизмді қысқа мерзімде жойып даңққа бөленгенін көре алмай, 1948 жылы Урал әскери округін басқаруға жібереді, осылайша округ орталығы Свердловскіде тұрады. Совет Одағының Маршалы, 4 мәрте Совет Одағының батыры, екі мәрте Жеңіс орденінің иегері. Сталин, Хрущев, Брежнев одан қорқып оқшаулап, өздерінен қашық ұстағанмен халық өзінің сүйікті батырын «Жеңіс маршалы» деп атап кетті.

Ермаков Петр (1884-1952)

РСДРП қатарына революцияға дейін өткендіктен «қарт большевиктер» қатарынан орын алған. 1918 жылы мамырда Екатеринбург қаласының әскери комиссары болып тағайындалады. 1918 жылы 16 шілдеде ақгвардияшылыр Екатеринбург қаласына қауіп төндіргенде, үкімет басшысы В.И.Ленин және өкімет басшысы Я.М.Свердловтан қамаудағы патшаны отбасымен атуға құпия бұйрықты телеграфпен алады. Қасына 20 қызыләскерді алып, Ипатьев үйінің подвалында патшаны әйелі, ұл-қыздары, бүкіл қызметшілерімен қоса атып тастайды. Екінші Николайдың жеке дәрігері, көрнекті ғалым, сары ауруды ашқан Боткин еді, большевиктер Боткинді қайдан білсін. Атуға қатысқан Александр Стрекотин былай деп естелік жазып кеткен: «Біз атқанмен олар ауыр жарақат алып қиналып жатқанда жолдас Ермаков штыкпен түйреп өлтіріңдер деді, мен бас тартқан соң, қолымнан винтовканы жұлып алып, штыкті сұғып өлтіре бастады, ерекше құшырланып өлтіргені соншалық, патшаның әйелінің кеудесіне штыкты қайта-қайта қадап жатқанда, пышақ ұшы еденге қадалып жатқаны естіліп тұрды».

Азамат соғысынан кейін, НКВД-да қызмет істеп, 1934 жылы зейнеткерлікке шыққан. Осындай «даңқты жолдан» өткен қарт большевик Свердловскіде № 1 адам болды, оны үнемі патриоттық мәні бар іс-шараларға және салтанатты кештерге шақырып тұрды.

Кездесу

Осындай кештердің бірінде 1951 жылы Жуков пен Ермаков кездесіп қалды. Ермаков Жуковтың қасына жетіп барып: «Не деген тарихи кездесу, мен халықты қанаған патшаны атып өлтірсем, Сіз халықты Ұлы жеңіске жеткіздіңіз, Ұрпақтар куә болсын осы кездесуге» деп құшағын ашып, қолын ұсына бергенде, Жуков жиналған халыққа қарап: «Мен жендетке қолымды бермеймін!» деп бұрылып кетеді.

Келесі 1952 жылы жендет Ермаков жаман аурудан қайтыс болады.Үлкен құрметпен жерленіп, Свердловскідегі ең үлкен көшеге есімі беріледі. СССР тарап кеткесін Ермаков көшесіне бұрынғы атауы Ключевская қайтарылды.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарихшы, журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: